1
Жұлдыздар тұр суық күліп,
Жылт-жылт еткен жанарымен.
Дүние тұр бұйықтырып
Қарауытқан қабағымен.
Жас жапырақ қалады үркіп
Селт еткен бір денесінен.
Түн кеудесі алабұртып
Болып тұр өз елесімен.
Қимыл кірді бар алапқа,
Көз үйренді әрең бұған.
Қөлеңкелер – қара қатпа
Жүгіреді қараң-құраң.
Содан кейін... тынды тағы –
Көлеңкелер қалды қатып.
Қозғай алмай бір бұтаны
Әлсіз самал алды жатып.
Тек сол қайың изеп басын,
Түсінді бұл түн сырына –
Сезіп еркін жырлатпасын
Төзді бір сәт тұншығуға.
Тағы тыныш, тағы айнала
Өз азабын тартады үдеп.
Шығыстағы арай ғана
Бір үмітке артады иек.
Дәл осы сәт жырланады,
Жырлаған жан ұтады да...
Қызылқайың бір қарады
Ауырлаған бұтағына...
2
Кім жеңеді түнді мына? –
Жалғыз ғана күн жеңеді
Тынды бұта сыбдыры да,
Қызылқайың үндемеді.
Түн не деген сыйқыр еді!
Кетті кенет жел де ыңырсып.
Оқ ысқырып, ит үреді...
Бала жылап, кемпір ұрсып...
Азан-қазан болды маңай,
Керіскендер... сұрағандар...
Екі ішекті домбырадай
Арба жолда жүр адамдар.
Іздейді олар «қылмыстыны»,
Күйші отырды күй ығында.
Ұлылықтың бір мысқылы
Қалып қойды миығында.
Таппады олар, «қара басты»
Тінтсе де түнді кілең,
Кісен даусы араласты
Жапырақтың сыбдырымен.
Сансыз бұта, сан жапырақ
Арқалады түн шыдамын.
Күйді қорғап қалды атырап,
Күй қорғады күйші бағын.
«Қызылқайың» көлеңкесі
Жанға самал кұйып қойды...
Күрекеңнің сол еңсесі
Бірте-бірте биіктейді...
1963