Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,
бір үн болды керемет – болайын деп болды ма:
ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма
түрме, бұғау, қудалау, Дала және домбыра
Қыңыр болмас еді ол – түзу болса тағдыры,
жұмыр болмас еді ол – ғұмыр бойы қаңғыды.
Үміт ішті кеседен – бар керегі түзде еді,
Түңілейін десе де – әлденені іздеді.
Ұқты ма оны көп адам –тапты бәрін жаңадан.
түрме, бұғау, қудалау, домбыра мен даладан.
Іздеді ол түздегі бал-арадай азайып,
гүлден бірақ бал емес, тұз жинады ғажайып;
әйтеуір бір асқарда – бұлақ барын түсінді,
Әйтеуір бір бастарда – құлақ барын түсінді.
Төзім етсе – бұлақтан бір қануға болар деп,
Өзі кетсе – құлақта үн қалуға болар деп.
Ел тірлігін ойласа – ер тірлігін ойлады,
ер тірлігін ойласа – еркіндігін ойлады.
Сондықтан да үзілмей шертілді күй ұдай бір,
дүбірі мен жүйріктің, сыңғырындай бұғаудың.
1967