Екі ішек: бірі бостау, қатты бірі,
бес саусақ беретіндей ат дүбірін.
Қүйшінің қатты ішекте қайраты өсіп,
екінші бостау ішекте ақты мұңы.
Секілді қорғасын-сел балқып ағып,
асығып, арна салып аңқыды анық...
Түтіліп түбірінен кеткен бұта,
толқынға батып-шығып малтығады.
Көк ала дүрмек болып ағады ағыс,
шаңқылдап шықты биік шағала-құс.
Ең соңғы жармасқаның жұлынғандай
қарайсың жанталаса жағаға алыс.
Бұралып бар толқынды қолтыққа атып;
мың сұлу бір қызықтан елтіп татып,
бәрі де суға кетіп баратқандай
мың жібек орамалды желпіп батып...
Бейне бір төңкерілген өлі қайық
жағада жартас қана қоңырайып.
Әйтеуір ала-тарғыл бұл көріністі
ұқпайсың не шаттанып, не мұңайып.
Азулы үн аңдағанның қаусатты ішін,
шаншып кеп сезді жүрек саусақ күшін;
кірсе егер құлағыңа,
күй әлемін
не жек көр, не бір затты аңсап түсін...
1967