1. «Уағалайкүмәссалам»

Сол ауылда Әшім деген бір шал бар,
Қол тигенде барып-кетіп тұрсаңдар.
Ұялмаңдар – өзі алдыңнан шығады,
Бірақ оның естімейді құлағы.
Келген қонақ кәрі ме әлде жас па оған
Бәрібір, тек: «уағалайкүмәссалам».
«Ассалау-ма-ағалайкүм» демей-ақ,
Өзі айтады: «уағалайкүмәссалам».
«Шаруа қалай, ата?»– десең,
Мәссаған
Тұрад күліп: «уағалайкүмәссалам!»
«Уағалайкүмәссалам» деп тұрғаны
Кейде өзінің келіні боп шығады.
Пейілді адам, пейілді адам ол аса,
Әсіресе, қуанғаны тамаша!
Күнге қырық қуанғаны не керек,
Биыл өзі жүдеп қапты керемет.
Егер ажал келсе қартқа «көрініп»,
«Уағалайкүмәссалам!» деп өлер ед.

2. Құм

Ызылдайды қу қияқты қабығы,
Ысылдайды құмның тентек ағыны,
Құлағымда тұрды желдің тағы үні,
Желпілдейді біздің үйдің жабығы.

Айналаны жүрді кезіп ызың-үн,
Айдаланың жел жырлай ма қызығын.
Көміліпті қосаяқтың көп ізі,
Тот басыпты кәрі әжемнің жүзігін.

Әлі…әлі бұл өлкеде сараң күн,
Ел де сирек – шөңгесіндей табанның.
Ақселеулер, ақселеулер маған бұл
Ақсақалы секілденді бабамның.

Ақ сақалдар... көз жасының аты – шық,
Шөгіпті қыр қасарысып, жатысып.
Шырмауықтар құмның бетін жатты ысып
Кәрі әжемнің шаштарындай шатысып.

3. Шағыл

Жалқау құмдар жатып апты іркілдеп,
Әрі аяныш… тұрдым әрі күлкім кеп.
Тамшы суды талмап әрең жұтардай
Кер төбенің көмекейі бүлкілдеп.
Біздің елдің көк картасын жолақ қып
Жатты талай жалқаулық пен олақтық.
Талай ізді осы құмда жоғалттық,
Талай жылды осы құмға тонаттық.
О, жалқау құм!... Жыр жазар ем не түрлі:
Махамбет пен Абай аға секілді.
Болмай жатыр. Көрсетуге ұялам
Өлең жазып алып жүрген «екімді»...
Өз мінімді өзіме айтып мен тұрмын,
Ойлар шулап – құлағымды толтырды үн.
Жел «үп» етсе кемсең-кемсең етеді
Қып-қызыл құм – иегіндей кемпірдің.

1963