Айта алады бұл өнерге қой деп кім –
Сырлы сурет, сиқыр сезім, ой анық.
Көне тілмен күмбір-күмбір сөйлеп тұр
Тасқа жаққан әрбір бояу оянып.
Тас байлауы – байлауындай жұмбақтың,
Шеше алмайтын секілді ме оны ешкім?
Үнсіз жырды қалдым мен де тыңдап бір,
Бірақ... түк те түсіне алар емеспін.
Ұлылық деп осыны айтса – көнем де,
Сұлулық деп осыны айтса – сыятын.
Қарап тұрып жеті ғасыр төменге,
Сүйсінуге ғана жетті қуатым.
Осы болар биіктік деп жүргені,
Бұдан артық биіктікке шыдар кім.
Таңдантып ед Байрон жазған жыр мені,
Содан соңғы таңдануым шығар бұл.
Мұндай өнер күтіп пе екем мен тегі,
Шын құдірет жығылмайтын секілді.
Әрбір тасы – ғажайып бір ертегі,
Бірақ саған да ұғылмайтын секілді.
Сол шеберің... барлық адам көрсін деп
Құдіретін құпиямен бекітті?
Жұмбақ болса – түгел жұмбақ болсын деп
Өз атын да жұмбақ қылып кетіпті.

1965