Бір сөйлеп ем махаббаттың тілінде,
бүрсеңдеп ем Қара ағаштың түбінде.
Бүгін көрсем – жалаңаш сол Қара ағаш,
Қара ағаштай менің жаным жалаңаш.

Сағыныш пен қалды өкініш аралас,
Енді маған қара ағаш та арам ас.
Жалаңаш түн, Қара ағаштар хақында
жазу қалды қырық асқан ақынға.

Қара ағаштар қайғысы ма, қара бас
кетті ағарып.
Жалған айту жарамас.
Ал, Қара ағаш... судырайтын желге әлгі
жапырағы жоқ, құп-қу бұта – сол қалды.

Тіл мен таңдай ей, тақылда, тақылда,
қыз хақында жыр қиыстыр – мақұл ма?
Әрнеден бір тәсі қайтып бүгінде
тоңған жүрек, жапырақтай дірілде!

Еріккен сөз, етегімнен ермеші,
елім-тағдыр, енді бейнет бермеші!
Уақыт желі, жүрегімді тербеші,
Қара ағаш боп қартаяйын жерде осы!

1978