Календарь аударды бір бетін,
Сонымен бірге өшті көне жыр.
Өлімді жек көрсе кімде-кім,
Сол өмір!
Көңілден, дүние, көңілден,
Оттарың, өзіміз маздаған...
Не рахат көрсем де өмірден,
Бәрі де аз маған!
Сол күндер әлемге көп белгі тастады,
Әлсіздік жаутаңдап күштіге.
Мұңая төніпті Европа аспаны
Әкемнің өлігі үстіне.
Көмейде кетті өліп есіл үн,
Бәріне бір түйір қорғасын кесті құн.
Мен кейін сол әке есімін
Шешемнен естідім.
О, тағдыр, күн бе еді сол-дағы!
Бір тал шаш үстінде тұрды ғой бар үміт.
Тағы да сөйлер ем… болмады
Алқымым барады тарылып…
1963