Жатыр дала аяқталмай, басталмай,
Ұлылығы – Данте жазған дастандай.
Жылығы – кәрі ананы аяудай,
Сұлулығы – Репин жаққан бояудай.
Аспан биік – Әсет айтқан ән сын-ды,
тастар – киік, үрке-үрке таусылды.
Бір шоқыға шығып алып шырқасаң,
бүкіл дүние еститіндей даусыңды.
Жасыл таулар, ойдым-ойдым қайыңдар,
бір суреттен бір суретті дайындар.
Бала-бұта, иықты қыр, киік-тас,
мен сендерді қия алмайтын жайым бар.
Жүрген жақсы машинамен желдіріп,
жақсы одан да тұрып қарау телміріп –
түседі еске өткен ойшы, жыршылар:
«Ерейменге бүркіт ұстап бір шығар»...
Ерейментау!
                 Неғып тұрсың мақтанбай?!
Кейде аспаның оңып кеткен мақпалдай.
Дөңдер желіп, жапырақтар жаутаңдап,
бәрі маған еріп келе жатқандай –
көңілде бір дала құсап басталды ой.
дала деген  – Данте жазар дастан ғой.                                                                                                                                         Сұлулығы – Репин жаққан бояу ғой,
жылылығы – сүю және аяу ғой...

1965