Дымқыл жапырақ майыстырып талды иіп,
Жасыл бұта бір-бірінен сәл биік,
Бөбектері секілді бұл көктемнің,
Көктем, көктем... тал бойына қалды ұйып.
Көктем әкеп гүл букетін салды үйіп,
Қақсып қалған тамырларға қан құйып.
Байғұс ара шырын іздеп шарқ ұрды,
Тіршіліктің таңдайы үшін бал жиып.
Ду-ду етіп гүлден-гүлге көшеді,
Тәттілерге ауыз неткен өш еді –
Өздері жеп бітірер ед жиғанын,
бал екенін білмей жүр ғой деседі.
Оу, аралар, неткен ғана өжетсің!!
Өз нәпсіңді жүрсің бе әлде тежеп шын?
Өмір бойы араға ұқсап бал жинап,
Өзің оны сезбегенге не жетсін!

1963