Дина алғаш сахнаға 
                    шыққанда 76 жаста еді.
                                        «Ғасырлар пернесі»

Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,
ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.
Үй өрепкіп өрттей боп жанды жағып жатты-ау бір,
бетке шарпып қан ойнап – әсеріндей мақтаудың, –
Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып,
Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы.
Жетпіс алты дәурен-ай, жетпіс алты жыл өткен,
Жетпіс алты қасірет – жетпіс алты жүрекпен,
бастан өтіп бар қызық еңкеюге қалғанда,
толы ыдысын ғұмырдың төңкеруге қалғанда,
Өр тынысын өнердің «құдай» күндеп тұрғанда,
енді аттаса аяғым – құлаймын деп тұрғанда,
Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да,
кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама,
бапты алмаса пернеңді – жаңылардай екен ғой –
ақтармаса шерді енді – жарылардай екен ғой –
таң боп күйші қарады мына залға – тың жұртқа,
көрген түсі ертеде айналғандай шындыққа.
Шымшып іліп сезімді, жүрегіңді түртіп жеп,
әр саусақтың астынан үн оянды бүлкілдеп.
Бейлі толған өмірді бір түлетті-ау, жарықтық,
кей жұқарған көңілді жыртып өтті-ау, жарықтық!
Түрленгені көп үннің – көк гауһардан кетті аумай,
төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай,
жарқындығы – күлкідей,
момындығы – тереңдей;
ауырлығы – жаладай,
сұлулығы – өлеңдей...

1967