Шашбауы бар теңгелі,
Сұлулығы емес ол.
Жасық дейді, жеңгенің
құртын ұрлап жемесең.

Үлгі болса-ау өңге бір,
тағы мені жүр сынап:
жұрт көзінше жеңгені
ұялтпап ем шымшылап.

Тыңдамадым мен оны,
Сыйламадым сөзін шын.
Ұялғаны әдемі,
Ұялтпаймын сол үшін.

Жылылықтың адамға
Жарасарын ұққалы.
Әдемірек одан да
бие сауа шыққаны.

Жасырақ бол, кәрі бол,
Қымсынады ол – болғаны.
Әдемі ғой бәрінен
қызарғаны сондағы:

Жұрт дегенің бір керім,
Келін деп ап «бұзықтар»,
ерсі көріп күлгенін,
ұялғанын қызықтар...

Мұндай жеңге аз өте,
Жоқ дер едім – анық дау.
Қой өсірген Қазекең
қыз өсіре де алыпты-ау.

Жеңгем – біреу,
айнымас,
қалса да күй теңелмей.
Теңелмейтін қайны да
біреу болса деген ғой...

1967