Реквием

Мынау қаза тұр шығып,
Түсінерміз кеш қалып:
Ұмытармыз күрсініп,
Күрсінерміз еске алып.

Туған ғой ол бүгінгі
Ой, мұңыңмен іш тіреп,
Және осалдығыңды
қорғау үшін күшті боп.

Туған ғой ол, беліңді
бір көтеріп берем деп.
Сенің тайыз жеріңді
толтыруға терең боп.

Туды ғой ол – жығылды,
көп жығылу бірі деп.
Сенің ұсақтығыңды
көрді-дағы ірі боп.

Өлді ғой ол, ұғымды
ауыр баспен тас тіреп:
Сенің жамандығыңды
Жасырды да жақсы боп.

Неткен қаза; тіршілік
көгере ме еш халық.
Ұмытса тек күрсініп,
күрсінсе тек еске алып.

Тағы да ойлап жақсылық,
Жамандыққа таң қалып,
Жылқы иіріп, ат мініп
Қартаямыз аң қағып.

Керек еді бір ұту
есемізді тағдырдан.
Жоқтау, тағы ұмыту,
бізді ұятқа қалдырған.

Өлді ғой ол! Адамдар
Маңдайыңды соқ қанша,
Салық өлді!
Не болды ал
бір жыладық көп болса?!

1 Салық Бабажанов – Дәулеткерейдщ бөлесі – орысша мол білім алған, патша үкіметінің ұлттық саясатына қарсы келген адам... Күй соның өліміне арналған.


1967