Місе тұтпай гүлдің исін және олар:
Көбелектер,
адамдар мен аралар
талап жатыр –
қарақшыға бара-бар.

Құрсын бүйтіп сұлулықты сүйгені:
Райхан гүлді тамағынан кептіріп,
Роза гүлді сабағынан кептіріп,
бір сұлуға қыр көрсете жөткіріп,
бір сұлуға жағынғалы кеп тұрып,
пәлсафа айтып жантаяды жігіттер:
«гүл өсірдік жұлу үшін» деп күліп..

Ал, қыздар ше?
Алған сайын гүлді олар
әп-әсем боп күлгені үшін бұлданар,
Жанарлары бұлдырап,
Шаттықтарын жасырып;
Мастана ма, қуана ма гүл бірақ
Әлдекімнің кеудесіне бас ұрып,
Әлдекімге көз-қуаныш болғанға?
Мұны ешкім де ойламайды жалғанда.
Сұлулықты сүйеміз біз: тілесек
гүлді жұлып сата аламыз біресе,
таптап, аунап жата аламыз біресе –
табиғатқа беруші еді кім есеп?!
Жат түсінік:
гүл мен шөпке не түрлі
шабуыл да, шашпалық та бар мұнда –
Қылмыс үшін жауап берген секілді
жауаптымыз келер күннің алдында.
Ал, табиғат қайрат жұмсап біз үшін
Әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп
газ бен удан тұр қорғап –
жазу керек соған барлық жырды арнап.

1980