Бояуы бір ақша бұлт пен ақ қардың,
Көк аспан мен шалқар көлдің түсі бір.
Сен де өзіңше талай ойды ақтардың –
Мықты болсаң дәл осыны түсіндір.
Ақ көбелек айналады ақ гүлден,
Көк көбелек қызыл гүлге қонар ма.
Гүл шырынын «татырмайды жат тілге» –
Өзге түстен сақтанады олар да.
Туыстық бар көлеңке мен қойнауда,
Асқақ шың мен алтын шапақ сықылды.
Қоңыр бояу – жаралғандай ойлауға,
күннің күлуге жаралғаны сықылды.
Ақ, қара, көк, қызыл, қоңыр – әр алуан,
Әр қайсысы өз мінезін баяндар.
Осыншама көп бояуды көре алған
Екі көзде бәрінен көп бояу бар.

1965