Айлар, айлар барады өтіп сан айлар,
Ағарады сақалдар мен самайлар.
Адам шіркін қартаюды санайды ар,
Айлар, айлар, барады өтіп сан айлар.
Қартсың десе қамығады көп ойлар,
Қартсың десе қалғиды орман-тоғайлар.
Айлар, айлар, алға барсаң санай бар,
Ағарды екен қанша сақал-самайлар.
Айлар, айлар, өте берші, өте бер,
Айлар жүгін күндер енді көтерер.
Бұл әлемде сөнбей тұрса от егер,
Менің-дағы қарыздарым өтелер...
Айлар, айлар... көрдім жүзін сан айдың,
Айлар өтсін санамаймын... Санаймын!
Ай өткенін мен туғалы талай бір
Самайына қарап білдім ағайдың...
1963