(Фантастика)

Көңіл байғұс шын желіксе – не дауа,
Медеу жақта жетед десті жел-ауа.
Желіккенге сылтау да көп,
негіз көп,
ешкі құсап жел іздеп,
таза ауа іздеп Алатаудың баурынан,
шықты жігіт Шымкенттегі аулынан.

Медеу-сайда тастар үркіп дүрлігіп,
тап-таза ауа дауыл болып тұрды ұрып –
жұтты ауаны азаматың әлгі асыл,
өзі таза, өзі тегін болғасын.
Ей, ақырын, ақырын,
жалмауыздық жараспайды – жат ырым:
жұта-жұта...
Кетеді ауып желге есі,
сөйтіп ауа шарына
кетті айналып кеудесі.
Төменде – тау,
төбесінде – тұйық көк,
шар барады бірте-бірте биіктеп.

Қатал тартты көк мінезі, жел өңі –
шардың елге оралғысы келеді.
Әуре болып еді біраз ұша алмай,
әуре білем енді жерге түсе алмай.
Жел де ауырлап:
түс, түс дейді, күштейді,
ал шар байғұс жарылмаса – түспейді.

1983