Алдыра бермеді ғой биік маған,
Сондықтан да кезім аз ұйықтаған.
Әр жинағым арқылы – оқушы емес,
дос пен қасты өз басым үйіп табам.
Алдыра бермейді екен биік маған,
Қас мерейі – түндерім ұйықтаған.
Күшті жауым кезде бір иықтаған,
Әлсіз достың болғаны күйік маған,
Күшті жазсам – кей қасым тұйықталар.
Әлсіз жазсам кей досым сүйіп қалар.
Жақсы жазып ұнаймын біреуіне,
Жаман жазып ұнаймын біреуіне,
Осы екеудің біріне жол табамын,
адасқанда оқушы жүрегінен.
Көзге оғаш, әйтеуір жүрем бітпей,
ақ матаны қайыған күрең жіптей.
Оқушы жоқ өзімде,
Дос пен қас бар,
Сол екеуін келемін «іренжітпей».
1967