бірақ жетім атанған жан емеспін:
Өзім тұстас көп баламен тең өстім,
Жетімсің деп кеміткен жоқ мені ешкім.
Бір әке емес,
Кетті әкелер майданға!
Қара талқан шылап жеп ап айранға,
Жау көзімен қараушы едік «байларға» –
баласына басқарманың шолақ қол;
Саз балшық не, бригадирдің ұлы не,
О кезде «Р»-ға келмеуші еді тілі де –
бір жылатып алушы едік күніне;
Әкелері болғаны үшін, сірә, олар
кінәлы еді;
ақ нанда да кінә бар.
Көйлектің көк, ағы бар,
Жорға мінер бағы бар,
тере берсең табылар
тағы, тағы, тағылар.
О, олардың кінәсы көп, көп, көп, көп,
Жабылатын едік кейде мектеп боп;
Әңгімеміз солар жайлы қоздап бар
Кекетуші ек: мырза, балпаң, боздақтар.
Жүруші едік қызарысып, шарпысып
Көздер жанса,
Көңілдерге қар түсіп.
Бірақ солар бізге қиып беретін
ат сауырын, ақ нандардың жартысын.
Оған ырза болған, әттең, біз бар ма –
Сылтау табар көңіл шіркін мұздарда:
«Түгенше ме? Қорқақ! Тартып алдық», – деп
Мақтанушы ек өзім деген қыздарға.
Балалық-ай!..
Балалық та емес ол,
алдануы – арзан еді демесең,
бастауы екен пендешілік пиғылдың,
итшілеген тіршіліктің немесе.
Пендешілік түсініктен, құдірет,
Көкіректің қыжылдаған күні көп:
«Менде неге болмайды», – деп қиналсақ біз
бір рет,
Күйіп-пістік «онда неге болады» деп мың рет!
Бір қарасам, он бір жасар қарт боппын,
арасында мені аяған көп қарттың –
Жақсылық па – аяп еткен жақсылық?!
Иә, достар, осы сауал, осы оймен,
Күл, кінәла, жайымыз бар есейген.
Содан шығар біздің ұрпақ қаталдау,
Қаталдығы: аянышты кездерде
аяуға да бата алмау.
Ал әлдекім бізді де аяп, болды ұққан –
Әлдекімге өшіктік біз сондықтан.
Ауызды ашсақ – сөздің не бір өткірі,
сондықтан да шықты ысқырып, бет тіліп.
Өскендіктен шығар, бәлкім, бұл мінез
аяу, қорлау – егіз ұғым деп біліп?
Жо-жоқ, достым!
Қорлау ғана емес бұл,
аяушылық – жақсылық та ең ескі.
Адамды аяп көмек жасау жолында
мен ештеңе аяп көрген емеспін!
Аяушылық – жүректің нақ өз үні,
ал аяуды – қорлау көрген қашанғы
адамдардың өзімшілдік сезімі.
Аяушылық – ұлы сезім!
Махаббаттай әлемге кең тараған,
Махаббаттай, туады ол да санадан;
есерлер де біледі аяп,
Және де
аямайды әлсіздерді ғана адам,
Халықты да аяп көргем мен жүдеп,
алыпты да аймалағам елжіреп.
Көрмейсің бе, дауыл жыққан еменді,
судыр қағып аймалап жүр жел-жібек?!
Аяушылық – ұлы сезім!
Бұл сезімге бүкіл адам, халық құл,
тек ол үшін жалғыз-ақ шарт қалып тұр:
мұқалуы керек ептеп мықтының,
жығылуы керек кейде алыптың!
Пендешілік!
Баяғы өмір,
баяғы ән –
түсінгенмен мойындамас жай адам.
Пушкиндердің өңменіне оқ таяған,
Лермонтовты өлтіріп ап аяған.
Аяу сондай бола ма ылғи?..
Бар үміт
Қурап-тозып, дүние түгел тарылып, –
Абайларды ажал жеңген сондықтан,
Толстойды сөйтіп жеңген кәрілік.
Аяушылық мезі қылған көп мені
Ұлыларға мысқалдан да жетпеді:
бір мысқалы Галилейге көп пе еді,
Пугачев пен Махамбетке көп пе еді!
Аяушылық көрдім талай адамнан:
біреу – көлік,
берді біреу маған нан.
Күн шуағын сезіп өстім төбемнен,
Құм жылуын – табаннан.
Шабыт беріп ақ тілеу мен ақ арман,
Қара өлеңнің өзі, міне, ағарған;
Кей күндері сезіп те едім сәл ызғар,
Өңменімде сол ызғардан әлі із бар.
Мыңның құшақ жая алғаны үшін де,
бірдің пышақ таянғаны үшін де –
мен – бәріне,
бәріне – мен қарыздар:
құрбылардан алған қарыздарымды
Өтеп келем інілерге дарынды.
Әкелерден алған қарызды өлеңмен
Мына жалғыз ұлыма өтеп келем мен.
Ұлым өсіп келеді, әне,
дүлей бір
кекті жесір қатпаса екен үрейлі үн!
Құдіретіне ұлы пиғыл, ұлы ойдың
тапсырамын ұлымды мен,
тілеймін:
Масылым деп аямасын ел оны,
асылым деп аяласын деп едім –
Осы менің бар өмірім, өлеңім.
1981