Кірісті іске бір мықты оқымысты.
Тағдыр салса – кім тартпас ауыр сынын –
Жұлды талдап тотының қауырсынын.
Мына қауырсын, деді ол, қызыл-жасыл
Мұндай болған көп сайрап бұзылғасын.
Бір-ақ түсті,
біркелкі көзқарасы,
табиғаттың байғыз тек өз баласы.
Болар еді тоты – үкі
ойлы, оңаша
Осыншама, бейшара, сайрамаса.
Түрлі бояу тұл-бойы тұнып тұрған,
базар құсап көзді құр құнықтырды, ал,
Сезімге одан не пайда;
тап осы жол
табиғат жомарттықтан былықтырған!
Мұнша бояу не керек құсқа жалғыз,
біз бұны надандықтан ұстағанбыз –
Осыны айтып,
Құлаштап, қары сыңғыр,
Көгін бөлек жұлып ап, сарысын бір,
Жасау жинап жатқандай қарындасқа –
сұрын басқа,
сорттады ағын басқа.
Бұл, әрине, талай жан ұққан қайғы:
Жұла берсе түктен де түк қалмайды.
Ал тоты ше?
Тоты жоқ!
Бір қарасақ:
ғалым отыр бір өңкей тырна жасап.
1983