Жапырақтың жас сыбдыры дуалы,
Құстың даусы,
Күн шуағы,
Су әні
әлсін-әлсін, әлсін-әлсін жуады.
Судай таза тірлігіме,
Әрі ізгі
бәрібір шаң қонатұғын тәрізді –
жумаса да болатұғын тәрізді.
Шаңырақ-аспан жапқанда бұлт-түндігін,
Шуақсыз да жүріп жатар тірлігім.
Сыңғыраған көк күмісін ақтармай,
бұлақ қатып бауырлаған шақтарда –
уақыт жылжып жатады ғой, бәрібір,
бәрібір ғой, бәрібір ғой, жарығым:
Жапырақ түсіп, бұта қалды,
Жел, әне,
сида ағашты сипалаған болады.
Бәрібір ғой, төгіледі бал-әнім,
Жапырақсыз да сусылдайды қаламым.
«Бесік жырын» айтпаса да, ал, әне,
бапты ананың баласы ұйықтап барады.
Заманына сай туса да талабы
Сайрамаған құстар бізде көп әлі –
Өз ұясын іздемесе – тоңады,
өз бұтасы қураса да – қонады.
Тау ма, мейлі,
әлде көл ме қоғалы,
Жел де өзінің жолдағысын соғады.
Соқпаса да уақыт өтер, бәрібір,
бәрібір ғой, бәрібір ғой, жарығым.
Сырттай көрсең:
бір-біріне қатысы жоқ секілді,
Шығысы жоқ,
батысы жоқ секілді.
Осыларсыз,
осы ортасыз ал, бірақ
өмір сүрем деудің өзі – сандырақ.
1983