ұзақ күндер өтпеп еді, япыр-ау.
Мұнша жылдам жапырақ қалай сарғайды,
Соған түскен секілді –
айтуға ауыз бармайды –
дүниедегі барлық азап, бар қайғы.
Кеше ғана жасыл талдар
бір індет
ұрған сынды дірілдеп тұр, дірілдеп.
Мезгіл, сенің қызметшің көп, құлың көп,
бірақ бәрін жеке-дара көтерер
белі бүтін бірің жоқ.
Жапырақтың жыртық-жыртық
көлеңкесі қабырғада, жарда ойнап,
күні кеше көкшіл судың бетіне
тұрып қапты сары тосап, сары қаймақ.
Сары кемпір салқында да сыра ішкіш
алақандай ауламызға айғайлап.
сары баласын қарғайды-ақ
Кешегіден не белгі бар – бәрі ғайып:
сатып алған кітаптың да көктемде
парақтары кепкен сын-ды сарғайып.
Кешегіден не белгі бар – бәрі ұмыт:
Сарғайыпты күннің аппақ жарығы.
Сары шаң ұйтқып сары желмен аралас,
Сасық текедей мекіренетін тәрізді
құла-шабдар сары бұлт.
Айналсаң-ақ сәл шаруаға, тұрмысқа,
Шолтаң етіп шығады өтіп күн қысқа.
Мезгіл – мырза деседі,
Рас мырза ма –
Мырза болсаң – қысқа ғұмырды ырзала.
Сары ағаш, сен бақыттысың:
Ертең қайта көктейсің,
Мен сарғайсам, сарғаям-ау біржола.
Бір бүйірімнен жел еседі, жел есе –
ызғар сездім,
Шаншу ұрды немесе...
Шаңыт-бұлттай сары тайлақ жүнінен
Күрте тоқып берсең еді, жеңеше.
1983