Қорқытам деп қырғандар – бала өлтіріп, бақ сатты,
Менмен пиғылдан гөрі болам деген жалғыз мен
артық көрем өз басым ойнағанды балдызбен.
Көктетпеген ешкімді – менмендік-ай, бәтшағар
гербісіне қос басты самұрық сап патшалар,
Айқастырып семсерді,
Мылтық, найза да салған,
басқа елде де сондықтан мылтық, найза жасалған.
Қастық туып қастықтан,
Арамдарды қуды арам,
талай бастар сондықтан дулығада қураған.
Өмір беру қиындап,
өлтірулер оңайлап,
Сен не ойласаң, өзге ел де отырыпты соны ойлап.
Гербісінен көп елдің тұрған айбар-сұс қарап,
Домбырадан
Керней мен көп қағылған мыс-табақ,
Көп ғұмырлар сондықтан қырқылыпты қысқарақ.
Соғыс деген суық сөз құлақтарды қаритын,
ескі сөз ол қашаннан есерлерді танитын:
Қой-момын жер байғұстың түгін жатыр әлі үйтіп...
Жер тарихы, бір сөзбен, гербтердің тарихы.
Майдандардың түтіні кетті қашан желге ұшып –
еңбек қалды,
ер қалды;
бейбіт өмір белгісі:
біздің елдің гербісі –
күн-шапаққа қып-қызыл алтын кірпік бітті ұзын,
балға, орақ пен бидай тұр күнді қоршап қып-қызыл
Мақсат – анық,
пиғыл – пәк,
дала да айқын секілді,
Жеріне аунап Жесір дән балалайтын секілді
Күлге аунаған тауықтай:
Молаяды тағы дән,
біздің жерде бомба емес, нан жарылар ағынан!
Арамға да өз басым адалдықпен жарасам,
арам ойың желге ұшар – ақ нанға бір қарасаң!
Ақ пиғылдар адамды алып шыққан тепкіден,
алып шыққан тепкіден – адалдығым деп білем.
Ақ аспанмен жылжыған күндеріме көп күрең
көздің жасын емес, мен
жөргектерді кептірем.
Орақ көрсем – орғым кеп, арқаланам, қағынам,
қағылса, бір шегем нық
еңбек балғаларынан
шын жақындық сезінем;
арқа-тердің буынан
балқимын да балшықша – болат болып суынам.
Болаттығы бұлшықтың бу аттырып сезімге –
Жүрек тулап жатқандай әр білектің өзінде.
Жақсы ой ойлау – бізде оңай;
садақа сап саудаға
Жақсы атыңды бұрмалап саудалайтын – жау ғана.
Бейбіт еңбек белгісі – біздің елдің гербісі –
Соған қарап өседі ел,
еселенер ер күші.
Гербте жоқ қылыш, оқ, бар масақ пен балға-орақ,
Қызыл күннен – нан шықты,
Сол момақан наннан-ақ
Жауларымыз елеуреп үрейлері ұшты кеп,
біздің әр дән сондықтан зеңбіректен күштірек!
Нұр-шапаққа қып-қызыл сәуле-кірпік бітті ұзын,
Орақ, балға,
ақ бидай Күнді орап тұр қып-қызыл.
Сыңғыратып алқапты күннен ессе бір екпін,
бүйірі бүлкіп әр дәннің,
жүректері дір етті.
Алтын масаққа оранған Күн сықылды лаулатып,
Жағып келем мен-дағы жырыма орап жүректі.
1983