Міне, соңғы парақ қана тұр қалып:
Күздің соңғы жапырағы секілді
уақыттың бұтағында дір қағып.
Келер жылдың есебінен құй бастап,
Жұлам қазір мына жалғыз парақты –
Сағат мұрты бір шалғысын қиғаштап
он екіге қарап тұр.
Теледидар, мультфильм еселе:
екі-үш шыбын пілді оятты тұр-тұрлап,
Піл оянып қаққанша бір құлағын
тағы бір күн айналады «кешеге»,
тағы бір жыл – «былтырға».
Жұлынғалы тұр ақырғы бір парақ,
Жапырақтың соңғы демін естідім.
Содан,
Содан жасап салып ұлтарақ
соңғы жолға шыққалы отыр ескі жыл.
Сәт пен сәт тұр тартысып:
Бокалыңда шарабың бар бір елі,
Жартысын сен биыл іштің,
Жартысы
Келер жылдың есебіне кіреді.
Жоқ екен-ау бөлінбейтін тұтас түк.
Кісілік пен кісілік,
қысастық пен қысастық
бөлінеді уақыт та қас қағым:
Осы жолды келесі жыл бітірем,
Өткен жылы бастадым.
Бір шекесін сәл көтеріп піл тұрды.
Менің жаным, шыбын болсаң – шыға қал:
Алған демді былтырғы
келесі жыл шығарам.
Ей, кеңкелес, саған адам тең келмес,
Мас боп, кенет айыққаның бір түрлі
Мешін жылы көмейіңе төңкер, дос,
толтырылған бокалыңды былтырғы.
1983