Ояу екем бүгін де.
Шүкір, шүкір бүгін де естіп отырмын
Құстар даусын,
Жапырақтың сыбдырын.
Тереземнен күн түседі бір қырын –
Сайра, сайра, домбырам,
Менің момын бұлбұлым,
Сөйле, сөйле, бүгінгі күн тілінде;
Кешегіні ұмытпа,
Көңілім менің, ертеңгіден түңілме.
Мен тірі екем,
бар екенмін бүгін де.
Ербең-ербең жүгірме,
Көлеңкелер, қара еменнің түбінде.
Қара еменнің жапырағы былтырғы
диуананың шапанындай бір түрлі.
Алыс асфальт жолдардағы гүрілге
ауық-ауық қояды үріп сар күшік.
Бұталарға торғай қонып, қарға ұшып,
Су сөйлейді сәбилердің тілінде.
Өзгеріс бар тастардың да түрінде:
Ол да елеңдеп қарайтындай бір үнге.
Нұрдың нәзік саусағының астында
Сен де, мәрмәр, мамыққа ұсап дірілде.
Бір үн қосылып діріл қақты бір үнге,
арқам қозды әлденендей дүбірге –
Шүкір, шүкір, ояу екем,
тірі екенмін бүгін де.
1983