қыстығып
мінген атым кісінеп, не пысқырып,
Желіс салып, кейде өзімше жетісіп,
бір қабаққа шығып жүрем, не түсіп.
Түнде адасып Қошалақтың құмында ақ,
елегзимін, ән сап жүрем ыңылдап.
Әлденеден шошынады жан-дене,
жөңкіп өріп жүрген сын-ды әлдене.
Бұта сайын тұзақ керіп, жіп іліп,
әр көлеңке сайын біреу тығылып,
алқынысып жүрген сын-ды талай жан –
немене екен әне біреу қарайған?
Әлдекімдер алқымдасып, қысысып,
Әлдебіреу ықылықтан іші ісіп
құлағандай.
Әлденендей құс ұшып,
Шіл үрікті – ыс-пыс етті маңай да,
аяқ асты көрінбейді, абайла
Қыстығам кеп,
генералы қол қойған
бұдан қауіпті емес шығар қан майдан?!
Ыңылдаймын,
Шықпайды үнім, болмайды ән,
Шып-шып ыстық тер кетеді маңдайдан.
Атқа мініп жүрем ылғи,
қыстығып
Мінген атым кісінеп, не пысқырып,
Мінезі ыстық, қылпың қаққан бір пері:
Қамшылар жақтан – үркеді,
мінер жақтан да – үркеді,
Қашан құлап қалар екем деген ой
Жанға мүлде маза бермей жүр, тегі.
Шоқтығы осал кер бестінің кергіген,
мойынына кетіп жүрді ер кілең,
Құйысқан жоқ,
Үзілді де шап айыл
ауып түстім,
Жығылғаным – жер білем...
Шыдай алмай жырдың шоқырағына,
Құладым мен тағы, тағы, тағы да
прозаның қара топырағына.
1981