Рахмет Иманғалиұлы


(Жұмекен Нәжімеденов пен Зейнолла Серікқалиев жайлы бір үзік сыр)

Құрманғазы ауданының киелі топырағында дүниеге келген бұл дарындарды атыраулықтарға қайталап айтып таныстыруды артық санаймыз. Олар келер ұрпақтың да қолдарында болар өшпес әдеби-рухани мұра қалдырып кеткен ірі қаламгерлер, таланттарымен тамсандырған ерекше дарын иелері. Жұмекен Нәжімеденов отыз жасқа жетпей жүріп Ленин комсомолы сыйлығының иегері атанды. Заманына қарай амалы. Бұл сыйлық та өз дәуіріндегі нағыз талант иелеріне ұсынылатын ірі марапаттау шараларының бірі-тұғын. Отыз жасқа жетпей жүріп күллі қазақтың көңіліне қонақтаған «Менің Қазақстаным» өлеңін жазды. Оның қуатты сөзіне тамсанған Шәмші Қалдаяқов лезде шалқыма ән шығарды. Елбасымыз оны енді әлемге танытатын дәрежеге жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналдырды.
Жұмекен Нәжімеденовтің қуатты ақындығы, құнарлы қаламгерлігі жайында шағын мақалада айтып жеткізу мүлде мүмкін емес және бұл тақырыпты бақайшағына дейін шарықтата талдап жазып жүргендер, ғылыми дәрежеде диссертация қорғағандар бар. Бұл тақырып әлі де кеңейе, кемелдене түсері қақ. Біз бұл жерде бірер пікір білдіргенді жөн бе деп ойладық. Жұмекеннің туғанына 70 жыл толғаны (ол 1935 жылы Құрманғазы ауданының Қошалақ қонысында дүниеге келген) әзірге мерейтой есебінде жерлестері ортасында мерекеленген жоқ. Дегенмен айтылып жатырған әңгімелер де, қағазға түскен бағдарлы қызметтер де жоқ емес. «Ештен кеш жақсы», Жұмекен қашан да халқымен бірге, жерлестерінің ортасында мәңгі бола береді. Бізді бір ой қызықтырады. Ауданда Жұмекен Нәжімеденов атындағы көшелер табылады, Жұмекен Нәжімеденов атында орта мектеп, «Жұмекен ауылы» дейтіндер ресми жағдайда өмірге келген. Сонда да бір олқылықтың орны байқалады. Марқұмдар Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов бір-бірінен бөлектеуге келмейтін бір шоғыр дарындар-тұғын. Көздері тірілерінде өздері де осы талғамды берік ұстанып өтті. Мұқағали 45 жыл, Жұмекен 48 жыл ғұмыр кешті. Мұқағали марқұм жерлестерімен күнде көрісіп тұрады. Оның туған ауылында биік тұғырда еңселі тас мүсін (бюст) мәңгіге «тірі бейне» болып жетері қақ. Биыл оның туғанына 75 жыл толған мерейтойы да Мұқағалиды халқымен қайта бір табыстырды. Ал Жұмекен жайлы әзірге ауызша айтылатын әдемі сөздер бар. Ол да орынды. Ал келер ұрпақпен мәңгі табысып тұратын «тірі бейнесі» болса ғой дегендейсің. Құрманғазы ауданында Еңбекші селолық округінің орталығы Жұмекен ауылы бар екенін атадық. Бұл елді мекен Атырау-Астрахан тасжолының бойында көрікті орында, дәлірек айтсақ, осы жол аталған ауылды ортасынан кесіп өтеді. Ендеше «Жұмекен ауылының» көзге ұрып тұратын осы ажарлы тұсында дарынды ақынның еңселі тас мүсіні тұрса, әбден жарасар еді. Тәуелсіз Қазақстанның әнұраны талай елде тербелер, Елбасымен бірге Шәмші де, Жұмекен де аталып, есімдері талайлардың құлағында қалар.
Жұмекен Нәжімеденов пен Зейнолла Серікқалиевты жұптары жазылмайтын жұлдыздар деп құрманғазылықтар заңды мақтан тұтады. Ал Зейнолланың әзірге жерлестері ортасында ауызша есімі аталады. Былтыр Алматының «Арыс» баспасынан шыққан «Шапағатты парасат» атты естеліктер жинағы Зейнолла Серікқалиевтың тамаша тұлғасын толғап, таныстырып берді. Әзірге қанағаттанарлық бір дүние осы. Туған жерінде бұл қаламгер лайықты бағасын алған жоқ, болса бірер ауылда бірер көше атақты қаламгер, әдебиеттің алғыр сыншысы және ғалымның есімімен аталады. Басқа олқылықтар өзінің орнымен, жолымен толықтырыла жатар. Біздің бір пікіріміз – Жұмекен ауылындағы Еңбекші орта мектебіне Зейнолла Серікқалиевтің есімін беру сұранып тұрған шаруа іспетті.