Равиль Шырдабаев

 

Ақын Жұмекен! Бұл сөз әдебиеттен ауылы алшақ адамға да, көптен таныс. Сонау 60-жылдардың алғашқы белесінен бері ақынның жерлесі болғандықтан бұл есімге сырттай сүйсініп қоймай жинақтарын оқып, іштей құмартып жүретінмін. Рас, сол кездерде Ресейде оқып жүргендіктен біздің құлағымызға бұл есім сәл кейіндеу шалынды. Бірақ сонау 1967 жылы біраз жинақтары үшін Жұмекенге Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты атағы берілгенде алғаш қолын алушылардың бірі болғанымды әлі күнге мақтаныш етемін.
Жұмекеннің бір жинағы «Менің топырағым» деп аталады. Ғажап! Өзге ақындар туған жерім, өскен елім дейтін пікірді ақын осы бір ұғымға қандыра сыйғызған. Неге? Негесі сол, Жұмекен дүниеге келген өңір – Қошалақ құмы. Сол топырақ, сол өңірден қазақ өнеріне қанат қаққан талант иелерін саусақпен санап емес, топтап атауға болады. Жұмекеннің кіндік қаны тамған өңірі Қошалақ құмы кешегі елім деп еңіреген Исатай мен Махамбеттер жорыққа шыққан Нарын құмымен шекаралас. Бұл өңірден де қазақ өнерінің әрісі Дәулеткерей, Сейтек, Дина сияқты балды бармақ күйшілері, берісі Бақыт Қарабалина сияқты дүлдүл домбырашыларымыз дүниеге келген. Бұл өңірде ақынның жыраулық дәстүрі арғы шеті Асанқайғы, Қазтуғаннан бастап, бергі шеті кеше ғана өз қолдарыңызбен ақ жуып, арулап көмген қазақ әдебиетінің белді өкілі, тоқсанға келген Әбу ақсақалға тіреледі. Бұл өңірде халқымыздың екі егіз өнері – күйшілік пен ақындық қатар дамыса, осы екеуі де Жұмекеннің бойынан табылушы еді. Міне, тұлғалы талант Жұмекенді дүниеге келтірген топырақ – Атыраудың Құрманғазы ауданы, оның Қошалақ құмы халқымыздың жүрегіне ақынның өзі болмағанмен көзіндей ыстық осындай құтты қоныс, киелі мекен.
Біз таяуда ғана ақынның туған жерінде оның зайыбы Нәсіп жеңгейді, баласы Мағжанды, күйеу баласы Самалды, немересі Талжібекті, Жұмекен мерейтойын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы, ақын-драматург Нұрлан Оразалинді, ақынның жерлестері Зейнолла Серікқалиев пен Өтеген Оралбаевтарды қуаныш үстінде қарсы алып, ақынның балалық және жастық шағы өткен өңірмен таныстырдық.
Қонақтар үздік оқушы отыратын – «Жұмекен партасын», ол ойнаған қыр басын, Жұмекеннің алғаш еңбек еткен мектебін көрді. Ақынға арналған ескерткіш белгіні тамашалады. Ақынның жұбайы Алатау бауырында дамыл тауып жатқан Жұмекен қабіріне туған жерінен бір уыс топырақ түйіп алғаны жүрек тебірентерлік көрініс болды. Атырау өңірінде ақын есімімен аталатын бірнеше көше, мектеп, кітапхана өмірге келді. Ақынның есімін құрметтеу мен есте сақтап қалу бағытында әлі де бірқатар шаралар жүзеге асырылуы тиіс.
Жұмекен ақынның туыстары Отан соғысының ауыртпалығын бастан кешуге мәжбүр болған буын. Сондықтан бұл ұрпақ жайлы ақберен ақын Мұқағали Мақатаевтың айтқан мына бір пікіріне назар аударған жөн сияқты: «Қазақ жырының қазіргі көзі тірі иелерінің ең соңғы буыны болып берік қалыптасқан, - депті Мұқағали сонау 1970 жылдары, - Тұманбай, Сағи, Қадыр мен Жұмекендер бастаған лекті әдебиетімізге ешкім де бәйгеге салғалы баптап, баулап әкелген жоқ. Олар аяқталмаған, аяқталмайтын қазақ дастанының заңды жалғастары. Олар естері кірер-кірместен ел таныған, балалықтың бал-дәурені орнына шаруаның бейнетін татқан, бесік жырының орнына анасының зарын ұққан, ертегінің орнына елі үшін құрбан болған әкелері мен ағаларының ерліктері жөнінде әңгіме тыңдап өскен, көздерінде жас, көңілдерінде мұң бар саналы ақындар… Олар қазақ жырына сол қалпымен сонысын айтқалы келген-ді».
Жұмекеннен не бәрі төрт-ақ жас үлкен Мұқағалидың бұл пікірінде заманымыздың үлкен ақиқаты жатыр. Әкесі Сабыржан майданға кетіп оралмаған, балалық шағы мейірімді атасы Нәжімеден қарт пен әжесі құшағында өскен Жұмекен өлеңдерінде жас бала емес, жасамыс егде адамның жанын тебірентер мұң бар.
Жұмекен Нәжімеденовтің алғашқы жыр жинағы «Балаусадан» (1961 жыл) бастап-ақ өз тұстастарының ешбіріне ұқсамайтын, ешқайсысының ізін шиырламаған, поэзияға өзгеше құбылыс болып енді. Сондай-ақ «Өз көзіммен» (1964 жыл) «Сыбызғы сыры» (1968 жыл) жинақтарында жастық лебі сезіліп тұрған өлеңдері бар, бірақ жасық өлеңдері жоқ. Әсіресе «Жоқ, ұмытуға болмайды» (1965 жыл), «Күй кітабы» (1967 жыл) жыр жинақтарында ақын таланты көзге айқын шалынды. Енді оқырман Жұмекенді іздеп оқитын болды. Ақын да оқырманын алдамапты. Жылына бір кітап берді: «Мезгіл әуендері» (1968 жыл), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1969 жыл), «Ұлым, саған айтам» (1977 жыл), «Мен туған күн» (1972 жыл). Соңғы жинаққа таңдамалы өлеңдері енді. Немесе ақын 1961 жылдан 1972 жылға дейін он өлең кітабын берген. Бұл және еңбек ретінде де аз қимыл емес, бірақ ол өлеңдер жаңа мәдениетпен өрілген, ақынның терең сезімінен туған маржан жырлар болғандығымен қазір оқырманын таң қалдырып отыр. Кімде-кім өрнекті өнерді ұнататын болса, ол Жұмекеннің өмірбаянымен де, өлеңдерімен де бізден артық таныс деп ойлаймын.
Өз шығармашылығын өлеңнен бастаған Жұмекен он жыл өлең жазып, енді өз күшімді прозадан сынап көрейінші дегендей, қаламгерліктің осы қырына ауысып, едәуір еңбек тындырды. «Ақ шағыл» (1973 жыл), «Кішкентай» (1975 жыл), «Даңқ пен дақпырт» (1977 жыл) романдары мен «Бетпе-бет», «Домбыра мен көсеу» повестерін жазды. 1970 жылдардың аяқ шенінде поэзияға қайта оралды. Өз жайлауына сағына оралған ақын «Жеті бояу» (1979 жыл), «Шуақ» (1981 жыл), «Ашық аспан» (1983 жыл) өлең жинақтарын ұсынды.
Тек қарапайым осы фактілердің өзінен Жұмекеннің қаламгерлік еңбегінің өзі ерлікке пара-пар екендігін байқау қиын емес. Ақынның «Қыран қия» (1984 жыл), «Менің топырағым» (1985 жыл), «Ұрпағым, саған айтам» (1988 жыл) жинақтары өзі көз жұмған соң жарық көрді. Өзі өлгенмен сөзі өлмейтін Жұмекен поэзиясымен халқымыздың сан ұрпағы әлі талай қауышып, қызыға да құмарта оқитын болады.
Шын дарын, тамыры терең талант өзін даңқтан да, дақпырттан да бойын аулақ ұстайтыны белгілі. Ол дүниедегі күрделі құбылыс сияқты көзге де, көңілге де бірден қона кетпейді, бар асылын жүре-бара ашады. Жұмекен таланты да сондай. Осы кезге дейін оның таланттылығына, өлеңдерінің өзгеге ұқсамайтындығына ешкім күмән келтірмесе де соның елден еректігі, ерлікке лайықты жаңашылдығы, жан тебірентер ойының қордалылығы, тереңнен толғайтыны әлі толық айтылған жоқ. Рас, аузы дуалы Әбділдә, Әбу, Әбіш, ақберен ақындар Қадыр, Фариза, Темірханның кезінде жазғандары жадымызда.
Бұл бағытта біздің жерлесіміз, ғалым, ақын, Атырау педагогикалық университетінің доценті Қадыр Юсупов біршама тер төгіп еңбектеніп жүр. Ғалымның Жұмекен жайында біраз зерттеу кітаптары жарық көрді. Бірақ біртуар талантты ақынның әдебиеттегі орны, оның ақындық бағасы әлі де толығырақ беріледі деген ойдамын. Ақынның «Менің топырағым» атты жинағы Мемлекеттік сыйлыққа әдбен лайық. Бірақ бұл пікір тек әдебиет сүйер қауымның аузында ғана жүр.
Атыраудың жоғары оқу орындары мен мәдени ошақтары Жұмекеннің атын мәңгі есте қалдыру мақсатында біраз шаруа тындырды деп айтуға болады. Үздік оқитын студентке ақын атындағы жүлде тағайындады. Жыл сайын облыста «Жұмекен поэзиясының күні» өткізілмекші. Бүгінгі Жұмекен Атыраудың ғана перзенті емес, бүкіл исі қазақ жұртының перзенті. Ол өнер мен өлеңді сыйлайтын алты алаштың перзенті.
Ғалымдардың топшылауында алып құмның астында қашанда мөлдір бұлақ болады екен. Жұмекен туған Қошалақ құмының астында да осындай сырлы теңіз жатуы ғажап емес. Ал әзірше осы құмның талай жас буыны Жұмекеннің жыр-дариясынан сусындай бермекші.