Мәткәрім Әкімжанов

 

Жұмекен – ешкімді қайталамайтын кесек тұлға, жұмбақ адам. Оның біз байқай алмаған қыры мен сыры көп секілді көрінеді.
Сондай қасиеттерінің бірі – рухани биіктігі, ұстамдылығы, төзімділігі дер едім. Ол өмірінің сәтсіз күндерінің өзінде де күйректік көрсетіп, боркемік боп біреуді даттап, отбасының берекесін алып көрген емес. Бәріне де көне білетін нағыз мәрт жігіт болатын. Ол ешкімнің көңілін қалдыруды, біреуге тікен боп қадалып, озбырлық көрсетуді білмейтін жан еді. Табиғатынан ақынжанды адам тез жараланып, балаша тез өкпелеп қалатын. Әділетсіздік, менмендік, озбырлық, мансапқорлық атаулыдан аулақ жүруге тырысатын.
Жұмекен талантының бір қыры домбырашылығынан танылады. Ол жай домбырашы ғана емес, профессионал күйші болатын. Біз оны әзіл-шыны аралас «Солақайдың кұдыретті күйшісі» деуші едік. Оны да зілсіз қабылдайтын. Өз басым домбыраны дәл Жұмекендей таза тартатын, мәдениетті тартатын, қос ішектің үніне жан-жүрегін қосып тартатын күйшіні көрген емеспін. әрине, бізде Жұмекеннен де жүйрік күйшілер бар. Оларға таласым жоқ. Бірақ Жұмекеннің орны мүлдем бөлек. Жұмекен домбыраны ала сап, сабалай жөнелуді ұнатпайтын, баппен, көңілі түскенде ғана тартатын.
Жұмекеннің әр сөзінен, әр қылығынан оның талғампаздығы білініп тұратын. 60-жылдардың бірінде басшылардың бірімен әлденеге келісе алмай, әлденеден қылт етіп өкпелеген Жұмекен аяқ астынан арызын жазды да жұмыстан шығып кетті. Сол кеткеннен айлар бойы хабарласпай, қайырылмай мол кетті. Кейін білдік, сол бір өзінше күйзеліс көрген, томаға-тұйық жатып алған айларда ол тек домбырамен ғана мұңдасып, дүниеге творчествосының шоқтығы дерлік «Күй кітабы» жинағын келтірген екен. Жұмекенді жұртына нағыз ақын, нағыз дарын ретінде танытқан да осы кітабы болды.