Қ. Кенжегалиева

Ақын шаңырағына, Жұмекен ағаның дүниеден өтердегі соңғы, көзі тірісінде қолы жетпей кеткен, сағат санап, күн санап әр кірпішінің қалануын, қабырғасы өрілген кірпіштің әр қатарының биіктей түскенін асыға күткен көкейкесті армандарының бірі – Интернациональная көшесінің бойындағы 129 үйдегі қасиетті қара шаңырағына менің бұл келуім әдеттегі, арнайы сәлем бере кеуімнен бөлек еді.
Ердің жасы елуіне де аяқ баспай, 49 мүшеліне де жетпей, 48 жасқа толуына алты күн қалғанда, күздің тұманды, ызғарлы күндерінің бірінде төңірегін түгел «аһ» ұрғызып, пәниден озған ақын арамызда тірі жүргенінде 75-ке толар еді биыл. «Алланың жазмышы», «өлшеулі ғұмыр» дегенді бар ділімізбен түйсіне тұра, адамзат өлшеміне сәйкестендіріп алғанда «ғұмыры қысқа» ақынның артында өлмейтін жыры, дүниеге әкелген анасы, жан жары және алды енді ғана тұрмыс құрып үлгерген үйелмелі-сүйелмелі бес баласы қалды. Өңкей жетім: жыр-жетім, ана-жетім, жесір жар, бала-жетім.
Сол күндері құдайдың құтты күні көкірегі қарс айрыла «Әмір-ай!» деп Нәсіп апайымыздың күрсінгенін ұмыта алар емеспін. Бұл Әмір – Алланың әмірі. Оған қарсы тұру деген жоқ. Болып көрген емес! Осы әмірдің орындалғанына көнсең де көндің, көнбесең де көндің.
Сол жетімдерден тысқары тағы бір жоқтаушысы қалып еді Жұмекеннің. Қайтыс боларынан 10-15 күн бұрын сиясы кеппеген

«Менің топырағымды» қолыма ұстатып тұрып, «тезірек, қатесіз басып берерсің, шырақ» деген аманатын арқалап қалған мен едім. Ақын аға аманатын орындап үлгерместен, ажал шіркіннің күтіп тұрғанын кім болжапты.


Бәрі содан басталды десем де болады. Бақилық болған ақын рухымен отыз жылға таяу уақыт бойына сырлас болып алдым десем, кім сенеді оған. Сенуді айтасыз, мұндайда «сырқаттанып қалған» деген атқа ие болу бәрінен оңай болары сөзсіз.
«Менің топырағым» баспа өндірісіне даярлану үстінде екі жылға жуық баспагерлердің қолжазба сөресінде жатып қалды. Бір хабарын білу үшін редактордың есігін талай торыған кездеріміз болды.


Бір күні Дүйсенбек аға (Қанатбаев) кітапты өндіріске жіберуге қол қойылғанын, бірақ жұқа мұқаба берілгенін күйіне айтты. Мен болсам, дереу өзім нан тауып жүрген баспа саласындағы құпияны жария еттім. Құзырлы мекемелердің қоңырауынан кейін ғана ақын өмірінің соңғы сәтіне дейін жазып кеткен жыр жинағы баспадан тиісті деңгейде безендіріліп, жарық көрді. Ал Дүйсенбек аға болса «баспа құпиясын» жария еткені үшін басшылардан сөз естіді. Осындай жанашырлығы, ақын рухына еткен құрметі үшін Дүйсенбек ағаны қатты құрметтеймін.
Рухпен сырласу, о дүниелік болған ата-бабаларымен тілдесу деген түсінік ол кезде болмаған, әрі ондай тылсым күштер жайындағы ақпарат ешқайда жарияланып көрген емес. Сондықтан да бұл түсініксіз жайт.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл шаңыраққа осы жолы келген мақсатым – Жұмекен жырына ынтық оқырман қауымға ақынның 75 жылдығы қарсаңында ақын өмірінің бұрын айтылмаған беймәлім тұстарынан деректі әңгіме айтылса, сыр шерте алсақ деген ойым болатын.
Әңгіме үстінде әлдебір жайттарды компьютерден қарау үшін апай өз бөлмесіне шақырды. Бөлмеге кіре беріс сол жақ қабырғаға ұсталған түсқағаздағы өңкей сәйгүліктің суретіне еріксіз назар аудардым. Компьютер тұрған үстел үстінде кекілі көзіне түскен асыл текті арғымаққа көңіл бөлмеуге болмайтын еді.
Ендігі сәт дайындап келген сұрақтарым жайына қалып, әңгіме өз арнасын тауып өріле берді.


... Тәңірім менің ғұмырымды текті арғымақтармен сабақтастыра жаратқан ғой. Мен өз ата-анамның қолында емес, алты айлығымнан нағашы атам мен нағашы шешемнің бауырында өстім. Шешемнің жалғыз бауыры соғысқа алынып, артында ұрпақ қалған жоқ. Кәрі нағашыларым мені – жиендерінің үлкенін көңілдеріне жұбаныш етіп, немере аңсаған көңіл шөлін басып, еріндерін жібіткен.
Мені он үш жасыма дейін ер балаша киіндіріп өсірді. Көкем мен мамамды қатты сыйлайтын ауылдастар арасында бірде-бір жан бетіме қарап сөйлемейтін ерке болыппын. Соғысқа кеткен нағашы ағамның жары – Сәбила жеңешем де қариялардың көңіліне қарап, маған қыз балаға лайық емес, қайнысы ретінде «Ақ төре» деп ат қойған. Көкем – нағашы атам маған жорға мінгізіп, шаң тигізбей өсірді.
Менің тағдырым шу асау тарпаңдарға емес, текті арғымақтарға серік болуымен мәнді.