Нәсіп Мұстахқызы
Менің өзімді Алла Тағала әуел бастан Жұмекендей ақынға жар болуға жаратқан болар-ау деп ойлаймын. Олай дейтінім, мен өзім ес білгелі Жұмекен деген атты естумен ер жеттім. Өміріміз ертегі сияқты басталды.
Біз Жұмекен екеуіміз Атырау облысының Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының Қошалақ советіне қарасты көрші екі колхозда өстік. Ол қырда, Қошалақ құмында (Ашақта), мен іште (арал деп те атайды), “Жаңа жол” колхозында. Екеуімізді де ата-әжелеріміз тәрбиеледі. Айырмашылығы – Жұмекенді өз атасы (әкесі Отан соғысынан оралмай қалды) тәрбиеледі. Мені нағашы атам 6 айлығымда өз атына жаздырып, ұлым да, қызым да осы деп өсірді. Менің анамның жалғыз ағасы Мұстахов Қайсағали да соғыстан оралмады. Жеңгеміз Сәбила ағамнан бала көтермеді. Жеңгем маған “Ақ төре” деп ат қойып, ағамның қайтыс болған хабарын естігеннен кейін 7 жыл қолымызда отырып, кейін бір жақын ағайға тұрмысқа шықты. Жеңгемнің “Ақ төре” деп атауы: мені көкем ер балаша киіндіріп, 6 жасымда тайға мінгізіп, қасынан қалдырмай ертіп жүретін. Көкемнің басқа қыздары бола тұрса да мені ерекше өсірді. Нағашы әжемді “мама” деймін. Мамам: “Сенің қасиетің бар, сен туғанда сол жақ бетіңде жалпақ қара мең болды. Сол мең кетсін деп сені Қалы деп атадық. Мең өзінен-өзі кетті” дейтін. Шынында да, мен ес білгенде сол ауылдың көбі маған Қалы дейді, үйдегілер Нәсіп дейді. Содан мектепке барарда мамамнан кім деп жаздырамын дегенде: “Азан шақырып қойған атың - Нәсіп, Нәсіп деп жаздыр” - деді.
Менің көкем Мұстах - үш ағайынды. Көкем оқымаған адам. Көкемнің екі інісі Әшім, Нұрғали оқыған. Біреуі мал дәрігері, екіншісі колхоз басқармасы болды. Көкемнің арғы атасы Қоян деген кісі Мекке-Мәдинеге 2 рет барып, “Қоян қажы” атаныпты. Үшеуі де елге сыйлы Қояновтар. Өздері соны мақтаныш етіп айтып отыратын. Көкемнің жалғыз ұлы Қайсағали соғыстан оралмады. Үлкен ақам - Әшімнен Қабдол, Абдол деген екі ұл аман- сау. Кіші ақам - Нұрғалидан өрген ұл-қыздар көп, Жұмекенмен бір класта оқыған Нұрғалиев Ғалымжан Атырау облысының Орлы ауылында тұрады. Кіші ақамның тағы бір ұлы Серғали қайтыс болды, оны Серақа деуші едік. Осы немере ағаларымның ішіндегі маған жақын тұратыны Серақам еді. Серақамды Жұмекен де қатты сыйлап, жақсы көретін. Жұмекен 1983 жылы инфаркт болып, ауруханаға түскенде біздің үйде 2 ай жатып, Жұмекенге күнде барып тұрды. Жұмекеннің “Сераға” деген өлеңі осы кісіге арналған.
Менің көкем ауылдың ең сыйлы адамы еді. Ағайынды үшеуінің де көзі бар. Әсіресе көкем адамға сүйсініп қараса ауыртады, малға қараса өледі. Ауырған адамды өзі ұшықтап жазып алады. Көкемнің көріпкелділігі де бар еді. Тірі кезінде өзі білмеді ме, айналысқан жоқ. Қазір ауырған адамдар көкемнің басына барып түнеп, жазылып кетіпті деп естимін. Өте жомарт адам еді. Соғыстың соңғы жылдары елдің жағдайы өте қиын болды. Нағыз Сталиндік тәртіп орнаған жылдар. Біздің “Жаңа жол” деген колхозды 30 жыл басқарған Құрманғалиев Қайырлының қаталдығы, аудан және облыс алдында беделінің мықтылығы арқасында ауылымыз көп аштық көрген жоқ. Тәртіп өте қатал болды. Үйінде шәй-қатығы жоқ сауыншылар шелегінің түбіне жарты литрдей сүт қалдырып, үйіне апара жатқан жерінен ұстап алып, соттап жіберген кездер болды. 1949 жылдың аяғы-50 жылдың басында өте қатты қыс болды. Қатты аяз, боран болды. Аяз ұзақ тұрып алды, қар қалың жауды. Қойлар аяздан қырылып қалды. Өлген қойлардан қора жасап қойғанын көзім көрді. Жылқылар жүріп келе жатып, қалың күртік қардан шыға алмай құлап өлгендері болды. Тек түйе малы суыққа төзімді болады екен. Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Зейнеден деген ағамызды қойдың суықтан қырылғаны үшін соттап жіберді. Бұл бір-ақ мысал, осындайлар елде көп болды. Жалпы, елдің көбі жартылай аш болды. Сондай кездерде көкем даладан танымайтын біреулерді әкеліп тойғызып, дорбасын толтырып, тамақ салып жібереді.
Ал біздің үй мен ес білгелі жоқшылық көрген жоқ. Төрт түлік малды түгел ұстадық. Көкем мен мамам өте еңбекқор адамдар еді. Жаз күндері малдан түскен өнімдерді, құрт, ірімшік, сарсу қайнатып, алашадан қап тігіп (қанар деп атайды), киіз үйдің бір бөлігін толтырып қояды. Күзде құмда өсетін сұлыбас, құмаршық деген жабайы өсімдіктер болады. Сол өсімдіктер піскен мезгілде мамам барып, қырдағы Хамит ақам үйінде жатып, бір түйе етіп қағып әкеледі. Құмаршық - өте тәтті тағам. Көкем мен мамам жинаған тамақтарын қыздарына, барын ұқсата алмайтын кейбір жоқ-жітіктерге беріп отырады. Үйде соншама тамақты ішетін көп ешкім жоқ. Жеңгем тұрмысқа шығып кетті. Мен жылдың 3 айында ғана үйде боламын. Үйде кішкентай інім бар. Көкем мен көйлек киіп, қыз болғаннан кейін өзіммен бірге туған інім Әділжанды 6 айлығында атына жаздырып алған. Қазір көкем шаңырағын ұстап отырған сол інім. Көкем 1977 жылы 90 жасында, мамам 1972 жылы 81 жасында дүние салды.
Енді нағашы мамам Балсекер туралы айтсам. Мамамның туған жері Батыс Қазақстан облысы, “Теректі” деген жер екен. Алты ағаның ортасында жалғыз қыз болған соң балдай тәтті болсын деп, атын Балсекер қойыпты. Мамам өркөкіректеу адам еді, әсіресе атқа мінерлерді менсінбейтін. Керісінше жетім-жесір, жоқ-жітіктердің алдында балаша жүгіріп, барын беретін. Мамамның сол алты ағасының біреуі – Ниғымеден нағашымның қарауында Қайрат Жұмағалиевтің мамасы сауыншы болып істепті. Нағашым сиыр фермасын басқарды. Қайраттың мамасы мені көрген сайын: “Сені көргенде Ниғымеденді көргендей боламын, қарауындағы адамдарға өте жайлы адам еді ғой, жарықтық” деп еске алып отыратын. Ол кісіні өзім де көрдім. Ұзын бойлы, ақ сары кісі еді, мамамнан аумайды. Мамамның өз әкесі Сәдір де Мекке-Мәдинеге барып, Сәдір қажы атаныпты. Кейінірек, үлкейген кездерінде көкем мен мамам бір нәрсеге келіспей қалып, ұрысып отырады. Сонда көкем: “Мен Қоян қажының немересімін” десе, мамам: “Мен Сәдір қажының жалғыз қызымын” деп өз тектерін мақтан етіп, бір-бірінен аса алмай отыратын.
Енді өз әкем Шакуалиев Хамиттің арғы атасы батыр болған деп айтады. Ақам шынында да екі иығына екі адам мінгендей бойшаң ірі адам еді. Соғысқа дейін асау үйретіп, жылқышы болыпты. Ақамның “Найзагер” деген төл аты есімде бар. Соғыста Сталинград шайқасында бір аяғын жамбастан кестіріп, жалғыз аяқпен елге оралғаннан кейін 20 жылдай түйе бақты. Атқа міне алмайды, тек түйеге ғана сол жағынан мінетін. Мен олардың тұңғышымын, 1950 жыл туған бір ұлды - Әділжанды көкем мен мамам алды, қалған 7-8 баланы өздері тәрбиеледі. Ақам соғыстан көп ордендер, медальдар тағып келді. Қандай екенін білмеймін. Кезінде білгім де келген жоқ, өйткені мен оларды мойындамай өстім. Ақам көліктің үстінде жүргенде, үйге қонақтар келгенде өзінің мақамына салып, мен естімеген ұзақ жыр айтып отыратын. Біздің елде ел аузына тараған “Сабыржанға” деген жыр-толғау бар. Оны Жұмекеннің атасы – Нәжімеден жалғыз ұлы – Сабыр соғысқа кеткенде шығарған. 1985 жылы Жұмекеннің 50 жылдық тойында біздің ауылға бізді бастап Өтебай Қанахин мен Ақұштап Бақтыгереева барды. Сонда ақам үйінде қонақтықта отырғанда “Сабыржан” деген толғауды түгел жатқа айтып берді. Даусы құлаққа жайлы қоңыр дауыс, толғауды өз мақамына салып айтады. Өтеағаң ақама біраз толғау айтқызып алғаннан кейін сол жерде көп адамның ішінде бізге ұрысты: “Мына кісінің дауысындай дауысты мен естіген жоқпын, ерекше бөлек дауыс, ешкімге ұқсамайды, бұл ерекше әуен халық арасына көп тарамаған әуен. Бұл қазақ өнеріне қосылар үлес болар еді. Міндетті түрде үн таспаға жаздырып, алтын қорға беріңіздер” деді. Бұл сөзді бұрын Жұмекен де талай айтқан. Айтылса да сол айтылған жерде қалды. Ақам Алматыға келе алмады. Қолындағы ұлдары бойкүйездікке салынып, ақамның есіл өнері өзімен бірге ол дүниеге кетті. Ақамның тағы бір қасиеті - қай баласының қай күні, қай сағатта туғанын жатқа білетін. Апам мазақтап отыратын: “Бұл қай малдың қашан, қай сағатта туғанына дейін біледі” деп. Ақам 1992 жылы 79 жасында дүние салды.
Анамыз - көкемнің ортаншы қызы, көп үндемейтін, жайлы адам. Аты Қапия, Әнәпия деген апасы, Үміт деген сіңлісі болды. Әнәпия апамның балалары ауылда тұрады. Үміт апамның жалғыз ұлы Сисенғалиев Қуаныш Атырау қаласында тұрады.
Жұмекен әулетіне байланысты білетіндерімді айтайын. Жұмекеннің атасы бүкіл Қошалақ құмы мен Нарын құмына белгілі болған адам. “Алаша Нәжімеден ” десе елең етпейтін пенде болмаған. “Алаша Нәжімеден” атануы біздің елде атамыз аттас адамдар болды. Атамыз еш жерде жұмыс істемеген, жеке шаруамен отырған. Атамызды облыс, аудан бастықтары іздеп барып, сәлем беріп, 2-3 күн әңгімесін тыңдап жатады екен. Ол 1955 жылы 19 маусымда қайтыс болды. Көз жұмарының алдында Жұмекенге: “Шешелеріңе алаңдама, оқуға кет” деп айтып үлгеріпті. Жұмекеннің өз әкесі Сабыр (шын аты Сабыреден) аңшылықпен айналысқан, өлең жазатын сері адам болыпты. Апам (енем) айтып отыратын: “Екі тазы ұстадық, біреуінің аты Құмай еді, екіншісін ұмытып қалдым” деп. Соғысқа кеткенде үйде сыртын қоңыр былғарымен қаптаған қалың дәптері болыпты (арабша жазылған дейді), “іші түгел өлең еді, ешкімге көрсетпей біраз жыл тығып жүрдім, кейін жоғалтып алдым” деп енем өле-өлгенше өкініп отыратын. Әкесі көп сөйлемейтін, өте салмақты адам болыпты. Әкесі Отан соғысынан оралмады.
Әжеміз Бақытжамал Шеркеш руынан, өте қайратты, еңбекқор адам. Әжеміздің қайраттылығы жөнінде елде мынадай аңыз бар. Жеңгесінің күшін сынауға келген үш қайнысын бірінен соң бірін алып ұрып, “түйебас” жасап жібереді екен. Әжеміз 1977 жылы 5 қарашада 90 жасында қайтыс болды. Өмірінің соңына дейін екі беті қып-қызыл болып отыратын.
Жұмекеннің өз анасы Мүслима Беріш руынан. Апам 15 жасында тұрмысқа шығыпты. Екеуі құрдас екен. Апам мойнына кимешектің ішінен қара-ала тұсау салып жүріп, “Жұмекенді құдайдан 4 жыл күтіп тілеп алдым” деп отыратын. Апам 25 жасында жесір қалды. Жұмекенді, Сәбила, Жаңылсын деген қыздарды ата-енесі тәрбиелеген. Жұмекен өз анасының атын атап өсті. Апам жақсы адам еді, қазақ әйеліне тән жақсы қасиеттердің барлығын да апамнан табуға болар еді. Өңі де әдемі адам еді. Жұмекеннен 5 немересін, 2 шөбересін көріп кетті. Тату-тәтті тұрдық. Апам 1986 жылы баласынан 3 жылдан кейін қайтыс болды.
Жұмекеннің өзімен бірге туған екі қарындасы Сәбила мен Жаңылсыннан 16 жиені бар. Ол екеуі де Атырау облысында тұрады.
Жұмекеннің әкесімен бірге туған үш қарындасының біреуі - Күлмаш апай қайтыс болды. Кіші апайы - Шырақай Ресей жерінде тұрады. Үлкен апайы - Мүлік (шын аты Мүлкима) Дүйсенова Атырау қаласында Зейнелова Маржан деген домбырашы қызының қолында тұрады. Апам әйел болса да, ер мінезді, сөзге шешен, көп білетін шежіре адам. Іс тігудің қай түрінен де алдына жан салмаған. Жұмекен әулетінен қалған үлкен көсеміміз. Бәріміз сол апайды тыңдаймыз. Апам екі қыз, бір ұл тәрбиелеген адам. Белгілі музыка зерттеушісі, ғалым Нәжімеденов Жұмагелдінің анасы. Жасы 80-нен асты, әлі тың. Үлкен атамызбен бірге туған Қайырмеден, Шәмеден деген інілерінен туған ұрпақтар өте көп, бәрі де елге белгілі белді азаматтар. Шәмеденовтерден алты ұлдың ортасындағы жалғыз қыз -Жібек менің парталас досым. Құрманғазы совхозында тұрады.
Мені тәрбиелеген нағашы мамам Балсекер Алаша руынан. Жұмекеннің атасына алыстау қарындас болып келеді. Мамам жыл сайын наурыз айында, көрісу айы ғой, “Нәжақама көрісіп келем” деп барып, 1-2 күн жатып келеді. Мамамның ағасына көрісіп келген сайын айтатын сөзі: “Нәжақамның жалғыз немересі Жұмекенжан адам болайын деп тұрған бала екен, қашан барсам да кітап оқып отырады. Жалғыздан қалған тұяқ қой, аман болғай” деп отырады. “Менің мамама ешкім ұнамаушы еді, мамама ұнаған бала жаман болмас, қандай екен, көрер ме еді” деп ойлап жүремін. Олар тұратын “Ашақ” пен біз тұратын “Жаңа жол” колхозының ара қашықтығы 100 км-ден асатын болуы керек. Мамам қонаққа бала ертпейтін қаталдау адам. Көкем мені қасынан қалдырмайды.
Жұмекеннің үлкен апасы Мүлік апай біздің үйге көрісу кезінде: “Апам мен жездеме көрісе келдім” деп, келіп кетеді. Біздің жақта, бала кезімізде наурыздың 14-нен бастап кіші адамдар үлкен адамдарға кіріп көрісіп шығады. Алыста тұратын сыйлы адамдарға арнайы барады. Әр жылдың сол мезгілінде көрісе келмесе бір-біріне ренжіп отырады. Мүлік апайдың да келген сайын маған көзі түседі екен. Әкесінің үйіне барып: “Мұстах жездемнің қызы аппақ болып өсіп келе жатыр екен, кестені жақсы төгеді екен, өзі ибалы екен” деп. Апайдың осы сөздерін Жұмекен маған қосылғаннан кейін 1-2 жылдан кейін айтып берді.
Мен 1948-49 оқу жылында ауылдан бастауыш мектепті бітіріп, біздің тұрған жерімізден 20 км-дей қашықтықтағы 7 жылдық Сталин атындағы мектепке 5-класты оқуға бардым. Жатақханаға орналастық, қасымда “Ворошилов” колхозынан келген Шәмеденова Жібек болды. Екеуміз бірден тіл табысып, класта да бір партада үш жыл оқыдық. Ол Жұмекеннің немере қарындасы болып шықты. Оның да айтатыны - Жұмекен, аузынан тастамай күнде айтады. Ол кезде Жұмекен қырдағы “Жас қайрат” мектебінде оқиды екен. Кейде ойлаймын, Жұмекен ауызға ерте ілінді, тіл мен көз Жұмекенді өмірден ерте алып кетті-ау деп. Сталин мектебінде де менің құдайым берді. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі - менің немере ағам Сәрсенов Әміржан. Тарих сабағынан береді. Сабақ үстінде мені еркелетіп отыратын. Менің көкем мен мамамның көңіліне қарап ағайындардың бәрі де, ауылдастар да маған ерекше қараушы еді.
Мектеп директоры Әлжанов Ғайнеден ауданымызға белгілі Ленин орденді мұғалім, қазақ әдебиеті мен тілінен сабақ берді. Ол кісі де менің өз сабағына ұқыптылығымды байқап, үш жыл бойына үнемі өлең тапсырма берілген кезде маған жатқа айтқызып, не мәнерлеп оқытып, өзі рахаттанып тыңдап отырады. Басқа оқушылар өлең тапсырма бергенде, “бәрібір бізден сұрамайды” деп оқымай келетін еді.
Біз жатақханада жататын оқушылар көбіне демалыс күндері үйге бармай, бөлмеде кесте төгеміз, шілтер тоқимыз. Кесте төгу сол жылдары бәсеке (мода) болды. Әсіресе шілтерді көп тоқушы едік.
Мектеп директорын бүкіл ауыл адамдарының тілі шыққан баласынан еңкейген шалдарына дейін “Ғайнақа” дейді екен. Біз де сыртынан Ғайнақаң деп отырамыз. Ғайнақаң үйі мектептің тура жанында, демалыс күндері ол кісінің асхана мен жатақханаға кіріп, қарап кететінін білеміз. Жібек екеуміз кесте төгіп отыр едік, желкемізден біреу қарап тұр. Қарасақ - Ғайнақаң, қатты қорқып кеттік, кіргенін естімей қалдық. Кіріп-шығып жүретін ұсақ қыздар есікті ашып кеткен ғой және ол кісі жәй басатын, маңғаз адам еді. Ғайнақаң өзінің қоңыр үнімен: “Жасырмаңдар, кәне көрейін” – деп, ақ батист матаға төгіп отырған кестемізді көріп, “Өздерің кестенің артелі екенсіңдер ғой, төге беріңдер” - деп, шығып кетті.
Содан кейін Ғайнақаң класта бізді “Кестенің артелі қыздарым” деп басымыздан сипап өтетін болды. Егер басқа бір білімсіздеу мұғалім болса, бізді сабақ оқудың орнына кесте төгіп отыр деп жиналысқа салар еді. Кесте де өнер ғой. Өлең мен өнерді қадірлеп, уағыздап өткен қайран Ғайнақаң. Менің болашақта Жұмекендей ақынға жар болатынымды Алла Тағала да Ғайнақаңа сездірген сияқты.
Өлең деген ешбір теңдесі жоқ ғажайып әлемге кішкентайымнан сусындатқан ұлы ұстазым Ғайнақаң рухына өмір бойы бас иіп өтемін.
Ғайнақаң мектебінен 7-класты бітіріп, Нұржау советіне қарасты 10 жылдық мектепке келдім. Ауданымызда үш-ақ он жылдық бар. Жібек пен Зенолланың тізімі аудан орталығындағы Абай мектебіне кеткен. Аудандық оқу бөлімі кімнің қайда баратынын сұрамай, өздері бөле береді. Мектебіміздің аты “Ворошилов” мектебі, кейін Ленин мектебі болды. Бұл мектептің 9б класында Жұмекен оқиды екен. Мен 8б класында болып шықтым. Екеуміз де түстен кейін оқимыз. Жататын жатақханамыздың сыртқы корпусы бір, сырттан екі есіктен кіреді. Мектеппен екі аралық 100 метрдей жер. Бұрын атын ғана естіп жүретін Жұмекенді күнде көремін. Кішкентай ғана кітапханамыз бар, кейде сол кітапханада кездесіп қаламыз. Біздің класта әйгілі домбырашы Қарабалина Бақыт оқыды. Мектеп “Қазақстан” деген балық колхозының орталығына орналасқан. Аудан орталығынан 12 км жер. Мектепте клуб бар. Клубта радиоузел орналасқан. Мереке сайын мектеп маңындағы колхозшыларға, мектеп мұғалімдеріне концерт қоямыз. Бақыт Қарабалина күй тартады, Жұмекен де күй тартады, Жұмекен көбіне скрипкамен жеке орындаушыларды қостайды. Жұмекен скрипкамен “Бұлбұл” күйін өте шебер орындайтын. Көрермендерге түрлі гимнастикалық жаттығулар көрсетеміз. Бақыт пен Жұмекенді көрермендер сахнадан жібермей қайта-қайта шақырумен болады.
Жұмекен екеуміз бір-бірімізді көрген сайын мен қатты ұялып жүрдім. Өзім ер бала сияқты еркін өссем де, осы мектепке келіп, бірінші рет кәдімгі ұялшақ қыз екенімді білдім. Бұл мектепте де беделім жаман болған жоқ. Оқушылар да, мұғалімдер де сыйлап тұратын болды. Біз бір-бірімізді көргеннен кейін, 7 айдан кейін наурыздың 27-сі күні Жұмекен алғашқы хатын өз қолымен берді. Мектептегі 2 жыл өмірімізде қалған хаттарды жалғастырған менің досым, әрі туысым Құмарова Бақыт деген қыз. Жұмекеннің қасында жататын Бекжанов Набидолла деген досы Бақытқа әкеліп береді. Бақыт пен Набидолла да шын достар еді. Біздің хат алысып жүргенімізді мектепте ешкім білмеді. Қарабалина Бақыт қана сезетін сияқты еді. Хаттарының көбі өлеңмен жазылған, 50 жылдан асқан хаттар сарғайып, қағаздары үгітіле береді екен.
Жұмекен 10 класқа, мен 9 класқа баратын жылғы жазғы каникулда сабақ басталуға 3 күн қалғанда Қанішкенге Бақыт екеуіміз екі атпен келіп, атымызды соқаға байлап тастап нан, шұбат, сүт сататын аласа киоскілерді оңға айнала беріп, “Қазір алдымыздан Жұмекен мен Набидолла шыға келсе ғой” деп армандадық. Олардың қырдан оқу-құралдарын алуға 2-3 күн бұрын келетінін білеміз. Армандап келесі киоскіні айнала бергенде екеуі алдымыздан шыға келді. Жұмекеннің үстінде ақ көйлек, жеңін түріп алған, өзі үнемі екі жұдырығын түйіп жүреді. Өзі аппақ, шашы қап-қара, толқынданып тұрады. Бала кезінде ақ еді, кейін қоңырайды ғой. Набидолланың үстінде сұр жолақ көйлегі, оның да шашы бұйра болатын. Қашан болса да аусаңдап жүретін бала еді. Осындай ертегіге ұқсас тұстар біздің өмірімізде көп.
Журнал оқырмандарына 1-2 тұсын келтіріп отырмын. Қалғанын Алла бұйыртса естелік кітабымнан оқырсыңдар. Менің осы журнал арқылы қазақ қыздарына айтарым: Айналайын, періштедей қыздарым, алғашқы махаббатқа, алғашқы сезімге мықты болыңдар. Шашып алмаңдар. Өзің ұнатқаннан гөрі өзіңді ұнатқан адамға шығыңдар. Екінші айтарым: егер өмірлік серік болатын ойлы, парасатты азаматқа шыққыларың келсе омырауларыңды ашпаңдар. Тізеден жоғары жағыңды көрсетпей, кіндіктеріңнің тесігін көрсетпей жүргендеріңді сұраймын. Ашық жерлеріңе қызығып қосылған қосағың мәңгілік болмайды. Денесін ашып жүру қазақ қыздары үшін мода емес, экрандағы жәйсіз қылықтарға еліктеу. Сендердің қыздарың сендерге еліктеп өседі. Сонда қазақ қыздарына тән қасиет жойылады. Қазақ қызы деген ат та жойылады. Осыны мұқият ескеріңдер.
Өзім төрт қыз өсіріп қияға қондырдым. Қыздарым қалада туып өссе де ерсі модаларға еліктемей ер жетті. Ұлым ұяда. Талжібек деген тұңғыш немерем қалада өсіп, биыл заң университетін бітіргелі отыр. Ол да жоғарыдағыдай әдеттен аулақ. Қарапайым қазақ қыздарының бірі болып өсіп келе жатыр. Қалған 8 немерем - ұлдар. Темірәлі суретші, Сәкен - үздік математик. Идаят пен Мақсат ән айтады, домбыра тартады, Жанайдар өлең жазып, әнді жақсы айтады, Сабыржан “батыр болғым келеді” деп армандайды. Ең кішкентай екі немерем Ниетәлі мен Ерсері атасының “Менің Қазақстаным” әнін айтуға ғана шамасы келеді. Жұмекен екеуіміздің өміріміз ертегідей болып басталса да, ертегідей барша мұратына жетіп аяқталған жоқ. Екеуіміз де текті әулеттен шығып, әке-шешенің алақанында өссек те, кейін көп қиындықтар көрдік. Әлі де қиналатын кездерім болады. Өмір деген кедір-бұдыр, тегіс болмайды.
Бір Аллаға мың да бір шүкір, қасымда Жұмекеннің жоқтығы болмаса балаларым тыңдайды. Күйеу балаларым, келіндерім сыйлайды. Немерелерім мені “Ақ мама” дейді, оларға еліктеп ауланың балалары да мені “Ақ мама” дейді. Басқасын былай қойғанда Жұмекендей ақынға жар болғаным мен үшін үлкен бақыт. Өзімді бақытты аналардың бірімін деп есептеймін.