Саида Жұмекенқызы
Өз ұғымымда әкем үлкен қасиетті кісі болатын. Өзіне тән қарапайымдылығымен, әзіл-қалжыңымен ерекше боп көрінетін. Көп ақынға тән мақтану, көлгірсу, менмендік әкеме жат қасиеттер еді. Ол үнемі қарапайым боп жүретін. Жаны адал, ақ көңіл, сезімі пәк еді.
Әкем өте балажан адам еді. Балаларының бәрін де жақсы көретін. Үлкен апам Әйкенді “Менің ақылшым, сүйенішім” – деп үнемі үлкен кісімен сөйлескендей ақылдасып жүретін. Одан кейінгі Қарлығашты да еркелетіп, ерекше жақсы көретін. Қарлығашқа арналған “Ақ көгершінім” дастаны әкемнің балаға деген нәзік сезімінің куәсі десе болғандай. Ағам Мағжанды “Ақ Мақа” десе, маған тете апам Тоғжанды “Ақ Тоқа” – деп еркелететін. Әкем үшін бәріміз де әппақ болып көрінуші едік.
Әкем мені де әппағым, ақ қызым деуші еді. Қайда барса да қасынан тастамай алып жүретін. Кейін, мектепте оқып жүрген кезімде, қонаққа баруға ұялып, өзім бас тартсам да: “Баламды ұнатпаған адам мені қонаққа шақырмай-ақ қойсын!” – деп ертіп кететін. Әкем ұйықтар алдында Мағжан мен Тоғжанның маңдайынан сипап, менің басымды иіскеп барып төсегіне жататын. Мені “Саидокдок-док” деп мейірленетін. Балаларының бәрін тең ұстаса да, кенжесі болғасын ба, мені қатты еркелететін. Маған арнаған өлеңінде:
Бәлкім, ертең де еркелетер?
Сенемін!
Төбесіне тік көтерер сені елің,
жалауындай алыс жүрер кеменің –
деген еді. Әттең, мектеп бітіргенімді де көрмей кететінін қайдан білейін? Тағдырға дау айту қиын ғой...
Ол біздің ешқайсымызға да дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Бәрімізді де еркін тәрбиеледі. Өзі де бір нәрсеге қуанғанда, бала сияқты боп кететін. Балаларымен балаша ойнап, мәз болатын. Өзінің “Бес бұтақ” деген өлеңінде әкемнің балаларына деген махаббаты айқын көрінеді:
...Мен егер де бір жұма уақыт үйде болсам,
бес тентегім – бейне бес жұмыс күнім:
көңілімді көтерсе бірі менің,
шаршатарда – барлығы бірігеді...
Бес бөбегім бесеуі де асыл маған,
асыл оймен жаңарам, жасылданам.
Бірін сүйсем масайып қаламын да,
екіншісін иіскеп - басым жазам ...
Әкемнің балаларына ат қоюы да қызық әңгіме. Анам екеуі қосылғаннан кейін ол үш қызына да ат дайындап қойыпты. “Бұйырса, үш қыздың әкесі боламын”, - деп Әйкен, Назкен, Бикен деген аттарды дайындапты. Әйкен дүниеге келді, одан кейінгі Назкен сегіз айлығында қайтыс болды. Назкеннен кейінгі қызды Бикен деп қояйын дегенде, жолдастары: “Аттарды ұйқастыра берсе, ұл болмайды”, - деп айтқан соң атын Қарлығаш деп қойған екен. Қарлығаштан кейінгі дүниеге келген жалғыз ұлына сол кездері атын атауға да қорқатын, қазақтың тамаша ақыны Мағжан Жұмабаевтың есімін береді. Мағжан 1965 жылы қаңтар айында дүниеге келді. Қазір ойласам, батылы барып ең алғаш Мағжан деп ұлына ат қойған менің әкем екен. Мағжаннан кейін туған қыздың атын қоюға анамның билігі келіпті. Әдебиетке жаны құмар анам қызының атын Тоғжан деп қойыпты. Менің атымды да қоюға үлкен талас болған көрінеді. Бәрі таласып, өз аттарын ұсынып жатқанда, үлкендердің қасында Мағжанмен ойнап жүрген 5-6 жасар Әбіш Кекілбаев ағаның баласы - Әулеттен: “Қане, сен қандай ат қойғың келеді?” - деп сұрапты. Сонда Әулет: “Саида” деген екен. Сөйтіп, менің атымды Әулет аға қойып, кіндік шешем Әбіш ағаның анасы – Айсәуле әжеміз болыпты.
Әкем өз анасының атын атап “Мүслима” дейтін. Үлкен әжесі Бақытжамалдың бауырында өскен екен. Кейінірек “Мүсеке” дейтін. Біз әжемізді “мама” деуші едік. Әжеміз – Мүслима Айдынқызы өте байсалды, көрікті, үлкеннің алдынан өтпейтін, шыдамды, көп сөйлемейтін адам еді. Көзі ашық, сауатты адам болатын. Ол 1986 жылы қыркүйек айында қайтыс болды. Енді осы жерде әкемнің арғы аталары, туысқандары жайында айта кеткім келіп отыр.
Әкемнің атасы – Нәжімеден Стамғазыұлы өте қайратты адам болған екен. Мінезі сабырлы, келбетті, кең пейілді, қайырымды адам болыпты.
Әкемнің атасының атасы – Қартпамбет те елге белгілі жырау болса керек. Өзінің өмір сүрген ортасында, ел арасында ол жайлы аңыз, әңгіме көп-ақ. Күні бүгінге дейін бір нәрсеге теңеу іздесе: “Қартпамбеттің жырындай таусылмайтын ұзақ екен” – дейтіні бар. Қартпамбеттің әкесі Берлібай да әруақты адам болыпты. Берлібай әулие әруағымен судың бетіндегі ақ отауды судың бергі бетіне шай ішіп отырған күйінде қозғамай қондырған деседі. Баладан қайтыс болған жас әйелді тірілтіпті деген де әңгіме бар. Сөйтіп, біздің бабаларымыздың ғажайып қасиеттері ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа тарап, әкем туған ауылда әлі күнге дейін аңыз болып айтылады.
Әкемнің әжесі – Бақытжамал Қайыпқызы өте қайратты, үй жұмысына пысық адам болған екен. Кесте тігу, киіз басу, алаша, ши тоқу сияқты көптеген іс қолынан келетін өнерлі жан болыпты. Әжеміздің қара жұмысқа қайраттылығына сүйсінген жұрт: “Бақытжамалдың бір өзінде үш еркектің күші бар” – дейді екен.
Әкемнің әкесі – Сабыр (азан шақырып қойған аты Сабыреден) жасынан арабша оқыған, көзі ашық жан екен. Мінезі қарапайымдылығына қоса өз есесін жібермейтін, тілге шешен, өткір, парасатты, ақылды адам болған көрінеді. Ән айтатын өнері де болыпты. Жүйрік тазы ұстайтын аңшылық өнері де болған көрінеді. Өкінішке орай, Сабыр атамыздың көптеген өлеңдері жоғалып кетті. Майданнан үйге жазған өлеңдері ғана сақталған. Атамыз Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Әкемнің өзімен бірге туған екі қарындасы бар: Сәбила апам – мінезі өте жайлы, көп сөйлемейтін адам. Кенже қарындасы Жаңылсын – мінезі өткір, өте пысық адам.
Әкем анамызды өмір бойы құрметтеп өтті. Анам екеуінің махаббаты жайлы жыр қылып айтады. Ол әкемнің өмірлік серігі ғана емес, қамқоршысы, күтушісі, адал досы болды.
Иә, әкемнің шығармашылық табиғаты ешкімге ұқсамайды. Әрбір өлеңінің жолында терең мағына, жұмбақ сыр тұнып жатыр. Оның:
Бұтақтарым – биікте,
Тамырларым – тереңде –
деп сездіруі тегін емес.
Мен тамырмын, тараймын топыраққа,
Тамыр өссе тек қана тереңдейді –
деуінде де үлкен мән бар.
Ол өлеңді көбінесе түнде жазатын. Жұмысынан келіп, тамағын ішкен соң жазу орнына отыратын. Жұмыс орнына күнде бір мезгілде отырушы еді. Өлең жазуға арналған жұмыс уақыты бұзылса, мазасы кетіп, ашуланшақ боп кететін. Бір нүктеге қарап ұзақ отыратын. Кейде орнынан тұрып, екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы көп жүруші еді. Өлең жазғанда тыныштықты ұнататын. Ол жазу бөлмесіне кірген кезде біз сыбырлап, аяғымыздың ұшымен жүретінбіз. Әжеміз де, анамыз да сөйтетін. Ақынның жазу ерекшелігі осындай еді. Өзіне ұнаған өлең жазған соң қолына домбырасын алып, күй тартатын. Әкемнің домбырасы - қазір біздің үйдегі ең асыл байлығымыз.
Ол – Абай, Мағжан, Қасымды өзіне пір тұтып, кітаптарын көп оқитын. Үстелінің үстінде үнемі жататын кітабы – Стефан Цвейгтің “Бальзак” атты шығармасы еді. Әкемнің достарынан Әбіш Кекілбаевты, Оразбек Сәрсенбаевты, Асқар Сүлейменовты, Қалихан Ысқақовты, Зейнолла Серікқалиевты, Мәткәрім Әлімжановты ерекше атап өткім келеді. Бұл кісілер үнемі оның қасында болды.
Жасыратын не бар, оның творчествосы аз зерттелді. Ақын шығармашылығының зерттелуі жайлы “инемен құдық қазғандай” десек артық болмас. Әкемді ақын, жазушы, аудармашы ретінде жұрт әлі танып болған жоқ. Ол – болашақтың ісі.
Қайтарынан бір жыл бұрын әкем: “Қызым, сенен үміт күтіп, қазақша мектепке бердім, енді өзің талаптанып, күнде істеген әрекетіңді жазып, күнделік аш. Мен оқып, қателерін түзетіп тұрайын” – деп еді. Бір-екі айдай күнделік жүргіздім, әкем үстінен қарап отырды. Өкінішке орай, ол күнделігім көп қағаздың ішінде жоғалып кетіпті. Әлі күнге дейін “Сол кезде неге ұқыпты болмадым екен” - деп өкінемін. Әкемнің өз қолымен берген, ақжол тілеген аманаты емес пе еді ол?! Әлде менің әлі талай жазылатын күнделігімнің бірі ғой деп селқос қарағаным ба? Білмеймін. Әкем дүниеден тым ерте кетеді деп кім ойлаған? Иә, ерке едім, әкем мені өмір бойы төбесіне көтеріп, еркелетіп өтердей еді. Ажал тырнағына ерте ілігетінін қайдан білейін?
Әкемнің домбырасына, тартқан күйлеріне мұрагер болып, жалғыз ұлы Мағжан қалды. Ал әкемді ақын, суреткер ретінде зерттеу – менің парызым. Кезінде ол маған үлкен үміт артып еді, сол үмітін ақтасам – арманым жоқ.
(“Қазақстан әйелдері” журналы, 1993 жыл.)