(поэмадан)
Дәл осы қазір Ленин алаңында,
Саясында салқын бақ, гүлдің қызыл
алақандай жер жатыр табанымда,
қиялыммен маңайға тұрмын жүзіп.
Мөлдірлігі аспанның, биіктігі,
Жұлым-жұлым ақша бұлт, бұлақ сырлы –
бәрі, бәрі денеме тиіп тұрды,
бәрі менің кеудеме құлап тұрды.
Сезгендей ме иығым салмақты бір,
Сері-сезім шымшиды ойды күліп.
Мүмкін, Алатау құсап қалмақшымын
ала бұлттың жыртығын мойныма іліп?
Сонау күннің-сұйықтау ақ шуағы,
Қара қыран қалықтап барады өрден,
Сұрқай тасқа көк судың шапшығаны…
Секілдімін бәрін де жаңа көрген.
Жұпар жұтып мас болып қайың, емен.
Тұңғыш көрдім адамның бетін бүгін.
Көрдім, көрдім адамды!
Әлі де мен
Өз жүзімді көрмеген секілдімін.
Тоқта, тоқта кеше де осы жермен
Жүріп өткен едім ғой?
Мына жақтан
Қой-тастарға несіне тесілем мен, -
Естіп ем ғой су үнін құлап аққан?
Естігенмін мен бәрін, көргем бәрін,
адамды да ата алар мерген барын,
Қыранның көкті айырып құлағанын,
тұрымтайдан торғайдың қорғанғанын.
Ақ шаш бірақ түспепті айдарыма,
Мен де өмірдің кешіппін от, ызғарын.
Жаңа туыппын – қарасам ойларыма,
Паспортыма қарасам – отыздамын.
Мен отыз жыл жасаппын осы жерде,
Маған таныс отыз жыл дала-мекен.
Мынау өмір бойыңды өсірерде
біраз уақыт тоқтатып алады екен;
Содан кейін бетіңе салып қалып…
Кетеді екен тізеңді қағып беріп.
Содан кейін қайғырып-шабыттанып
бір қараны құшасың талып келіп.
Сонда шындап қарайсың айналаңа,
Тұңғыш рет көргендей бәрін, бәрін;
Тұңғыш рет көргендей қайғылана
Сенде де бас, сенде де қарын барын.
Мен осылай ойлайтын секілдімін,
Дүние – дүние боп жаралғалы,
көрсем егер біреудің жетімдігін
жетім болып көрінді маған бәрі.
Мен осылай ойладым, тіпті мұным
көлеңкем боп көрініп еріп еді…
Көрсем егер біреудің мықтылығын
бәрі маған мықты боп көрінеді.
Ізгіліктің барлығы таныс маған,
таныс маған ежелден сабыр, қайғың.
Тек қана зұлымдықты көрген сайын
бірінші рет көргендей таңырқаймын –
Сен де солай шығарсың?
Біз туралы
Солай, достым, отызға келіппіз ғой біз бүгін,
Отыз керен жаз шығып,
бүрсең қағып күзді күн
Отыз керен бұл жерге жөнеліпті құс келіп -
Отыз керен жер-сұлу ояныпты түс көріп.
Отыз керен мұз еріп, отыз көктем-күн туған,
Отыз керен гүлдер де шешек атқан, құлпырған.
Отыз керен қырау кеп әйнектерді шимайлап…
Отызыншы бұзауды желін әжем тұр байлап…
***
Біз бөленген ағаш бесік – оған да отыз жыл бүгін,
біз естіген алғашқы үн, саған да отыз жыл бүгін.
Сол алғашқы үн сәби үні – адам үні болмаса,
адалдық пен адамдыққа тырыспас ем мен де аса.
Сол алғашқы басқан ізім – адам ізі болмаса,
адымымды кең алуға тырыспас ем мен де аса.
Алғашқы үн!
Алғашқы із!
Бар ғұмырым – сен үшін,
адам бола алсам егер – екеуіңнің жеңісің.
Ән
(бірінші естелік)
Қыз бен келін көңілді –
тұр, бар жылдам отын шап:
«Халқым сүйген Сапура
Сәбетіме депутат.»
Кемпір, кемпір бар жүгір,
Құдықты қаз, қойды бақ:
«Халқым сүйген Сапура
Сәбетіме депутат.»
Қозы жайдық бар бала,
Жайылтпайды жетім лақ:
«Халқым сүйген Сапура
Сәбетіме депутат.»
Кендір қамшы тақымда,
Бұзау бақтық – көңіл шат:
Халқым сүйген Сапура
Сәбетіме депутат.»
Ыңылдайды қарт ана
бір тең жыңғылды арқалап:
«Халқым сүйген Сапура
Сәбетіме депутат.»
Бір-бір сиыр сүтімен
бар қасірет қайратын.
Сонсоң бұл әнді бүкіл ел
Тебіреніп тұрып айтатын.
Шегініс
Дүние үнсіз. Тұр мүлгіп. Жауап бермейді ешкім де,
Тіл жоқ болса маңайда – құлақ бар ғой естуге?
Тек естісе болғаны. Жауап күтпен. Не керек.
Тау мен тастың мен үшін үнсіздігі – керемет.
Құз-қияны қиқулап шарлап шығып жаңғырық
ұлылығын таулардың паш етпей ме ән қылып?
Мен қосылам сол әнге,
Үндесемін үнсізбен,
Үнсіздікке табынам – өйткені ол мәңгілік…
Соғыс
(екінші естелік)
Бір шылымды тартатын келінімен шал бөліп,
Шырт түкіріп содан соң шығатұғын әлденіп…
Біз тасадан шылым мен түтіндерді бақылап,
Түйе қарын жапырақ – соратынбыз жатып ап.
Шылымға ерте үйрендік – тартатынбыз түнде ұрлап,
Жеңімізден тартатын жеңіл бұта сылдырлап.
Қалтылдайды бұтадай саусақтар да ап-арық,
түн – қараңғы, шоқ-қызыл, аузымызға апарып, -
Күлер едің, ағасы, көрсең сонда бетімді
шылым қысқан қос саусақ – масатемір секілді.
Қайыс қара ек біз онда, ағарғамыз жоқ әлі,
Не ағарса – ол мына көйлегіміз болады.
Қап-қара едік біз онда-масатемір іспеттті,
Жұтқызды ол күн түтінін, отын бізге тістетті.
Конфет емес, от сорып ойнаушы едік біз ол күн,
(ащы болса бұл қатем – тәттілермен түзермін).
Құмар едік ащыға – түтін менен тұзға кіл ,
Мүмкін содан көп сездік сол түндердің ызғарын?
Бір жолаушы тудырса айлап жатып жол-ана,
Иттен әрі қуанып жүгіруші ек далаға.
Қайғыланса, ал, біреу қараушы едік молаға –
ащы сорған баланың – ойы да ащы бола ма?..
Көнбіс едік дегенмен – секілді еді заңдылық
атшоқайды берсе ана бір-бір үзіп нан қылып.
Кекшіл едік керемет – қара бұлттың қабағын
Найзағайдың тырнағы осып-осып алады.
Бұлт бетінен қан саулап ағатындай сәтте осы,
боялардай қызылға Атыраудың ақ төсі –
қас қаққанша сескеніп – тағы жарқыл…
кетті орып,
Сол жарқылға қараушы ек кәдімгідей кектеніп.
Бірте-бірте сіңді ойға заңдылық боп осы да,
есектердің ақымақ айқайымен қосыла.
Қара талқан. Жыртық үй.
Кешіккен хат.
Күткен күн –
Заң секілді ед ауылдың маңдайына біткен бір.
Күлкілерге көздегі, ожауларға қолдағы
Табына кеп қараушы ек – заң секілді ед ол-дағы
Атануы жесір боп келіндердің сондағы,
Түс жорыту тұра сап – заң секілді ед ол-дағы
Жалаң аяқ туған соң – етік кимеу бұ да бір…
Заң секілді ед бұраса әже ұлының құлағын…
Шегініс
Солай енді… отыздамыз, отыздамыз – аз ба бұл,
Отыз жылда адам құсап отыз өлең жазбадым.
Осындай ой жүр ғой бізді мезгілсіздеу қартайтып –
Отырғам жоқ кәрілерге ұнау үшін жорта айтып.
Қой, қой оны, жаспыз ғой біз – жасартады күн әлі,
Жасартады әлі бізді аталардың тұмағы.
Қартаймайды біздің ұрпақ - әзірге аға, ата бар,
Хақыңыз бар алпыс жаста – күйеу бала атанар…
Бұрғышының білегіндей білем-білем құм жатыр,
шылымшының маңдайындай қатпар-қатпар қыр жатыр.
Шикі бауыр секілденіп дір-дір етіп жон жатыр –
Соны салған тегеш құсап қоңыр дала – қолда тұр.
Сол тегештің ернеуінен күн қарайды, қызыл нұр
тамшы шықтың жанарында жылт-жылт етіп жүзіп жүр.
Оған да енді отыз жыл ғой - біз құрдаспыз сол нұрмен
біз құрдаспыз әлемдегі пәктігіңмен, мөлдірмен;
айырма тек: пәктік пенен мөлдірлігің – мәңгілік,
біз кетеміз соларға ақыр көзімізді қалдырып.
Көз – мәңгіге жасайд дейді тірі тұрса көргені,
көз өлмесе – адамның да тірі жүре бергені.
Сондықтан да мәңгілік қой тіршілігің жердегі!
Тағы да ән
(үшінші естелік)
«Қар жамылған кең дала»…
Жаз ғой қазір, шілде ғой?
«Жас қазақ мұрттай ұшты айқайлап»…
Отырмыз ғой үндемей?
«Гүрілдейді өлім төгіп сұр аспан»…
аздап қана жаңбыр жауып өтті рас.
«Жас қазақ жатты көзі от жайнап»…
Көрмек болам көзімді ескі айнадан.
Ерке лақтар енесімен жатты ойнап.
Түтін исі. Иттің даусы. Айдала.
Аспан кетті бірте-бірте алыстап,
Жап-жаңағы қара бұлттар – қызарды.
«Жас қазақ жатты жауын жаныштап»…
Жұлқылаймын ұшып тұрып бұзауды –
Осылайша ұғатынбыз әнді біз.
Көлеңкелер үнсіз күліп селкілдеп,
Мазақтайды – қайталайды бұтаны.
Сүт береді кемпір кеп –
Көкшіл сәби солқ-солқ етіп жұтады…
Шегініс
Осылардың бәрі енді түсте көрген елестей,
Көп жылдардың тұманы басып қапты – көмескі ой.
Метрикам бойынша цифрлап-ақ сөйлер ем,
Мұның өзі тіпті де өмірбаян емес қой?
Шахтада
(төртінші естелік)
Қаптап жанған қара жалын секілді
Қара бұйра аққан көмір – қайда бар.
Қара тасты қадап-қадап шоқиды
Сауысқанның тұмсығындай қайлалар…
Үй еңселі,
Сүйем сені!
Ағаш бесік ырғалып,
Жылауығын жұбатады ана жас.
Бесік жыры естіледі бір нәзік
Қарағанды боранымен аралас.
Кешке есікке сүйеніп сол қайла тұр,
босағада кім-кімге де бос орын.
Ақсақалдар ақсай шығып далаға
Жемдеп жатты есегін.
Ал, таңертең?
Бір-бірімізге асықтық –
Сол күн газет «ару-айдың»
арғы бетін басыпты…
Шегініс
Солай, достым, кәріміз ғой қашаннан –
Он бес жаста Кошевойдың шашы ағарған деседі…
Төрт жаста біз жетім болдық аяулы,
Сегіз жаста колхозшы боп,
күннен бұрын ояндық;
Он сегізде әке болдық байсалды,
Жиырма бесте он жылдықты бітірдік,
Институтқа енді түсу ой салды.
Біз осындай адамдармыз, ағайын,
Отыздамыз дәл бүгін.
Бірге ауырды жанымыз –
доктор қазып шығарса
Денелерден бомбалардың қалдығын.
Сонда сынған қабырғамыз біздің де –
Сықырлайды әлі күн.
Сонда өртенген ормандар
әлі бізден жасырады жалынын.
Көрген жоқпыз бас қамдап,
оқ жоғалса – жүректерден шығады.
Сонда оқ тиген жас солдат
Құлай алмай тұр әлі.
Сонда атылған жалғыз оқ
келе жатыр әлі ұшып,
Уақытпен алысып,
уақытпен жарысып –
Сонау баста осы оқпен
Ойнап атқан адамды іздеп келеді ол,
іздейді ол космостан, төсектен,
Әрбір жапа шеккен кек пен денеден.
Сол оқты атқан адамның
табылары маған хақ,
Оқ - әлемдік құныкерді тауып ап
маңдайына мықтап тұрып қадалмақ…
Жасалмасын қиянат,
Отыз жаста қартаймасын деп адам,
денелерге осколок емес,
жылы шуақ ұялап,
Қайғы атаулы жоғалсын деп санадан,
Мылтығымызды оқтап қойып жауға атар,
Көгершінді асыраймыз мәпелеп –
Мұның бәрін ойлаймыз біз – қайда апар,
Отыз жаста бір яслиге әке боп.