шағала өтті шаңқ етіп,
сұрша-байғыз қалды аман,
бүркіт қонар тұғырда қарқылдады қарғалар.
Ақынды алдап өлтіру, деді біреу, жат, айып,
бірақ батырдың басын қымбатырақ сатайық!
Сонда ақынның қолынан құлап түскен қаламын –
жарты ғасыр өткен соң Маяковский алады,
хан әлсіреп, туғанда ой да тағы қатайып,
ақ семсерін батырдың ойнатады Чапаев.
Бас қырқылды, ал, сол жолы,
кеуде тынды бір түрлі,
басы кеткен кеудедей ел де тын-ды, бір түрлі,
шөпті сылдыр еткізіп, жел де тынды бір түрлі,
кірпігіне бұтаның мөлдір шық іркілді,
кірпік қақпай қайың тұр,
самал леп жоқ үп еткен –
әйтеуір бір ел болды түтіндерін түтеткен.
Ел де айдын көл секілді,
толқымаса – өлі су,
ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.
Бөліседі кім мен кім?
Бөліс деген – далбаса
неғылады бөлісіп,
егер түгел алмаса?!
Айдын тынды сонымен,
толқындар жоқ жай күнгі,
әлдекімдер зар еңіреп бауырынан айрылды,
Орал деген ордалы тау ұлынан айрылды,
Атырау мен Ақ Жайық дауылынан айрылды.
Айдын сұлық,
шалшық көл жылтырайды ол, әне,
шалшықтардың бетінде толқын қайдан болады?
Желп еткізіп селеуін құм күрсінді,
тынысы
ой салмады –
сезбеді аңқау жұрттың мұны іші –
жанды жерден жабыла ұр – бәтшағардың жұмысы;
“халық қамын ойлаған” патшалардың жұмысы
қылт еткенді қырқу ед:
біреу өссе маңайдан
ақ патшаның қылышы сілтенеді қалай дәл,
ұзын еді не деген Еуропаның қылышы!
Азияда қырқылған шын батырдың басы әлгі
Европаға жол шекті салтанатпен жасанды.
Басы кетсе дененің – бітіруші ед кеуде не,
бітірері: “байғұс-ай, обал болды-ау” деуде ме?!
Олай болса бұл тірлік оңай екен пендеге,
оңай жолмен, ақыным, жүре алмайсың сен неге?
Жұрт осылай ойлайды, өтейді өстіп парызын,
түсінбеген құлаққа күй де, жыр да – бәрі ызың.
Шебер десең бұ тағдыр –
бас шұлғиды, басы – әйгі,
баста не тұр, қарында болмай ма екен ырыс, бақ.
Ағашты да қорламай кесу үшін дұрыстап,
қол араның жүзін де қисық-қыңыр жасайды.
5
Тасығанда Атырау – сай, жыраға су құлап,
бел айтады сыбдырап – қамыс, қияқ судырап,
жел айтады ымыртта бұлтын айдап шұбыртпа,
шал айтады ымыртта құманынан су ұрттап:
қоғалы көлдер,
құм сулар кімдерге шәрбат болмаған,
саздауға біткен құба тал
кімдерге сайғақ болмаған.
Шәрбатта қадыр қала ма құм суына баласақ,
құба талға да обал-ау сайғақ деп қана қарасақ.
Атырауға құйып қал,
Еділ мен Жайық, таласа ақ, –
біз де ерміз-ау уақытты асықтыруға жарасақ,
шалымың барда әу деп қал,
шайқап ал сөзді шабыттан,
өңменіңе өлшеп сөз сөйле,
арыңмен ақтал – анықтал;
Өшесің сен де түбінде –
шамшырақтарым, жанып қал
жылуың болса жылт етер –
жанып қал деуден жалықпан..
Пәлсафа, тоқта, мұң құйма
бұрқырап ағар ойға есіл,
дананың ойы, қоя тұр,
ақынның тілі сөйлесін!
Уақытша болса қорғау да
Еділ мен Жайық арасын –
арғымақ мініп, арлы ақын,
алқынып қайда барасың?!
Шамаң барда шалқып қал
шағала құстар шарқ ұр да,
арғымақ мінген, алға түс,
жабылар жүрсін артыңда –
топырлай атта, тұяқтар,
Толқынның жалы, жарқылда!
Білгендіктен өлерін көрсетеді ел өнерін,
ерлік етсе – өлерін білгендіктен дер едім.
Жалынды ақын жасамау үшін түбі жасық іс,
ажалға өзі соқтыққан іздеп барып асығыс.
Жел, сен де асық, тарт алға,
ұмтылғанға бер медет, –
бұлт та асығыс келеді Алатауға өрмелеп.
Найза-шыңға соқты кеп қап-қара бұлт түнере,
ол да өзінің бір жауса – “өлетінін” біле ме?
Жапырақтың да жаны ояу,
сыбдыр қағып ояу үн,
ол да ерісер мезгілмен сақтау үшін бояуын.
Ал, кей жігіт жан қиса қарынының қамы үшін,
неге жанын қимайды сақтау үшін намысын?
Ал, қызғыштар көл қорып шырқырап жүр,
шырқырап,
ел қорыған ер де сол – таба алмапты бір тұрақ.
Ебі келсе ердің де ерке басын қырқып ап,
ал, көлгірлер жүр әлі көзі күліп жылтырап.
Ал, жарынан аса алмай Жайық жатыр баяғы,
толқындары көк тасқа тайып жатыр баяғы;
тасасында тастардың,
қабатында құмдардың
ақынды алдап өлтірген айып жатыр баяғы.
Батыр өлсе – арлының ажалы деп толғаған,
арлылардың ажалын – базар депті бар надан.
Ал, ақындар ажалын санамаған ол қоғам:
“тақ мінгендер – жендет-ті,
онда сот жоқ – ауыз жап”.
Грибоедов жыршыны Тегеранда бауыздап,
Пушкинді алдап өлтірді –
өзің ойла, көп пе, аз ба –
Лермонтовты бір ұры алдап атты Кавказда...
6
Басын алып батырдың хан мен бектер аңдыған,
жиырма аттылы саусылдап, атқан шақта таң қылаң
сырты “жуан” сұлтанның өтті дейді алдынан.
Сұлтан сонда мырс етті,
мұрты астынан сөйледі:
– Мынау ердің еріне лайық іс қой!–деді.
Бөрімісің, Бекетай,
барыспысың жас арлан,
қайсың, деді,
батыл ғып хас батырдан бас алған?!
Өлексеге түсетін қарға құсап қалбақтап:
– Уа, сұлтаным, мен – деді
біреу ұшып алға аттап.
– Жоқ, мен! – деді бір сымпыс екі бұты иректеп,–
қылыш шабуға үйренген жігіт едім үйде ептеп.
– Жоқ, ол емес, мен! – деді шолақ адам
бір мыртық, –
қоя алмадым елімді “бір тентекке” бүлдіртіп.
– Семсерімді біраздан сынай алмай жүр едім, –
ақ семсерді, бірі айтты, өңменінен тіредім!
Сол-ақ екен, шолақ топ қаруларын серместі,
қамшылары шошаңдап:
“Мен, мен” десті, “мен” десті.
Біреулері даурығып дауға басты енді ескі,
бұралқы иттей бірі ұлып аңсап тұрды келместі.
Бапты сұлтан балғын жүз жігіт еді бір сұңғақ,
сұңғақ бойға ылайық біт