Екі ғұмыр кешіпті – екеуі де жөн емес,
кешкен ғұмыр – ғұмыр ма,
ылғи тақас, ерегес: ақын ғұмыр – тек егес,
батыр ғұмыр – төбелес.
Хан салғанда тепкіні,
би бастады түрткіні,
жұртым деді жұлынып – түсінді ме жұрт мұны!
Халқым деді қақырап қайқы қылыш қолға алып –
қайда бірақ сол халық?!
Қыздырғанда сары қымыз,
қақсатқанда қайғы шын –
біреуі ерсе дақпыртқа
көбі еріпті пайда үшін!
Елді ойлап ед осы сәт – елестеді құм үсті,
сирек түтін, сұр сағым, қыз құшағы бір ыссы,
аңқау азаматтары әзіл айтып, тамсанып,
қонақ етер жауын да құдасындай қарсы алып.
Ешкі маңырап, езі оттап,
көрпе жайған шаршылап,
қой қорыған қарақшы, ін қорыған саршұнақ.
Елестетеді тағы да: күшігі үріп, үйі ұлып,
ұшып кебіс салған ұл жалба-жыртық киініп.
Қоғалы көл, құм суы,
Көкорайы жап-жасыл –
аунаушы еді боз аты жап-жасыл ғып жамбасын,
асық атқан баласы, абысын-ажын ызғышып,
қыз қорыған кәрі ана,
көл қорыған қызғышы!
Ей, қызғыш құс,
пейілің үшін сені шын асыл
айдын көлден айырды ала бауыр лашын.
Тарлан – таудан құлады: Құм-Нарынның белгісі,
құмнан қайрат күткенім – құрығанымның белгісі,
мен жылайын – жыласам,
саған не жоқ, көл құсы,
тарлық етсе лашын – тырнағының белгісі;
жарлық етсе жаман хан – оңдалмайды енді ісі:
хан қараға жауығар келген шақта өлгісі.
Хандар – күшті, дала – үлкен, халық – қара,
мен кіші,
кішімін деп халқымды жауға берсем – нем кісі!
Мені қорлаған жалғыз-ақ әлсіздіктің белгісі:
хас-батырды қатынның келетіні жеңгісі!
Қатын – жар ғой, береке,
жар жақсысын сүйген ер,
ер де сүйсе – шам көрген көбелектей күйге енер.
Берем десең, құдірет, жақсыларға сыйды егер,
ерліктерін – түзге бер, берекесін – үйге бер,
жеңділерге – білек бер, жағалыға жүйме бер,
жеңіс берме жаманға, жеңсе – жаман үйренер:
жаман үйренгені сол – жия алмай жүр хан есін,
әділеттің жоқтығы – күшейткен ғой дәмесін!
Батырмаса тырнағын басқаларға басында,
лашын не, торғай не – бәрібір ғой, расында.
Күш көрсетсе тырнақты – тісің жұмса;
аршаның талдан осалдығына таң қалам деп шаршадым,
жөдігөйдің тіл-жағын жалға алам деп шаршадым,
маубастардың мадағын малданам деп шаршадым,
амалына арсыздың алданам деп шаршадым.
Ауыз-дәрмен, байламын байқасам деп шаршадым,
жауыздармен айлалы айқасам деп шаршадым.
Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,
сені көлден айырған лашын құстың екпіні,
мені елімнен айырған Хан мен бидің тепкіні.
Ел қорғамақ болып ем – басым қалды зор дауға,
менің елім, құрығанда, татиды екен қорлауға,
ей, қызғыш құс, тати ма, сенің көлің қорғауға?!
Көл қорыған – сен едің,
ел қорыған – мен едім:
жас егілген тал үшін – орман болсам деп едім,
жел жапырса қамысын –
зордан болсам деп едім, –
жел жағына жетімнің қорған болсам деп едім.
Ақ Жайықтан ат мініп әрі асқалы келемін,
арғы бетпен аптығып жар асқалы келемін,
жаманға – үрей,
жақсымен жарасқалы келемін,
тағдырыммен тағы бір таласқалы келемін!
Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,
тағдырымыз – бір, әттең, жарамайсың жолдасқа:
бас сауғалар тірлікке жаралғансың сен баста,
жем алмайтын жеңбесе қасқа болдым мен қасқа,
ұя басар бүркіттей тасқа қондым мен қасқа!
Қыран-бүркіт безерде жылуынан ұяның,
тасқа жанып өткірлеп алады екен тұяғын.
Тас бүрмесе шеңгелі – қауқар кеміп, күш түсіп,
қыранның да алысқа келмейді екен ұшқысы,
Тас баспаса табаны – арғымақ та ақсайды,
суырмасам ақ қылыш – қарым ұйып қақсайды.
Жауға – жаман түс болам,
доспен саулық сұрасам,
Жан қармаймын, жау табам,
Жайық асам, қыр асам!
Сен не білдің, не білдің, бейбақ сорлы, не білдің,
көкірегінде көліңнің күшті жаудан жеңілдің –
саған не жоқ, қызғыш құс,
мен жылайын – жыласам;
досым бар-ды бір ұлы – қысқа болды ғұмыры,
ол кеткелі дос түгіл, жау таппадым бір ұлы –
айдай әлем алдында айтып салып шын атын,
айқай салып, тым құрса, жекпе-жекке шығатын.
“Адыра қалған Нарында” туды талай ірі ақын,
бір батыр ұл тумапты маған қарсы тұратын.
Қыңыр желке – қырғыш көп,
қулық-сұмдық сұрапыл,
ұстара жоқ, тым құрса, сақалыңды қыратын.
Аһоу дедім – тумады жаңғырық та тым құрса, –
жел шақырып жылыда жылқышы-құс шыңғырса,
жаңғырығар тау ғана қаншама алыс болса да, –
“біздің бүйткен тірліктің” бүйір үнін – сол сана.
Есесіне жүйрік көп, кермелер көп,
бар ізгі
батагөйлер бақ көрген лұқпандар тәрізді.
Хан, төре бар алаяқ – ел ертеңін болжамақ,
суық қымыз жұтатын, сұлуларын олжалап.
Елім дейді солар да,
халқым дейді қақырап,
тоңқаң қағып тон киген тоң мойын мен ақымақ.
Көз ашпаған күшіктей күн көретін қыңсылап
күншілдер бар,
өлермен – өш алады сыңсып-ақ.
Жесірлер бар,
жетім бар: қасірет бар, қапа бар,
боз дала бар: желіде боздап қалды боталар.
Түйдек-түйдек сөздердің түйген жерде мәні бар,
түйсікті ерлер кездессе – бір жалт етіп танылар.
Аза асына союға ағайыннан алынар
боздап жүріп от шалар боз інген бар жануар –
“адыра қалған Нарында” не жоқ дейсің, бәрі бар:
айдын көл бар қопасыз,
жайдақ қыр бар жотасыз,
азамат бар батасыз, аруана бар ботасыз,
қу құлқын бар баяғы, баяғы өмір – опасыз.
Ойраны бар ошақтың, шаңырақ бар тұл қалған,
ақ жаулықты ана бар – бірде дана, бірде аңғал.
Жалбарынсаң жаумайтын
бұлттары бар бұлданған –
енді қашан бұлданып болар екен бұл жалған!
Барсаң – сәл