І
Бүгінде өнерпазды халқы қалап,
танымақ,
табындырмақ,
талқыламақ...
Мен-дағы жерді оярдай нық басамын
Салмағым болмаса да жарты қадақ.
Берсеңші, тағдыр, жүрсе заңың, маған
Мінезін бір өзеннің ағындаған!
Сол болып шайқалтайын шың мен құзды
Сағымның құшағында дамылдаған.
Жаңадан талай жайды үйреткелі
бір күндер келе жатыр сүйреп мені.
Не көрсем аз тірлікте соның, соның
Кеудемде (көзімде емес) суреттері.
Дала аунайды түгіне қырау қатқан
түйедей бір жеріне бұрау батқан.
Кемітпе көшпенді деп – түйе мінсем:
Өз елім, өз мекенім мынау жатқан.
Түйемен, рас, бабам көшкен, білем,
Көкитін көшпенді деп өшпенді ме ең?!
Ізімен Асан мінген желмаяның
Жазылған тарихқа қол қоямын...
Қайғы емес Асан, қиял–арман дедім
естимін әлі күнге алған демін.
Несі айып арман етсе Асан ағам
Жақсылықты заманы жасамаған?!
Жыл – іні, ай – қарындас, ғасыр – ағам,
уақыт алдында ішкен асым адал!
Себебі адалдықтың: мен де өзімді
Асанша армандармен асырағам.
Суда ойнап сымпың қағып, жапырақтан
Сапырып сары алтынды шашыратқан
Жел, құйын – қолқанатым,
әлем – сарай,
Жер – еден, әйнегі – күн, шатыры – аспан.
Сондықтан қысылмадым, қымсынбадым,
қадірін қымсынбаудың білсін жаным.
Бірге ағып толқынымен Ақжайықтың,
Төсінен Атыраудың сусындадым.
Ала үйрек айдынымда жүзді, міне,
Шылбырын бір сәйгүлік үзді, міне,
Бұлт болып ойнақтасам көк жүзінде
Көз жасым тамар енді түз гүліне!
Мен енді сізді күйге жүздіремін,
Жас құсым балақ бауын үзді менің.
Тер шықса маңдайымнан,
білектен – күш
Мінеки, біздің бақыт, біздің өмір!
Байлықтың бақша-бауын базарларын,
Әзірге келістіріп жаза алмадым.
Тек қана берді маған жаратылыс
Жаңа үміт, жаңа қуат, жаңа тыныс.
Туып ем бауырында кер төбенің,
Сондықтан дәнім пісті ерте менің.
Адырдың кеудесіне сілкіп жапқан
Сағымдай сар-далама еркеледім.
Мезгілден қалмау үшін жүрегім бұл
айғағы тірлігімнің, жігерімнің –
Кішкентай көкірегімде дүрсілдеп кеп
Соғады сағаты боп бір өмірдің.
Сыр болшы, байқаусызда төгілгенім,
Жыр болшы, күңіренсем көңілдегім.
Мен едім бала күйші баға алмаған,
Қарашы, саусақтарым жағал–жағал.
ІІ
Уа, дала, дала саған аян бірақ:
Нәр болса құмаршығың қоян-құлақ,
Мыстанның тісіндей боп тұрды ысқырып
Сарғайған аңызақта сояу қияқ.
Таба алмай өз арнасын көп адасқан,
Су орнын қау қаптаған,
Қоға басқан.
Қауы да қыңырайып қайқаңға өскен
дала бұл: қазақ көшкен, “шайтан” көшкен.
* * *
Жалындай сайды шарпып, қырға өрлеген,
басылып құйыны әлі үлгермеген
дала осы...
сол дала ғой, бірақ, бірақ
бүгінде қаңбағы да тұрақтырақ.
Құлпырды бүгін дала-түз дегендер,
Қаңбақ пен құйынды енді іздемеңдер.
Қаңбаққа салмақ біткен,
Құйынға – ақыл,
ақылмен сөзді де алдық қиындатып...
Бұл аймақ, алтын аймақ – таң арайлы
Желпиді самалымен қарағайды.
Даланың қақ төрінде паң Алатау
Дүние қол бұлғаса – қарамайды!
Тек алыс-қиырлардан ән келеді,
Көңілің аңсағанда әлденені.
Төсінде қара вагон қайқаң қағып
Бұл өлке миллиардтап дән береді.
Сапырып сары қымыз, саба қымыз,
“Қарағым, болмай қалды арағымыз!” –
деп әже өткен күннің көп елесін
сақтар тек,
Сонсоң сүйіп немересін...
Күй үшін тек баяғы күмбірлеген,
дүкеннен домбыра алды бір-бірден ел.
Басына Қаратаудай мұң шөксе де
Қонағына ештеңе білдірмеген –
ер көңіл жан, не деген көп едіңіз?
Көшіріп тауға қоссақ төбені біз –
біз бүйттік деп
ғұмыры мақтанбайтын
Қоңыр ел Қазақ елі дегеніңіз.
III
Туған жер, бөрте бұлақ, бұла желім,
Сөзіме куә болшы мына менің:
Біржан сал, алшаң басып Ақан сері
байлаған бір бұтаңа Құлагерін.
Шабыттың шырқауынан бал сіміріп,
асығын тағдырының алшы ғылып,
Құлагер сенікі емес, менікі деп
Бір жақтан шығып еді Жансүгіров.
Арынын ақ өзеннің алған тонап,
Далаға әнші Мұқит болған қонақ.
Талқан қып темір торын тағдырлардың
Ерлікті шықты арқалап Балуан-шолақ.
Қазақта көп еді ғой аяулы адам:
жолықты Жаяу Мұса жаяу маған.
Әнді де Айлы кеште жел аударып,
толқыны барып-барып баяулаған.
Абай деп аталыпты әлгі мықтың
Көп уақыт сырын іздеп жаңғырықтың,
Дән теріп даласынан дана ақылдың
Қабына салып кетті мәңгіліктің.
Сезімді талай жайлар еліктірді,
еліктің кеудесіне желік кірді –
Батыстан соққан желдей Құрекең-күйі
құлаққа келіп тұрды, келіп тұрды.
Іздей ме қонақжайлық күнде менен!
Қол соқтым, бірақ өзім үндемеп ем,
бұлт болып күйші рухы қарауытты –
Кеткендей болды сонда жер ауытқып.
Кеш, ата! Құдіретіңді жаңада ұқтым,
бір бұтаңа бүршік боп қана біттім.
Сен – емен,
жел үп етсе ұшып түсер
бір тамшы ышығың боп жаралыппын.
* * *
Уа, дала, дала, дала мына әлемнің
асылын таңдай бердің, жия бердің,
Мысымды мысқалдап кеп өз қоймаңа
Тасыдым мен де саған – куә болдың.
Қармалап тал, бұтаңды ер жетіп ем, –
Ізімді өшірмеші жер бетінен!
Селт етіп қамыстың да сылдырынан
Қатерлер қайығында тербетілем...
Дариға-ай, қайда кетті Қасым ағам!
“Дүние қасіретіне жасымаған”.
Жоқ енді, амал қанша!
От еді ол
мен ұшқын сол бір оттан шашыраған.”
Сәбимін жиырма бесте есі кірген,
Жиырма бесте
білгеннің несі білген?!
Залында өнерлі ойдың толған адам,
Мен тұрмын батпай қарап есігінен.
Сондықтан бүгінгімді өлшеме, Жер,
тек, тек, тек талабым бар өршеленер.
Бір шөкім гүліңмін мен – тірі болсам,
Бір уыс топырағыңмын – өлсем егер...
Дүние, кезің бар ма желікпеген –
сонау жыл көшпелі деп кеміткен ең,
айтады Ертіс алғыс,
Жайық – сәлем
Қай кезде қыр көрсету лайық саған:
Өзің аңғар, Дүние,
алдыңа әкеп
Қазақстан картасын жайып салам.
Қопарып қала салдық төбені біз.
Кестесін кең далаға төгеді қыз.
Таңдансаң тағы қара, әлем көзі,
Міне, осы қазақ елі дегеніңіз!
IV
Сәуірдің аспанында бұрқыраған,
бір құлаш
ақша бұлттан жыртып алам:
үңілем кеудесіне дүниенің,
түк емес сұлулықтың сырты маған.
Аһ десең от шығардай! Алтын күннің
Ғажайып қызуына балқып жүрмін.
Еңбек, бақыт,
Жаралдым жер түсінде,
көңілімді ылғи алға талпындырды.
Май сын-ды отқа еритін, күлкіге еріп
кеткім бар;
қане, көңіл сілкінелік!
Лақылдап бір жағымнан бұлақ ақса,
Бір жақта тәкаппар тау түр түнеріп.
Қайсысы болар екем сонда осының?
Әзірше алдым жай бір пенде есімін.
Жо, жоқ-жоқ, жаман болман!
Мына өзім
Мұхтар мен Махамбеттің жерлесімін!
Қиқуға ере шабар желікпе емен,
болса да көп кездерім еліктеген.
Өзімше, тек өзімше ұғам бәрін,
Өзім боп қолда барды беріп келем.
Деуші еді, маңдайыңның сына бағын, –
сынаймын,
Сонсоң өзім сыналамын.
Өзге боп күлгенімнен әртіс құсап
Мың артық өзім болып жылағаным.
Бір ымырт беріп кеткен мұңды маған,
Сол үшін бір қуансам – мың қуанам.
Қанша екпін сөз жүзінде тапқаныммен,
Жүгім бар орынынан жылжымаған.
Табиғат мені осылай үйреткен-ді,
Өзіме ән арттырды, күй бөктерді,
Өмірдің айдынынан сазан қусам,
Мезгілдің шанышқысы түйреп берді.
Сондықтан бар қиынды жеңе білдім,
Мен қазір қайық емес, кеме міндім.
Жетті енді масылдығым!
Уа, замана
Кел, өзің желкені бол өлеңімнің?
Селкілдеп сеңсең өзен қайраңда ағып,
Қарайды жағалауға жайраң қағып.
“Бұл несі, бұлар неге мәз болды?” – деп
Жартас тұр қарауытып қайран қалып.
Құс ұшты, бұта қалды сыбдыр–сыбдыр,
Әлгі құс ұшып кеткен бұлбұл сын-ды.
Үріккен бақыт құсы ма екен әлде,
бара алмай байыбына құр күрсіндім.
Тоқтай тұр, екпінді жел, баспалама,
Тілеймін тьшыштықты астанама.
Емізіп бұлт-емшегін Алатауға
Керіліп жатыр, әне, аспан-ана.
Бір жылжып, бір тоқталып шудаланған
Көкірегін демігіп суға малған –
Сүлдесін сүйрейді кеп, шыға алмайды
Тау-қырдың қойнауынан бу қамалған...
Шөп үркіп жел алдында анадайдан,
бір керім күй еседі қарағайдан.
Қорқақтар іздейді бір жаңа қуыс,
батылдар –
Жаңа күрес, жаңа майдан:
Мен екем осы ортада шалағай жан!–
Ағаға ақыл сұрап Сіз деп келем,
Ініге құдіретпіз біз деп келем,
әйтеуір өз сөзімді тізбектеген,
өзімді, өз тағдырымды іздеп келем.
Әйтеуір бар білерім – кішкенемін,
Ұлы істі әлсіз қолмен істемедім.
Жел болып шайқалтам да түбі осалды
Мықтыға өзімде жоқ күш беремін!
Арымды өлшемеймін безбенменен,
Жайым бар көз көрмесе, сөзге ермеген.
Өзге емес өзіңдегі әлсіздікті
Япыр-ай, қиын екен сезген деген...
* * *
О, адам, асыл адам, адам, адам,
Толғандым өзің жайлы бағанадан.
Бәріңе жалтақтаймын,
алаңмын мен,
тым, құрса,
бірің бар ма маған алаң?
Аз елде азғын да көп,
таза да бар –
жайым жоқ азғынды ойлап азаланар.
Тірліктен рахат қуып келгендер көп,
ал, рахат қуғандар – азап алар.
Көл орнаттық көшіріп төбені біз,
Көл жағалай малшы жұрт – береді уыз.
Көңілі сол уыздай адал, әппақ
Әппаққа кір-қоң да үйір деп едіңіз –
Сондай ел – қазақ елі дегеніңіз.
* * *
Бер, тағдыр болса сенде, нәзік үндер,
арындасам – асаудың қазығын бер.
Көзге түспей толқиын түнгі судай,
жүзіме түнгі судың әжімін бер!
Көзіне қарап тұрып кәріліктің
Келіп ед бәрін білгім, бәрін ұққым.
Амал не, несиеге арман берсем,
Ақылдан қарыз алып тарығыппын.
Сондықтан екі-үш досым әлі маған,
қарайды жансың-ау деп дарымаған.
Дарымаса – дариды көңлі адалға,
Сенен жөндеу болармын – болмағанда,
тек құдай сақтаса екен кей жігіттен
әрі ессіз,
әрі жауыз,
әрі надан.
...Жан емен өз мінімді бүркемелер,
бүркегенге есек те үрке келер...
Бұл жырды “Кішкентай” деп аяқтадым,
Осыдан басталар деп, үлкен өнер!
1960