Сұңқардың соры артық.
Бауыржан Момышұлы
І
Қызғаныштың күйін күйттеп көбіміз,
қызығуды да ұмыт еттік тегі біз:
таңдануды білмегеннен көбіміз;
Шың бақыты – бұлт қонғаны деп кергіп,
көп күндерді бос кергумен өткердік,
Тағдыры артық жаралғаны жоқ есте –
тектілермен түстік талай егеске.
“Мен өсейін, деу үшін де сен есте”, –
топырағың болу керек емес пе?!
Қара шыңға тоқтамады қар да ызғып.
Қарғып шыққан қадау шыңдар қалды үздік.
Күндегенмен қасиетіңді, қадау шың,
қасіретіңді түсінбедік, жалғыздық!
Тереңдіктер, сендер де асыл, сен де асыл,
Тебіренесің өзің терең болғасын –
Менсінбейсің, деп өкпе артқан көп ақын.
Тек көп ақын бізден терең болатын,
әрі бізден батылырақ еді олар,
ойлары да тілдеріне оралар
уыттырақ, болушы еді оттырақ
біз секілді болмады олар көп бірақ:
Гете, Пушкин, Цицеронның шалт үні
терең болып, теңіз болып шалқыды. .
О, ұлы тау қыранының саңқылы,
Ұлы теңіз қаздарының қаңқылы.
Қалың жауды қысып берген қыссыз-ақ
Спартандар – жігіт еді үш жүз-ақ.
Ішінде оның қасапшы бар, молда бар –
Әрқайсысы бір тасқын боп долданар
өз ісінің ақындары болды олар,
өз ішінің тереңдері болды олар,
өз ісінің биіктері болды олар.
Ал біз талай сөйледік–ау екпіндеп,
“тереңдіктер-батырады” деп күндеп,
түсінбеуде емес шығар бұл тіпті?
Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтық-ты:
Ауыздарға күзет қойып мылтықты,
біреу жұрттың көмейін де тінтіпті,
Тереңдікке ел баяғыда-ақ ынтық-ты.
Баяғыда-ақ қадірледі ел тереңді:
Галилей де кісі еді ғой беделді,
арман-ойын ұқтыра алмай – о да өлді.
Томас Мор да жігіт еді беделді –
өлмес аңыз болып қалды о да енді.
Ертегінің алтын балығы-сынды,
талай ғажап жақсылықты ұсынды:
Құмартқанмен түсінбеді ел тереңді,
о да ізінше тереңіне жөнелді.
Терең жайлы саяз тартты ірі ұғым,
мәз боламыз сондықтан да күні бір
әлдекімнің сулағанға жұлығын.
Шалшықтағы бақаларды көтереміз кісі ғып,
сұңқарлардың аздығы арқасында түсініп.
Тереңдікті қою үшін аулағырақ, өрірек,
қорқытамыз: “терең – батырады” – деп.
Жо-жоқ бәрі, мұның бәрі таза амал,
аман жүрген қасиеттен, қазадан,
біреу бүйдеп, біреу өйдеп құтылу
уақыттың алдындағы жазадан
Тебірен, теңіз, толқындардың жалы, ағар,
ал қарауыт сұсты, қатал жағалар.
Толқын – теңіз еркелігі секілді,
еркелігі – еркеліктерге бара-бар
тәңірінің өзі ғана бағалар.
Ей, табиғат, бәрі сенің бір ісің,
таңдандыру – сенің барлық жұмысың,
бәрі, бәрі сенің рухың, түр-тұлғаң:
Жымиып бір күлген шақта мұртыңнан
желкіл қағып жез шудалы күн туған;
кезінде бір көңілің биік ұмтылған
Көмейіңнен көкке атылып шың туған;
шығып кеткен шағыңда өз ырқыңнан,
тасқын туған тар шатқалда жұлқынған.
Мың атауға бөлсек-тағы сыртыңнан –
бәрі, бәрі, бәрі сенің бір тұлғаң.
Табиғат-ай, қайырымды анам, қатты анам!
“Биік” деген талап бердің тек маған,
“терең” деген санат бердің тек маған,
Мезгіл – мұхит, мен жағада қап барам,
арман-асқар, мен далада қап барам
төбешіктер арасында қаптаған.
Шәкірт-сынды сөз көшірген тақтадан
мен, мен саған жалтақтағыш боп барам...
Теңіздің тек гуілі үшін мақтанам,
тек таулардың биігі үшін мақтанам!
2
Тас тұғырда тұрған мүсін жалаңбас
Александр Матросов деген жас.
Иек көтеріп атай салса ел атын құр,
Содан да сен сезінесің жақындық,
талаптарда, тағдырларда не түрлі
әйтеуір, бір сенген жаның секілді:
Тентіресіп теңізде, не құрлықта
түсініскен жаның-сынды бір мықтап,
Ерлік деген құдіретті сөзге сол
сенбес едің – түбі өлерің сезбесең,
бір-ақ сөзден қозбаса егер делебең
шаппас едік: сен – қара тас,
мен – емен.
Естімепті ерлері жоқ елді ешкім –
ортасында қырық бес пен он бестің
қалай шыңылдайтұғынын ақ алмас.
Анау тұрған тас мүсінге жалаң бас,
ей, замандас, бөркіңді алып амандас!
Маған, саған не ауылдас, не қандас
сондықтан да Матросов деген жас.
Александр Матросов деген жас!
...Сонау жылы оқ бораған ақ таңда
кеудесімен дзот аузын жапқанда –
өлетінін білмеді ме ол сонда?
Жо-жоқ, достым, қанша солдат болсаң да,
бұйрық – бұйрық болса-дағы қаншама,
қуанар ед, әттең, тірі қалса о да!
Бұйрық емес оққа айдаған сонда оны,
устав та емес – устав қатал болса да.
Аңыз болған өлгені емес, жеңгені:
Сырттай ғана қызықтырар пеңдені,
мақтан етер көп алдында өлгенін
ақ көздік те емес есер жел-көңіл,
өлім, өмір шарпысқанда көлеңкелер болды елес,
елес жайлап, ес кірмеді пендеге еш?
Емес, емес, емес, емес, ол да емес.
Сыя алмайтын бөтен тудың астына,
дұшпандардың көз жауын ап, қас қыла,
күмбездердің алтынымен жарқырап
оның-дағы тұрды артында Москва.
Отқа қарсы ұмтылғанда бұлшықтар мен
топшылар
көпті бастап өлем деген жоқ шығар,
Өлмеу мүмкін болмаса да қаншама
тойлар еді-ау, шіркін, тірі қалса о да!
Өлім қаупін сезді және соқты сәт,
бір лап етіп өшетұғын от құсап,
лапылдатып көтерді оны кек күші,
келді содан бәрін бір-ақ төккісі –
бірақ олай жана алмайды көп кісі,
бірақ олай сөне алмайды көп кісі.
Сүйді өмірді ол, қадірлей де білді аса,
қадірлеу ғой – осыншама бұлдаса!
Қан таспаса – етік ұлтар, тас қаша,
қан көтерді – жігіт көңілі тасты аса:
Не қылады, өшіккен жау өзі біліп қашпаса,
көкірегімен жаба салды дзотты,
Матросов өле алмады басқаша!
Матросов өле алмады басқаша!
Күнге ұмтылған бұ