Поэма
1
Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін.
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін.
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің іштен ілген есігін.
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын.
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кәрі аспанның қабағын.
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп...
“Сонау жыл” деп аталады ол енді!
Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді;
Елестетсем қара жылды, көз жасын,
Әлі күнге шыдамаймын өз басым.
Соғыс күлі көміп кеткен денені
Көктем гүлі қайта көктеп түледі...
Қасиетіңді білу үшін аяулы ел,
Қасіретіңді есіме алғым келеді.
Сонау жылдар еді бұл...
Келін сонда дәл жиырма бес жаста еді,
Ойламаушы ең қартаяр деп әсте оны.
Кісі жоқта айна алдына келетін,
киіп алып қызыл мақпал жилетін.
Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн
Он саусақ та атқаратын міндетін.
Қайта-қайта тарқатылып қара шаш
қара бұлттай жабатұғын күн-бетін.
Белгісіз бір ұят буып кейде оны,
“Толысқаным – семіргенім ғой” – деді.
Бірден-бірге ауырлады ол, қалды әне
Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі.
Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып,
Қалатұғын кейде оңаша ойланып.
Күн-күн сайын үдей өсіп молайған
Арылғысы келетұғын сол ойдан.
Кейде алуға қызығатын ана атын, –
Мұндай сезім өзіне де жаңа тым.
Бірақ шалдар “қызым” десе – нұрланып,
“Келін” десе – қоңырайып қалатын.
2
Солқ етті жер бір түні...
Түтін жұтты көкжиектің құлқыны.
Сол бір сәтте жинай алмай тұрды аспан
Миығында қалып қойған күлкіні.
Күлкі-дағы – күннен қалған бір белгі, –
Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді...
Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана
Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді.
Бірінші рет жиырылды ақ маңдай,
Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай,
Жер тозаңы кетті бірден жайылып,
бүкіл дүние келі түйіп жатқандай.
Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені,
ышқынған жан бірінші рет “Мен!” деді.
Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне
күлкі-дағы бірінші рет келмеді.
Ойларынан ажырады ол жай күнгі,
бірінші рет мойындады қайғыңды.
Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт,
одан-дағы бірінші рет айрылды.
Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала –
тұңғыш рет жарық көрді бір бала.
сол күн бұған сезім берді жаңа тым,
сол күн бұған алып берді ана атын.
Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір
Қайта киді сыймай қалған көйлегін.
3
Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді,
бірі от жақса – күл алатын біреуі.
Қашан көрсең – қыстырулы тұратын
белдеуінде құрығы мен күрегі.
Сұлтан атай әңгіме етсе нені ұйып,
Ұлпа шешей тыңдайтұғын кемиіп.
Айдар деген жалғыз ұлы бар еді,
Жігіт еді ол да өзінше әдемі:
Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде,
бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де!
Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да,
тек маңдайы жараспайтын жасына.
Құдықшы еді колхозда ол сол жылы
Ғажап еді күштілігі, молдығы.
Құдық қазса қарайтын жұрт қызығып
Топырағы ұшады деп тізіліп.
Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол,
бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген.
Бұл семья – төрт-ақ адам делінді,
қоссақ егер жаңа түскен келінді.
Иә, бұлар төртеу еді, төртеуі
секілді еді төрт керемет ертегі.
Сұлтан атай ерттей қалса сары атын,
Ұлпа шешей айыл алып баратын.
Келін үйден көпшік алып шығатын,
Сүйтіп, бәрі бір ат ерттеп тұратын.
Бір түбірлі бәйтеректей саялы –
Бәрі қосып бір көлеңке жаяды.
Дастарханның төрт бұрышы – төртеуі,
Бұларға өмір бесеу болуды аяды.
Айдар кетті... келіп еді бір адам,
Ол да мұнда келе-сала жылаған.
Сонымен, шал, кемпір, келін... өседі ұл –
Төртеу болды тағы менің есебім.
4
Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде,
Иесі емен, бата алмаймын кір деуге.
Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй,
секілденіп ойы сөнген бір кеуде.
Түнгі ошақта бықсып қана жанады
шала кебу салған тезек жаңағы.
Жалын тілі жалт етсе бір... төңірек
бұрынғыдан көрінер сәл кеңірек.
Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды,
әлгі ошақты айнала кеп қамайды.
От лау етсе – күйдіріп ап қанатын,
ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн.
Әйтсе-дағы осы бір от жылытты ой,
қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой,
Болса да әлсіз, қалың қайғы ішінде
Жылтыраған бір кішкене үміттей...
Келін отыр, бейне ашыққан адамдай
Осынау бір оттан көзін ала алмай.
Отқа дем-дем жақындайды ол... кенеттен
өзі бірге жанатындай сол отпен.
Алау сүйіп албыраған бетінен
бір қуаныш көрмегеніме өкінем!
Қуаныштың бір мінезі бар тағы:
ол – осындай сұлулардан қорқады.
Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып,
Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып:
Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де,
Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық...
Сұлулығы секілді еді жыр ғажап,
Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап.
Ол күлсе тек – жүзіне әлгі арайлы
кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды.
Оның шашын сыйпайтын тек жел ғана
Сондықтан ол болды жесір, болды ана.
Көкіректің белгісіз бір дірілін
қағып алып жұтып жатты кең дала.
Мұның демі күйдірмеді ешкімді –
Әлде бұл да салқын тартты, ескірді?
Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды
Бұлтаңы көп әзілдерін шалдардың.
Әзіл әсері сол сағатта-ақ кетсе өліп –
Уы ойда қалар еді от болып.
Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл
Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп.
Осы бір сәт тұнып кетіп құлағы,
Жылағысы келді кенет... жылады...
– Келін шырақ, асың түсір!
Қи жапқан
қапты ұмытпа! –
Дауыстады үй жақтан.
Селк етті әйел тамағында құрғады үн,
жалт қарады түн жанышқан қырға бір.
От сөніпті.
Өкінішпен аңғарды
Көз жасының күлге тамып тұрғанын.
5
Ұлпа шешей немересін әлдилеп,
Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп.
Ыңырсыған кеудесінен кәрінің
Шығар сонда бір әдемі ән билеп:
“Қоңыр қозым, мерейім,
Әуедегі жалғыз Ай,
Айды да алып берейін, –
әлди-әлди, әлди-ай.
Әжесінің тентегі,
Көңілдегі ән-күйім.
Тыңдайсың ба ертегі,
Әлди-әлди, әлдиім.
Әжең әннен жаңылды,
Әлди-әлди, әппағым.
Тыңдағаның әнімді –
Түк түсінбей жатқаның!”
“...Қалғи қойшы, бөбегім,
Мен де енді қалғиын.
Ағаң қашан келеді,
Әлди-әлди, әлдиім.
Жылқыдағы құлыным,
Құраулайын, келе ғой.
Әлди-әлди, шыбыным,
Жұбана ғой, көне ғой.
Әлди-әлди бала ғой,
Ұйықта, ұйықта бөпешім.
Бүгін ұйықтап ала ғой,
Ертең өсіп кетесің.
Бесік тербетейін мен,
Алсын сені арқалап
жауға деген кегіңмен
досқа деген мархабат.
Шаңыраққа қарама,
Кешкірсе – күн кешкірсін.
Әкең туған далаға
Әлди-әнім естілсін.
Ұмытарсың сен мені,
Ұмытқанша қалғи ғой.
Бүгін де ағаң келмеді,
Әлди-әлди, әлди ғой.
Қой ішінде – қоңырым,
Базар бардым – қалды өтпей.
Жәй таппаса көңілім
Неғыламын әндетпей!
Ұйықтай қойшы әдемім,
Әйнәләйін әушіңнан.
Сенің байғұс әжеңнің
Әні қашан таусылған!” –
Менше, осылай жұбатады әже ұлын,
Тереңдетіп маңдайдағы әжімін –
Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады ән,
Бірақ, кенет... күлімдейді қайтадан.
Әже осылай әндетумен өтеді,
Әже болса – ән дегендер жетеді.
Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі
Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді.
6
Қарағанын көрген емен шал налып,
Қарамайтын ештемеге таң қалып –
Бәрі, бәрі Алладан деп, жүрді ол
Ылғи-дағы әлденеге қамданып.
Бір жоқшылық шал ойында қозғап үн,
Ойлатуға тырысады өз қамын.
Жаны бірақ жап-жаңа боп тұрған соң
Көрмеді ешкім шапанының тозғанын.
Шал жүреді: “Солай ғой – деп, – бұ тірлік’
Келін жүрді: “тары бітті, бітірдік”,
Сәби отыр тостағанын босатып,
Кемпір отыр: “бір құдайға шүкір” ғып...
Бір нәпсінің күйі ойнайтын кеудеңде
Қызыл ала тары нанын көргенде.
Табақшада қамыр болып қалған ұн
Сезсең іште қандай от боп жанғанын!
Ұмытқаның есіңе оңай түсетін
көрген кезде диірменнің жарғағын.
Күзгі дала, ұмыта алман бетіңді,
Суға бөккен қара талқан секілді.
Қара талқан, қара талқан бір кезде
қара нұр боп ойнап еді-ау бұл көзде.
Қара талқан! Қасиетіңді кеш маған,
Енді сені “сонау жыл” деп еске алам...
Сол тірлікті – кемпір, келін, шал бағып,
Аспан құсап қарайтұғын паңданып.
Алдап-сулап жөнелтетін мезгілді,
Және өздері қалатұғын алданып.
7
Сол бір жылы... жүдеп, тозып болды алап,
Үзім нанды қолдар жүрді қолдан ап.
Көкірегін күрсінумен күйдірді ел,
ақ жүректі қара қайғы бомбалап.
Көңіл алаң, нені күтсе – соны ойлап,
Қонып жатты бетке әжім, самайға ақ.
Қиын болды жұбандырар сөз табу,
Жылататын хабар айту оңайлап.
Ер өлімі сынады елдің қуатын,
ел болмаса шығара алар кім атын!
екі-үш адам басын қосып көрінсе
Кемпір-шалдар үрпиісіп тұратын.
Ышқына кеп ана зары, жар мұңы
Бір жүректен бір жүрекке қарғыды.
Жаралы ел бір таяққа сүйенді,
Бір көзбенен жылап тұрды барлығы –
қандай ғана жан қарайды жай бұған!
Қайғылыдан әлі күнге қаймығам!
Адамдарды теңгеруге, қосуға
Құдіретті не бар екен қайғыдан?!
Көңіл айту... көңіл айту қинады
Өз сұмдығын күтті әрбір үй дағы...
“Қара қағаз” қара жерді тепкілеп
Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп.
Жетті ақыры бұл үйге де сұмдық күн,
Жүректерге найзасындай шындықтың
Қадалды кеп,
Әке–шеше байғұсың
Тірі жүр ме ед осындай бір қайғы үшін!
Бірінші рет жасыды шал сол күні,
Құмға сіңді соңғы үміттің толқыны.
Көптен күтіп жүрсе-дағы бұл күнді,
Жүрек байғұс сене алмады бір түрлі.
Бірінші рет шалың қалды жетім боп,
Бірінші рет келін қалды жесір боп.
Көкейлерді бір у қарып шоқ болып
Көмейлерге қалды сол у кептеліп...
...Содан кейін шәйін ішіп, бел буып
әркімдер өз шаруасына кетті өріп.
8
О, сезімнің тамшылары,
Жаралдыңдар сендер неден.
Көкірегім жаншылады
Көздің жасын көргенде мен.
Жасқа толы ел тостағаны,
Жесір ана, жан жеңеше.
Жас тамшысын... қосса бәрін
Көл шығар ед әлденеше...
Шал мен кемпір суып қалып,
Сәби алға ұмтылады.
Келін жүзін ымырт шалып,
Қара көзге түн тұнады.
Түндей өшкен көкіректе
сорлы жүрек бұлқынады.
“Қара қағаз” күнде кешке
қайта-қайта оқылады.
Шал бекініп үндемеске,
Кемпір жылап отырады.
“Ерлікпенен өлді” – дейді?
Мұны өлген соң кім айтпады.
Көздің жасы мөлдірейді,
Көздің жасы тыңайтпады.
Көз жасына малшынды аспан,
Жасқа бөкті сортаң далам.
Мен – жазықсыз тамшы жастан,
Һөм бомбыдан қорқам жаман!..
9
Бір көкжиек ашылады әлі алдан,
Үміт сын-ды қашады ол да адамнан.
Дөңгелейді, дөңгелейді дүние
Қорғау менен бүлдіруге жаралған.
Бір аспан тұр төбесінде даланың,
Көкжиектер туады әлі жаңа күн.
Бірден-бірге биіктеген сайын мен
Аспанды да биіктетіп барамын!
Бір жер жатыр табанында әркімнің
Бір сөз тұрды қуаты боп бар тілдің.
Шілдедегі шөлмен аққан бұлақтай?
Өзім-дағы бірте-бірте тартылдым.
Көз жасы да кебе келді қайғының,
Үнсіз ғана мүжіп жатты Айды Күн...
Жабыла кеп көңіл айтып жүрді жұрт
Осынау бір қалған үйге бұлығып.
Кемпір мен шал сәл көтерсе қабағын
Келін қалар, тым құрыса, бір күліп.
Күлкісі оның – кейде жанға батады,
Күлкіні де ел қасірет деп атады.
Жұбату сөз айта келген әр адам
Бір-бір мысқал қайғы әкетіп жатады...
Қалдырмаса қайғы адамды жеке ғып,
Оған-дағы кетеді екен ет өліп.
Әкетті енді бұл үйдің де қайғысын,
Қасіретін көпшілік боп көтеріп.
Жаңа күндер – әкеледі жаңа үміт,
Жаңа үмітті жүрді үйдегі әр жан ұғып.
Шал әзілдеп күлдіре алса кемпірін,
Келін жылап жібереді “жаңылып”.
Кей үйлерден көтеріліп той әні –
Өмір солай өзін-өзі бояды.
Сыртта сылдыр қағып аққан бұлақтар
Мұңға кейде ерік бермей қояды.
Өмір сүру ынтасына іштегі
Қайғыны да жеңіп шығу – күш пе еді!
Күн сәулесі түсті тағы бұл үйге
Тірлік тағы өз дегенін істеді:
Шал отырды кеудесі аппақ, басы аппақ,
Немеренің қыл шылбырын шашақтап.
Кемпір байғұс тұсау есіп түйеді;
Келін, әне, сауып жатыр биені, –
Кейде ұрланып тұңғыш ұлын өзінің
Әжесінің баласы деп сүйеді.
Ал, бала ше? Мұнда оның ісі жоқ,
Айтады “ақыл” келінге ол да кісі боп.
Ойынына жөнеледі содан соң
Көк шыбықты мініп алып кісінеп.
Әрқайсысы аймалайды сол ұлды
Бір көтеріп алу үшін көңілді.
Келер күннің – жаңа адамның күшінен
Қайғы ескіріп бірте-бірте жеңілді.
Сәби солай тұр осы үйге сенім боп,
Кәдімгідей жұбаныш боп, көңіл боп,
Кемпір мен шал келін десе, шешесін
Ол да атайды келін деп...
10
Оң жақта тек ақ шымылдық баяғы,
Баяғыдай ақ құшағын жаяды.
Келін жатыр баяғыша, түн-дағы
Шымылдықтан өзгені одан аяды.
Батқан жоқ қой, батқан жоқ қой Ай әлі,
Ай сәулесі шымылдыққа таяды.
Ай қалықтап шыққанда боз аспанға,
Бар маңайды бал-тыныштық басқанда.
Ұғынбады, ұғынбады еш пенде
Қандай сезім оянғанын жас жанда.
Көп ой оның – жүрегіне батады,
Ал, бір тілек әрі қауып, жат әрі,
Өңінде – осы, ұйықтап кетсе түсінде
Күндізгіше егін орып жатады...
Ағып барып екіндіге іркілді Ай,
қалың сезім әлі жатыр жыртылмай.
Құлазиды, құлазиды көкірек,
Бір қызықтың көшіп кеткен жұртындай.
Үйдің іші қоңырайып тұр үнсіз,
жүрек қана лүпілдейді тынымсыз.
Ертең-ертең бола ала ма “бүгінсіз”,
Бүгін, бүгін – неткен қатал, шығымсыз?!
Бір күн ойнап денесінде, жанында,
Бір от жатты дайын болып жануға.
Сиқыр үнге бөгіп алған жаны оның
Ашқандай ед бір музыка әлемін.
Көңілі оның үн береді не түрлі.
Паганини скрипкасы секілді.
Осынау үнді кейде үзіп өтеді,
Сұлтан қарттың күрк-күрк еткен жөтелі.
Қызыл қанды осылайша қайнатып,
бара жатты боп-боз болып Ай батып.
Дәл осылай талай түндер өтті одан
Жоқ қой бірақ біреуі де тоқтаған?
Көп түндерден бұған қалған белгі боп
Ақ шымылдық тұрады тек желбіреп.
Тек қана оның... жатқан анау жастанып
Жастығына қалатұғын жас тамып.
Өзіне-өзі дей ме екен бұл: “бір...шыда!”
Бір сезімнің толқынына тұншыға,
Түні бойы жесір болып ойлап ол,
Келін болып оянатын күн шыға.
11
Анау ірге... ескі бесік... шаң кілкіп.
Келін көрсе – көздің жасын алды іркіп.
Керегіне жаратып ап кезінде
Бесікті де кетті ме өмір қаңғыртып?
Жатыр ұмыт, талай күнді тербеген
бірге тозып аяқ киімдерменен.
Бесіктің де беделі ұқсас өшкенге –
бұл үй оны еске алар тек көшкенде.
Ағаш бесік! Ұмыт болды о да енді,
Бесік құны – ұмытылумен төленді.
Келін байғұс ұстар оны тек, кейде
Нәрестенің исін аңсап кеткенде...
Бір ер-тоқым ілулі тұр төрде әне,
Мықты болсаң соны ұмытып көр, кәне!
бір күн тігіп, бір күн майлап, бір өңдеп,
Шал жүреді сол ерді ылғи түгендеп –
Бір тасадан шыға келіп қайдағы,
Ер-тұрманын сұрайтындай Айдары.
Кемпір жүрді, Ай ұнаса сынына
Амандыққа жорып қойып мұны да.
Жұма күндер “құран оқу” орнына
Қарынға сап май сақтайды ұлына.
Кештіғұрым, қырға шығып ең биік,
Әлдеқайда қарайтын ол ербиіп.
Сол бір сәтте... табанында ананың
Дөңбекшіген шығар бәлкім Жер күйіп?..
Сәби ғана күтпеді тек ешкімді,
Әне, тағы күлген даусы естілді.
12
Күйіп-жанып тағы талай күн өтті,
Бұл күн-дағы бермеді еш тілекті.
Жылытпады ол кәрілерді, келінді
Төсегіне тағы жалғыз түнетті.
Күндерге әлгі шаттық беріп, қайғы алған
Мүгедектер қайтып жатты майданнан.
Үміттенгіш, ерке қыздар алдында
Шынар болып жапырағын жайды арман.
Әр жараның орынын бір жуады
Күлкі менен көктеменің шуағы.
Азап шексе бір кеуденің жүрегі,
Шын бақытын жаңа тапты біреуі...
Жас жігіттер мүгедек боп қалған кіл
Қатарына қосылды енді шалдардың.
Өздері ерте қартайған соң “селкілдеп”,
Келіншегін шақырады кемпір деп.
Ең аманы бір-бір қолын, шетінен
Беріпті олар көп болғандай екі жең.
Сол майданда қалған қолдар бір нендей
Жауларымен әлі айқасып жүргендей!
Бір аяқтан айырылған жұрт қандай?
“Екі аяғын бір етікке тыққандай”.
Және сол кез Советтердің Одағы –
Көп батырдың елі десе болады...
Келді бірі жайдақ шамдай сөнгелі,
Өз денесін өз жеріне көмгелі.
Амал қанша, Сұлтан қарттың баласы
Осылардың бірі боп та келмеді.
13
Көктем келді гүлін алып мың түрлі –
Әй, құлпырды-ау, дүние байғұс құлпырды.
Көп сұлуды көрер, әттең, көз болмай,
Көп суреттер қалды қатып қозғалмай.
Сұлу жар бар – сүйетұғын жігіт жоқ,
Кеудесі бар – жанып тұрған үміт жоқ.
Күлкісі бар – төгілмейді сылдырап,
Айтары бар – қозғалмайды тіл бірақ.
Қолаң шаш бар – тарайтұғын жоқ тарақ,
Тек мұң жұтып бүлкілдейді ақ тамақ.
Күні-түні лүпілдеген бір көңіл,
Қайда барып, қайда барып тоқтамақ?!
Қайда мұның тәтті күні жан қияр,
Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр!
Даласында түрлі түсті гүлі бар,
арасы жоқ бірақ одан бал жияр...
Сұлтан-ата дән ырза еді дәл бұған:
Келін ғұмыры өткен емес алдынан.
Бір күні қарт рұқсат айтты келінге,
Қолын жайды Ұлпа шешей қалғыған.
Келін сонда қарады-ай бір тарығып,
Бір-ақ өшкен құсап сенім, бар үміт.
Ыза шеккен жастық жалын лап етті,
Кеткендей бір күкірт-қорап жарылып.
Бар айтқаны: “ауырсындың ба, ата-анам?”
(Шал еңіреп, кемсеңдеді кемпір құр)
Төгілді-ай кеп. Ыстық тартып кетті бір
Бірінші рет келін деген ат оған...
Ел бір жола сол қасірет-кеселден
Сенбейсің-ау, ада болды десем мен?!
* * *
Содан бері талай-талай өтті жыл,
Әрбір көктем өз ауласына екті гүл.
Әрбір өлік өз моласын тапты бір,
ал, тірілер бөлісіп жүр шаттығын.
Сұлтан жатыр бір төбенің басында,
Сол баяғы өлген жылғы жасында.
Діншіл болсаң – бір сипап қой бетіңді.
Кемпір-дағы сол төбеге кетулі.
Жатыр екеу – оқып біткен екі том,
естен шыққан екі ертегі секілді.
Ал, бала ше?
Бала сонау Мәскеуде,
Батпайды ешкім оны әлі де жас деуге –
Оқып шығып... тауды зерттеп мүлгіген,
еліне аздап пайда жасап жүр білем,
Сол қоңыр үй. Сұлтекеңнің тұмағы
Керегеде әлі ілулі тұрады.
Сөнбепті оты – келін байғұс баяғы
Сол есіктен кіріп-шығып жүр әлі.
Келін жақсы тұрып жатыр деседі,
көп жоқшылық жоғалыпты кешегі.
Өмір ғажап – көйлек те көк, көңіл көк,
Көңіл болса – кетер бәрі жеңілдеп.
Ешкім оның атын әлі білмейді,
Атайды тек келін деп.
Бүгініне дән риза деді оны,
Атар таңға өзімізше сенеді.
Тек кей кезде... келінім деп біреуді
Оның-дағы атағысы келеді.
Келін десең – әлі алдыңнан шығады,
Жүзінде ойнап жиырма бестің шуағы.
Келін десең – келін емес баяғы,
бір опырық кемпір қарап тұрады.
1963