Мен де өсірем – бір уыс дән өсірем,
дән өсіру – дәстүріміз біздің бұл.
Балапанның қамын жеген құзғынның
құзғындығын кешірем,
қарғалардың қаралығын кешірем,
сауысқанның алалығын кешірем –
көгершінім, сенің жөнің басқарақ.
Асап сөйлеп, астамдықпен масқара,
“сарай салып жүрмін”, – деді, – тас қалап”,–
бірер қауып, көбік жұтып сырадан
маңдайының терін сүрткен бір адам.
Сол да жаңалық болып па дедім мен,
онда не тұр – тер шыға ма тегіннен,
бәріміз де жүрміз термен өртеніп.
Қан төккеміз жоқ кешегі майданда,
есемізді қайтарайық тер төгіп.
Бейбіт бейнет – бейбіт күннің қызығы,
қызығады байтақ елдің қыз-ұлы.
Ұят шығар қайлаларды кемсінсек,
күректерді, сүймендерді кемсінсек –
қызығымыз ұзағынан болсын тек!
Қара жұмыс, аңқ жұмыс деп бөлшектеп,
сен екеуміз кергімеспіз өлсек те,
ағын таңдап, қарасына қол сілтеп.
Әкелердің аруағымен ақ тілеп,
ақ еңбекті тілеп алдық – ақ тілек.
Шарап сорса сауықшыл ел қыз-ұлы,
тәтті шығар кафенің де қызығы,
өзім тапқан бейнет одан тәттірек.
Жұмыс бар мың... тыныстармын мен де аз күн,
ғұмыр бойы бір шахтада кен қаздым –
мыңын таптым “мейірім” деген алтынның,
жүзін алдым “ақыл” деген алмаздың!
Бейнетті – күй,
берекемді ән еттім,
өлкені өрлеп “өнер” деген дән ектім.
Еңбек!
Менің де еңсемді бір көтергіз,
біз де әйтпесе өтірікші боп кетерміз?
Әуел баста байқамаған екенбіз:
Сарай салып жүрміз дейміз бекер біз,
шахта қазып жүрміз дейміз бекер біз –
тыныш қора қамы бәрі, бәрі-бәрі;
арман қуу – тыныш күннің бар мәні,
Жер атанған мына жұмыр шардағы
Жюль Верн мен Циолковский арманын
Гагариндер орындайтын алда күн!
Сәл қиналсақ мұңданамыз бекер біз,
тер төктік деп бұлданамыз бекер біз
бүйте берсек түк бітірмей өтерміз?!
Бағып жүрміз бір-бір кептер, бір-бір қыз,
жағып жүрміз бір-бір шырақ, бір-бір қыз,
әрқайсысында бір-бір ұл бар, бір-бір қыз,
бір-бір қыз-ау қадіріңді білдіргіз!
Аспан – аппақ,
бұта жасыл болғасын,
жасыл жерді қорғасын деп, қорғасын.
қырандарға қия салып жүрміз біз,
кептерлерге ұя салып жүрміз біз.
Ұя – жылы болу керек білемін
өйткені, адам, қияға ұқсас – ұлы сенің тілегің,
Ұяға ұқсас жылы сенің жүрегің!
Зейнет көріп жүрміз дейміз осы біз,
бейнет шегіп жүрміз дейміз осы біз –
енді осыған ерліктерді қосыңыз,
міне, сізге тіршіліктің құны шын:
Шахта дейді мақтағанда бірі ісін,
Мақта дейді енді біреу жұмысын,
шеберлігін айтса біреу – жақ ашпан,
түйін түйіп жүрмін деді ол ағаштан.
Тасты сығып су шығарам деді ер бір –
сөзі желді болады ғой шебердің.
Мақта теріп жүрміз дейміз – жай сөз ол,
шахта қазып жүрміз дейміз – жай сөз ол,
салсақтағы Айға таңба,
жұлдызға із,
өсірген соң бір-бір ұл мен бір-бір қыз:
Қырандарға қия жасап жүрміз біз,
кептерлерге ұя салып жүрміз біз
келер күн – кең сарай болса, уақыт,
бізді де еркін кіргізгіз –
сарайларға есік жасап жүрміз біз,
сәбилерге бесік жасап жүрміз біз.
6
Ал, шынында, ақ кептерге обал, а?
Тіс-тырнақсыз күн көруге бола ма?!
шабуылсыз жеңу деген бола ма?!
Тіс-тырнақсыз жеңді бірақ көгершін,
Мен де түбі бір жеңемін – көрерсің!
Қиянаты болмаған соң тырнақтай
Жыртқыштың да тырнақ, тісі жүр батпай.
Ақ кептерден – қорқып содан көп құзғын,
ақ кептерді “қызыл қатер” деп біздің,
(өз сөзіне өзі сенбей кәрі, үркек),
біздің балапандар үшін ақ үрпек
бомба жасап, парламенттер өткізді.
Сенаттарда кім сөз айтса жындырақ,
Әлдекімдер соны ерлік деп жүр құлап,
ал біз жүрміз теңіз түбін бұрғылап.
Кептер – тары дәнін жарса
“ер” өңі
түнереді, түнереді, сол ақ құс
бомба жарып жатқан сынды көреді.
Саясат па?!
Одан гөрі есерлік.
Гитлердің көлеңкесін көсем ғып,
өлер жерде өзеуреудің несі ерлік?!
Кеңдік, молдық жағынан біз – данамыз,
бір талпынсақ тау бола да аламыз.
Дос бола да аламыз біз, аламыз,
жау бола да аламыз біз, аламыз.
Біздің әр күн – әрі шындық, әрі аңыз,
шындық жансын – аңыз қосып қараңыз,
еңбек жансын – ерлік қосып қараңыз!
Балапанға – ұямыз біз, панамыз,
ақ кептерге – асыраушы ғанамыз.
Кептер десем – көз алдыма сен келдің,
сені ойлаған сәттерімде сенделдім.
Бастан өтті-ау ауыр-ауыр, ауыр күн,
мен – қиналдым,
сен – ауырдың, ауырдың,
Ем болсам деп едім тілге жетпеген,
жіп болсам деп едім жерге жетпеген.
Бақыттан да дәмем бар ед ептеген,
басқадан да дәмем бар ед ептеген –
ем болмады-ау, ем болмады еткен ем.
Саған аға, әке болсам деп едім,
әттең, жалғыз асыраушы боп келем.
– Со да сөз бе? – деді бір дос жаны асыл,
асырамай қайтеді жұрт баласын!
Кісіге ұсап қырсық мықтап шырмаған
сөйлейсің ғой ауырды деп бір балам?!
Дұрыс дедім.
Шуақ күнде мына әппақ
аң да еркелеп аунайды ғой шуаққа.
Менің бір сәт еркелеуге жоқ па еркім,
демек бір сәт шағынуға жоқ па еркім
айналама, осы бейбіт шуаққа,
бастан ұшпай тұрған шақта кептер күн?!
Әйтпесе ойым жұтаған жоқ, жұтаған,
сені әлі де жарқын жүзбен күте алам,
төзе аламын сөздің ақымағына.
Түйсең бірақ, міне саған мағына:
шуақ күні күздің жапырағы да
құлағысы келмейді екен бұтадан –
жапырақтың да келмейді екен өлгісі,
соның бәрі жақсы күннің белгісі,
тоқшылықтың, тыныштықтың белгісі.
Мен езілмес едім бұлай, бауырдай,
адал терім қуантса аналарымды,
балапаным терсе деп ем дәнімді
тым құрыса, ыңырсымай,