өңешіне өлшеп – пішкен бәр-бәрін,
қанаты жоқ қанатындай қарғаның,
соғыс жылы қант ұстаған балаша
жеуге қимай тілмен ептеп жаласа,
қара тасты жібітетін жарамсақ,
саған айтам, елпең бастар епті кіл,
тауысқандар тастың өзін жеп бүгін:
жалап құртқан қырандардың қайратын,
күшік болып еркелеп-ақ еріткен
арыстанның айға атылар айбатын;
Мороларды жалғыз оқпен жайратып,
ұлып ұрған Құлагердей бәйге атын, –
батты маған сенің, сенің көптігің?!
Даусы жоқ әнші сынды,
микрофонның өзіне
жағынумен өтті-ау сенің көп күнің.
Сайлаушысын сатып алған президент,
“бенгал оты” сынды өтірік оты көп,
қолдан жасап қауқитқан көп көкірек –
Қағаз – қыран, қайда сенің екпінің?!
Бұлдамасаң жемсауыңның тоқтығын,
ақ кептерге тең келетін жоқ бірің!
Өзін-өзі добырайтқан даналар,
Сенде дос жоқ, қас жоқ алар жағадан,
керек адам ғана бар!
Кінәлама,
Мен емес ем қас надан,
өздеріңсің қас надандық бастаған,
шағың болды шекарамды ластаған,
тастай надан, қаскөй жан!
От алғам жоқ мен “бенгалдың отынан”
мен от алсам – өзімнен ап отырам.
Мен итке де сенсің деген жоқ едім,
Меңіреуді де менсінбеген жоқ едім,
Ескірмейді ерлік өмірбаяным,
Сен – қорқасың,
ал мен сені аядым.
Кестесін ап көзі күлген бір қыздың
мен жеріме қызыл жиек жүргіздім.
Азулының бірін қудым,
бірі үркіп
өзі қашты;
көгершіндер, сайранда, ал;
Революция, қызыл майдандар
картамызға кетті қызыл жүгіртіп.
Қызылға өштеу деседі ғой даулы адам,
шапты талай өгіз мінез жау маған
испандардың бұқасынан аумаған.
Сүзе келген талай тұмсық шаң қапты –
ей, уақыт, уақыт
матодорсың сен де әккі!
Құлағыма келеді ызың, көп ызың,
күйің ұзақ деді ел маған, деді ұзақ:
Әлдебір шал бебеулетіп қобызын,
әлдебіреу өшіктірді өгізін.
Қолымызбен құдіретті, таза, аппақ
өгізді де өлтірмедік азаптап.
Әйткенімен, “әуресүзегендердің”
мүйіздерін қағып ап –
жолға түскен халықпыз біз тағы да ақ.
Тағы да біз ұл өсірдік әке боп,
қыз да өсірдік аға болып, әке боп –
көгершінім, көкешім деп мәпелеп.
Ауа асаған асауларды ат қып мен
алдым, жықтым бәрін, ерлік, пәктікпен.
Пәктігім бар – ерлер ғана сезерлік,
кейде, кейде пәк болудың өзі ерлік –
“Өгіз” досым, өшіге тұр сен біраз!
“Күйі ұзын” деп кекеп біреу болды мәз;
маған дедім, қобызың да аз, домбыра аз:
Жұртым, сенің көп еміңнің бір емін,
көкке тойған көбеңіңнің бір емін,
табам ба деп үміт етіп жүр едім,
жазам ба деп жауыздың жүрегін,
жүрегіңді еріту үшін ұлы елім,
көңіліңді серпу үшін, ұлы елім,
қуаттырақ күй керегін білемін:
Әр ішегі – ыңыл қаққан мың арман,
домбыраның бірақ бәрі бұралған,
қобыздың да құлақтары бұралған,
керек, керек маған үлкен оркестр
құрығанда, мың адамнан құралған!
Бүгін бірақ жалғыз күйге жаттықтым,
саусақтарым, ал, адасты, аптықты –
саған бұлай жаңылулар жат тіпті,
күйді тастап, күйге көштім келесі:
Бір қысастық етпедім бе мен осы
қорлайтындай адалдықты, пәктікті?
Үнді елінде сиыр – құдай деседі,
құдайырақ біздің елдің есегі:
есек-тұяқ гитарасын сәл бұрап
сым-ішекпен күй тартып ед даңғырап –
есек-құлақ тыңдап отыр салбырап.
Кешкі кафе: даяшы көп, күтіп көп,
бір сұлудың тұмсығы отыр түтіндеп
шылым сорған жігітімен таласып.
Киім – моды болудан қап, қарашы,
жалаңаштық – моды болды-ау,
шамасы, ал модының бәрі бірдей жаңашыл:
Кеудесі ашық, аузы да ашық, саны ашық,
ылғи ашықтар қалыпты жарасып!
Елемеген болады жұрт былайғы,
скрипка ғана сыңсып жылайды.
Жасыл кірпік, жалаңаштық аралас –
Біреу отыр; көкірегіне жалаңаш
тері жапса ол – әйел емес, аң шығар?!
Әлгі ауада ала түтін қаңсыған,
әркім ұрттап отыр бір-бір тамшыдан.
Бұ да, бәлкім, әлдекімнің өскені? –
О, достарым, қинамаңдар бос мені:
Біз сезгенді сезбегендер – өстеді,
біз көргенді көрмегендер – өстеді!
Тағдыр мені өсіріп ед басқа ұрып,
бұта – пана, бұғып қана өскен ем.
Күйден жаңылсам да қазір сескенем,
тоқтық мені кетті ме деп тасытып.
Жалғыз ұл ем – қайсың бердің қол ұшын,
әкем бірақ өтеп өлді борышын.
Талай інім тумай қалды сол үшін:
Талай шыбық өспей қалды сол үшін
Мас кафеде көкіді деп кір-шірік,
жоқ, достарым, керегі жоқ күрсініп.
Тұрған шақта тіршілік торғайды да жыршы ғып,
бағалырақ болса деп ем бір шыбық,
саналырақ болса деп ем тіршілік!
Бүйткен өнер құрысын деп, құрысын,
сен де жидіп, жібересің бір ішіп.
Тек балконда көгершіндер жүр ұшып:
Түйдек-түйдек, түйдек болып жүр ұшып,
қабырғада сурет болып жүр ұшып,
біз көрмеген бір аспанда жүр асқақ –
халықтардың, елдердің,
армандардың асқақтығын растап.
4
Ескіңді айтып езіл демес еш адам,
ескі болса да – өз еліңнің ескісі.
Ертеңгіңе еншің болсын кешкі ісің –
жас адамға осыны ұқтыр, ағайын!
Ән-күйдің де керек бізге естісі,
керек бізге би билеудің естісі,
бізге керек сауықтың да естісі,
жұмыртқалар тауықтың да естісі!
Мода деген – уақыттың ешкісі,
бір қонаққа соя салар ұстап ап.
Онсыз да осы ақыл қысқа, тым қысқа,
қысқа ақылдай қысқа біздің тұрмыс та –
тірі жанға тыным бермес тұрмыста.
Бастан кешіп талқысы мен тартысын
өзі қысқа ғұмырдың
оқу қуып өткізсек бір жартысын –
қысыламыз енді жіпсіп шекеміз.
Қашан, қашан, қашан еңбек етеміз?!
Мағына іздеу – қалған жылдар ішінде.
Бас қалтылдап,
балақ босап,
іш қайнап
басылғанда
тағ