кен еді түр-сымбат,
жауа алмаған бұлт сын-ды қабынады ырсылдап,
бешпетінің тігісі жарылады тырсылдап,
қабанындай қамыстың шабынады сол шақта:
– Уә, тексіздер, бәріміз түгел хайуан болсақ та,
еркіміз жоқ дегенмен, есек емес едік қой,
айтағына уақыттың осыншама желікпей
қоя тұрсаң нең кетті, өңкей есер құл неме,
кеңкілдесіп күлгенге кеңкелесер құл неме:
қаран болсын мына күн,
беті күйсін мына Айдың, –
Бекетайдың құмына бетім басып жылаймын!
Бір батыры жоқ елге сөз не керек, үндеме,
қазан қайнатқан жұрт ең бір еркектің атымен;
көсеу ұстап қайыр, ал, қозы ғылып көгенге –
қару ұстап не керек қасиеті жоқ елге.
Басын ұстап батырдың басынғалы кеп тұрсың,
қанды ізіңді, қарақшы, жасырғалы кеп тұрсың –
дұшпан күліп, дуасыз дос табалап бетке ұрсын,
жылдар сенің жылаңқы бет теріңді сыпырып,
терісіндей қоянның керіп қойып кептірсін!
Мәрт еді ғой о жігіт,
Күркелі еді-ау, күркелі
мұндай ері өлген ел – өшкеніңмен бір тегі,
өзіңді-өзің өңештеп кескеніңмен бір тегі.
Тым болмаса біздің жұрт – жұтағанға жұрт еді,
енді біздің мінген ат бұтадан да үркеді:
енді бізде айбар жоқ,
қалың елдің беті ықты –
бетке ұстайтын беделің – сол адамда кетіпті.
Жетім лақша бауыздап топырағыңның бір төлін,
сыйлық алам деп келген неткен сорлы жұрт едің!
Он тоғыз құл бақытсыз бағып келген бір есек,
біреуің жоқ татитын найза ұшына тіресек,
екі мың сом алмақ па ең?
Қайдасыңдар, төлеңгіт,
әр қайсына мынаның екі мыңнан дүре соқ! !?
Жүрген екем жұрт бар деп өзімді-өзім кірлеп мен,
кірлі көңіл іс етсем қолым жетпей жүр деп пе ең;
бетпақтанған кездерде – беттесуші ем құрметпен,
кетіскен бір кездерде – кектесуші ем құрметпен.
Қылыш суыра алатын “қырсығы” бар жоқ бірің,
арыстан – жоқ,
кіл мысық, сүйенгенің көптігің!
Бүтіндікке келгенде бірігетін бірің жоқ,
күншілдіктен күңіреніп босып кеткен біртіндеп;
ойсыз ауызға біткен ақ сақалың, ақ мұртың,
қаһарың жоқ, қамың жоқ,
халық деген – дақпыртың!
неменеңе жылайсың жаулықты ана, көзі аққан,
құтылмайсың бәрібір қорлау, күлу, мазақтан.
Ақша алмақ па ең?
Шын алсаң – қайғы, бейнет азапты ал,
азап беліңді үзгенше бір-біріңді қажап қал!
Көзіңе жас құйылар – түбінде ағып қайғы-сел,
күндеуге – бар, таңдауға, тануға жоқ байғұс ел!
Тақ бітетін әдет қой талайы аздау сорлы ұлға –
отырса ғой сол жайсаң мына менің орнымда,
жаға-жеңің желініп,
желге айналып бар ебің,
етегіндей жолшының қалай жалбақтар едің!
Ал, енді ақтал алдында алғы күннің, жамағат,
есек тапсаң ноқталы – көзін шұқып аралат.
Құдайдың да аузын ал, құрбандық шал, паралап.
Жауыздықты – заманға арт,
одан қалса – маған арт!
Беттесіп ем бір мәрте – сезеді әлі мұны ішім:
қорыққаннан қолымнан түсіп кетті қылышым.
“қатын шауып көргем – жоқ!” –
деп бұрылып кетті ерің, –
бір шиық етіп шықпаған жаным қалды тек менің.
Батыр – аңқау.
айламен жеңсем деп ем, болмады,
ай батарда тілек қып кемсеңдеп ем, болмады.
Бір жақсының қолынан өлсем деп ем, болмады, –
тағдыр, маған сақтаған сыбағаң не сондағы?!
Енді менде не қалды?
Айла-әрекет, іс-ебім
күлдей ұшып жоғалды – күйік уын ішемін.
Кеше аспанда ем, ал, бүгін
жерге құлап түсемін,
жерден, сірә, жай таппай көрге құлап түсемін.

Арқасында ақынның абырой алған кісі едім,
“Өзектіге – бір өлім” деуші ед.
маған – үш өлім:
ұры өлімі – бір өлім – кешірмес ел ертеңі,
ұят-өлім біреуі, тағы бірі дерт-өлім,
осы үшеудің атымен енді өзімді өртедім –
ақ баталар күшімен, аппақ ана сүтімен
атақ емес, ат емес, ақ өлімді күтіп ем.
Болмайды екен ақ өлім алмағанға адал дем,

хас батырмен кетісіп – дос санап ем заманды ең –
кім дос болар өзінен мың есе артық адаммен?
Ондай жанмен дос болу?
Жетпеді оған сана-әлім,
ызасына тие алсам – жеңдім деп санадым.
Жау санады ма ол мені? –
Ойланамын мұны әлі,
өтті ме әлде менсінбей –
күмәнім сол,
күмәнім.
Айдағаным жылқы да,
айла-амалым іріткі еді,
айла-амалмен ол бірақ тұмсығын да сүртпеді.
Бір көрініп қалушы ем қызған шақта дау үдеп,
қорқушы еді жұрт менен
жақсы ақынның жауы деп,
жауы ғой деп батырдың сыйлаушы еді жұрт мені.
Ол – өрт еді,
біз өртті дауыл болып ұрмасақ,
сәл қисайтсақ жалынын – қалушы едік бір жасап.
Өрт түгілі түтін жоқ,
суық күлмін – шашып өт,
тапта, тапта табаның бар болса егер, қасірет!
– Қой, өй, жауыз... мынаның сайрауына қарашы,
бұ да жұртқа жанашыр азамат-ау, шамасы? –
Осыны айтып бір кемпір оқыс түрегеледі, –
естідің бе, халайық, мына зәлім не деді?!
Қорқау қасқыр, көрдің бе,
бастағанын қайда ұлып,
өзі өлтіріп батырды отырғанын қайғырып?
Не сезеді бұлар деп басынғаны о да елді,
кісі танып кісі боп тағы да алмақ беделді –
сездіргені өзінше майталман-ай дегенді,
ішінен ғой, қанішер, қуанышқа кенелді,
қане, найсап, сайрап көр,
Нарын ұлы неге өлді?
Айт, айт деймін мен саған,
ер неге өлді – не болды?!
Қайқы қанжар жарқ етті туған айдай жаңадан –

оқыс қимыл етті ана,
мән берген жоқ және оған,
жүре берді бұрылып, болмады ешкім тосқауыл,
шөгіп қалған сұлтанды сүйеген жоқ жан-адам.

7
Жуасыды Ақ Жайық:
күн ашылды, жел тымық,
ел де тынды – желікті жігіттерін өлтіріп.
Бәрі тынды, бітті-өтті, бір күнгідей болмады,
бұталарды айналып өтетіндей жел-дағы
жапырақтар сыбдырсыз;
жолда шаң жоқ жым-жыл