Ак, шел жапқан жанардай түк көрмейді ақ аспан,
Түк көрмейді ақ аспан – тағдыр да сол о бастан...
Жаңқа құсап жонғанда борап ұшар ағаштан
қиыршық қар борайды;
ақ толқынды ат, ұлып,
Ақ Жайық пен ақ аспан, бір-біріңді сапырып –
Ақ-боз мініп шықты, әне, жалғыз батыр ақырып:
ақыртып бір жырласаң, міне, саған тақырып!
Дауыл үдеп ақ түтек,
шаңқылдайды жағада
ақ түтекпен алысып жалғыз ұшқан шағала –
жалғыз еді шағала;
ақ найзасы тақымда,
ақ қылышы қынапта: жалғыз еді ақын да.
Жалын жайып жартасқа
жалғыз ақты Ақ Жайық,
жалғыздардың тағдырын жалғыздарға жалғайық.
жалғыз еді Ақ Жайық,
шұбырған тек толқыны
шаңқан-жібек шарқатын айдалаға желпіді.
Аспан асты айтқанмен атын ауыз толтырып,
ақын жалғыз жортады,
жалғыз еді Ер сол күні.

1
Алғаш жауған қар еді,
ақ боранға жалғасты,
қара шөптің кірпігін қырбық-қырбық қар басты.
Саталданып жауған қар – сақалына жармасты:
сайқалданып ескен жел – етегіне жармасты:
жалғыз жортқан батырдың –
жалғыздығы ед алғашқы.
Ақын жалғыз бола ма –
батыр түскен жол жалғыз,
ер үстінде – ер,
ел, маған ерлер жайлы толғанғыз!
Біреуге өзің ере алмай,
өзің ертпей біреуді,
батыр болып тумай-ақ біз де жалғыз болғанбыз.
Сен де жалғыз болғансың, ұя-жалғыз, үй-жалғыз,
жалғыз-жалғыз үйлердің шай-кесесін құйған қыз,
атын ерттеп ақынның,
тонын қағып толған қыз,
семсері емес, серіктің септігіне иланғыз,
сертке туған ерді – елдің көптігіне иланғыз:
Кісі ерт десе – кіді жан санап қалып мұны да ар,
қыз айтпаса батырдың – тыңдамайтын жыны бар.
Тыңдамады қызды да ол,
одан енді не пайда,
кейде қыңырлықты да
ел батырлық деп атайды, ә?
Тәуекелге бас, батыр,
ақын басы, бат ойға –
тағдыр қатал онсыз да,
Қатайма, жел, қатайма!

Ақ қылау ед баста қар –
ақ боранға жалғасты, ал,
салып жатқан секілді әлдеқайда албасты ән,
ұлып кетті бұталар албасты-әнмен арбасқан.
Атып шығып бір жігіт жер кепеден қар басқан
жалғыз жібермеймін деп шылбырына жармасқан:
– Болат болам – суарсаң,
бауыр болам – жібітсең,
атқосшыңа жараймын, –
деп жармасты жігіт сол, –
нөкер болам ақынға,
әрі серік, әрі атшы,
мезгіл, мені қайта ту – атшы қылып жаратшы!
Батыр емес,
Жапанда жалғыз жортар қарақшы.
Қарақшының, хақ, мені қасына ертіп жаратшы!
– Мен бір қатал адаммын
Қасыма ерме – тас етем,
қара тастың өзімен бәсекем бар, бәсекем,
қаталдықтар жөнінен, қайсарлықтар жөнінен
мына сертті сапарда серік етпен сені мен:
балаларың – шикі кіл,
келіншегің жас екен!
– Бір тілегін бере гөр,
әрі шәкірт, әрі інің
аяғына жығылды:
жаман ырым – жаңа ырым
жалғыз жорту жігітке;
қаңғырып көп ерейін,
аһоу десең – жаныңа жаңғырық боп ерейін,
бір тілегім бере гөр, жалғыз атты Тәңірім!
Талайымыз бір аға,
сен таппасаң бақ-бағым,
мен елімнен пана етер бұйра-бұта таппадым.
Жел жағымыз жалаңаш – орман қайда қап-қалың,
Халық қайда кешегі – білмеймін кім атқанын! –

Тебіренді жыршысы, ал,
жылай жаздап тұрды сәл,
кеудесіне жігіттің құлай жаздап тұрды сәл.
Іште – дұшпан,
сыртта – жау, тарқамады-ау бір құсаң,
қадаласың қай жауға ақ жебе боп ырғысаң?!
Жасып тұрды жанары жылымданып бір ауық –
шарт сынатын шар-болат – шал болды ма
жылауық?!
Балқитұғын бал құсап – бастап кетсе дана ақын,
батырлығы бастаса – тас боп қата қалатын.
Тез ысыса, тез суып – тас та жарылар аһ ұрып,
Физикалық заңдардың ең ескісі дейді осы,
әлгі жолаушының да тілкем-тілкем кеудесі:
ақындығы – жылытып,
батырлығы – қатырып.
Тұңғыш мәрте қарады ол әлденеден қауіп қып,
түбін шапқан ағаштай қалды бір сәт ауытқып:
– Ағаштың да күз ұрса, –
жапырағы өлер, басы өлер
Алла разы, жігітім, жылы ұяңды баса бер,
құдай сені о баста жаратыпты тауық қып.
Бәрі жалғыз жігіттің – мақсұты алыс болса егер,
алыстарға адам тек жалғыз ғана жол шегер,
топпен барар – той емес, ерегес көп, ерегес,
семсер ілгеннің бәрі серік іздер сері емес,
елім, елім деп босқа езулеме, еңселі ер,
қалсаң ғана хан жақта – қайратыңа ел сенер.
Қоғалы көл – ылайлы, қарғайды о да құдайды,
бақыт емес, көп жұртқа қырсық ер боп өскенің
сордың өзін – болса артық –
кешірмейді кеще елің!
Бар бол, жігіт,
басыңды кем тұтпаймын кеш, інім,
мен – кесірлі кісімін, тиіп жүрер кесірім!
– Бағым болсын қырсығың, бағытыңа бас, аға!
– Қой, қой, бала, аман бол, ақымақтық жасама!
Бұлттар қамап жан-жақтан,
батып-шығып сасқанда
ай да жүзін жаниды қара қайрақ-аспанға
қайралып ал әуелі, ит қапты деп қашпа алға
тауық болар қыран да жұмыртқасын басқанда:
саналыдан сауқат бер,
саумал жұтқыз биеден –
базарыңды қоя тұр – балаларға ие бол.
Қылышыңды қырлай тұр, –
кегіңді ұмыт, киелі ер, –
бір күн қайтып келемін,
сонда саған сүйенем!
– Майда құм да қатал ұл туады екен, апыр–ай,
қырсығыңды, тым құрса, қимадың–ау,
батыр-ай.
ел қорғауға татитын туып алып ер ұлды,
ез ел болып жүрмеңдер қорғалуға татымай! –
Ақ боз атқа тақымын ақын қағып үлгірді,
тақымымен ат баурын қара дойыр бірге ұрды.
Жігіт – қазық басында
қатынша еңіреп “бүлдірді”,
уысында... қалды ұстап қылыш қиған шылбырды.

2
Үзік-үзік жайларды жалғай алмай бір адам,
жамау-жасқау ой кешті одан-бұдан құраған.
Екі ғұмыр секілді өзінің кешкені,
екеуі де – бос бейнет:
есті етем деп кещені,
ер етем деп ездерді тарыққан жан өстеді –
елін алад есін