Жираф деген жануар,
жануардан не түрлі
қырық құрап жасаған папурий-ән секілді.
Табиғатты қанша бай,
қанша жомарт десек те –
сол жирафтың құйрығын алған дейді есектен.
Мойын жағын түйеден сұрап алған секілді,
сөйтіп, жоқтан бар ғылып құрап алған деседі.
Антилоптан алыпты сирақтарын ұп-ұзын...
Шықпай қапты сонда-да табиғаттың есебі:
жасағанмен көп құрап жануардан түр-түрлі
түйеге ұсап, тым құрса, білмейді екен үркуді.
Мәңгүрт екен өзі аса,
сезінуі тым әлсіз,
сезінбеген сайын да сенеді екен күмәнсіз.
Ондайларға тегінде азуы бар жұрт құштар,
арт жағынан азуды салады екен жыртқыштар.
Аңғырттығың – түк емес,
мәңгүрттіктер қиын, ә:
жеп біткенде бөксесін – жетеді екен миына.
Мына азулы әлемде құрымаса бұл әлі,
ұқсағаннан шығар-ау құр-аттарға құлағы,
ұқпаса да ештеңе – қайшыланып тұрады.
Жаратқанның есепке...
Жаңсақтығы кінәлі,
Бас пен Дене арасы алшақтығы кінәлі.
Жеп тауысса Денені,
не бітірер Бас ойлап –
Саваннада сондықтан тістілер жүр масайрап.
Табиғат па,
тағдыр ма – кім ед сені жасаған,
кім де болса – бәрібір
жасаған-ау мас адам.
Бұ заманда есепке есек жүйрік десек те,
құйрық емес, меніңше, миыңды алған есектен.
Жылқы-құлақ – құлағын,
жаман құлақ емес ол,
бөтендігі бәрібір білінеді демесең.
Қырық құрау тіршілік, бас аяқты, бас, талас,
денесі үшін басқаның ауырмайды басқа Бас.
Сонда өзіңде не қалды?
Танымас ед жан адам
сырт теріңді сылып ап қоя берсе далаға.
Жан иесін тірлікке икемі жоқ,
жоқ ебі,
ебі барлар есек қып ермегіне жегеді.
Қайғы емес-ау ол да онша,
шын пейілмен толғанса:
есек-күйбең болған жөн,
жираф-биік болғанша!
Қаңқиған дос,
өмірде кетті сенің мықты есең,
бас имесең, тірлік жоқ, тізеңді сәл бүкпесең.
Шын қасірет, қасірет, қасірет-ау, шамасы
алшақ болса осынша ми мен қарын арасы?!
Жүйке-сезім ұзақ жол, ұзақ сапар жасады-ау,
қарыныңның қайғысын ойлау үшін Бас анау.
Р. S.
Әлхисса, бір оқиға келтіретін күлкіңді:
Жираф ойлап тұрғанда қайтып,
қалай үркуді,
түземек боп ветврач табиғаттың көп мінін,
Бас – білсін деп, тым құрса,
қарынының тоқтығын,
қашықтықты «қысқартып»
қайшылықты «жойыпты» –
Басын кесіп Жирафтың қарны үстіне қойыпты!
1983