Көсілгенде – көсемсің,
тілің жорға тайпалған,
есек жуып жүрсең де – есерсің деп айта алман.
Жерідім тек тұлғаңнан жылтырлығы байқалған –
әй, майталман, майталман!
Елпілдей бер сен қанша,
енді саған бұрмайды іш,
тұшымаса көңілің – ашиды екен тіл байғұс?!
Сенің тілің секілді әртіс емес тіл менде,
тіл де – әртіс қой,
тірлікті – сахна деп білгенге.
Сен ойнап ең ролін азаматтың бір мықты,
шымылдығың жабылды,
қой-қой, енді түрленбе.
Кішірейдің бір мықтап: кісі құнын білдің сен,
Сатпас едің әйтпесе;
дүние қуып бір кірсең,
шығу қиын қайтадан – базар білем бұл әлем,
арқасында сендейдің – азар білем бұл әлем.
Аздырып ап рухын – түзетемін дегендер
дерт жамайтын секілді,
дәрі қайда оны емдер!
Қате емес ол түзейтін – қылмыс дегім келеді,
жазалау жөн қылмысты –
түзелмейді ол себебі.
Менікі, рас, қателік – енді түзей бастасам,
түзету сол қатемді:
саған сенбен ешқашан!
Темір емес тот басар,
кір-кір екен бетіңіз –
қиып түсер құлқың жоқ,
қырың бірақ – екі жүз.
Жарқылдап-ақ бақ, байғұс,
жанып-ақ кет сен мейлің,
қызуыңды сезбесем – жанғаныңа сенбеймін.
Жылт еткенді – жылу деп сенсең бола бермейді,
екі жүздінің бәрі – семсер бола бермейді.

1983