Ұзақ жолдан жиреніп,
құлазыса көңіл-күй:
баласы бар үйге бір
таңдап түсем мен ылғи.

Сүйемін кеп асыға,
иіскеймін жәй таппай
бір баланың басынан,
шешесіне байқатпай.

Жұлқынады жүрегім,
мен көнбей өз ырқыма:
жылап жатса біреуі —
жұбатпақ боп ұмтылам.

Қонақпын деп жарбиып
төрді алғанмен, бүкіл бұл,
балалы үйдің барлығы
өзім үйім сықылды.

Дастарқанға мөлиген
көз жоқ бүгін, бай бүгін.
Тек баласы жоқ үйден
шығасың да қайғырып.

Қайтқан жөн-ау тыңайып
үйден кетіп тағы бір,
білу үшін, жылауық
өз ұлыңның қадырын.

1969