Командировка мені сүйреп кетті,
паровоз түтін биін түйдектетті.
Шешеңе жұма жуар кір дайындап,
қырғыш қылып қайтармын бүйрек-бетті.
Аяқ киім ауыз-үйде араласып,
шарап тасып жүрмеңдер, тамақ асып,
Кимесін кебісімді біреу келіп.
біреу кеп қолжазбамды қарамасын.
Ертек айтып, журналдан сурет кесіп,
отырыңдар шешеңмен құрметтесіп.
Сүлгім қалды ілулі «ванныйда»,
біреу келіп қол сүртіп кірлетпесін.
Енген кісі есікті сұрап ашып,
тым еркіндеп кетпесін сынағасын:
кілті жоқ деп шкафтан кітап ұрлап,
домбырамның құлағын бұрамасын.
Қашан келем, білмеймін, айлап кеттім,
мұз сықылды уәдем тайғақ боп тұр.
Бір серт пенен бар еді бір сенімім,
соны есікке күзет қып байлап кеттім...
1969