Келеді ағып... жылдамдық еді қандай,
көкжиекке біз қазір соғылардай.
Терезеден айнала қарай-қарай,
талай қырды қалыппыз абайламай.
Арал-теңіз дей ме анау ағарғанды,
көкжиекке сүйелген шар айнадай.
Құбылады маң дала не түрге еніп,
қарсақ қашты құлақты, кекілді елік.
Ақ құлақшаға оралған сым шарпысып,
бағандар мен бағандар тұр тартысып.
Қылт-қылт желіп олар да шығады алдан –
шұбарытып барады мына жалған,
Тез жүреді бұл поез, тез жүреді,
жүрек неткен тездікті сезгір еді.
Кейде дала кеңдігі қызықтырса,
жолдың ұзақ-ты-ғы тым бездіреді.
Жылдамдықпен түйгенбіз жанды бірге –
доңғалақтар дүбірле, ал, дүбірле!
Тым асығыс келеміз тым асығыс,
өйткені біз барамыз алғы күнге!
1963, 1982