Ойланудан шығар-ау басы қатып,
ақынның атануы жасық ақын.
Жасимыз, тұнжыраймыз,
жатырқаймыз,
бала боп көрмегендей асық атып.

Туғандай ой боп бірден,
«екіндіміз»
таянған кісі құсап кетіп жүрміз.
Қарындасқа қырындап кештіғұрым,
бойдақ боп та көрмеген секілдіміз.

Бір көйлек екі көзді сегіз қылып
жүруші ек,
бізді ана емес, емізді үміт.
Шалбардың қыры кетсе – қайғы қазір,
ғұмыры көрмегендей өгіз мініп.

Ойланбай қарамасақ ештеңеге,
шығар-ау қонғандықтан кештеу өнер.
Бүгінгі молшылықты көрген сайын,
кешегі тапшылығың еске келер.

1967, 1982