Ыстық тілген еріні... тікен тескен тізені
бүкті қашқын,
жығылды топырақты сүзе кеп.
Қайдан шыққан бұл адам – айта алмаймын,
әйтеуір,
көкжиектің қалыпты ар жағында ізі оның.
Неге ғана құлады – айта алмаймын оны да,
сүрінсін деп мен оның жіп кергем жоқ жолына,
Құлады ол жалп етіп – шаршаған-ау, ай тегі,
(Мен де сөйтіп құлар ем – шаршамасам қайтемін)
Содан кейін... ыңырысып құлаш жерді қысты кеп,
қышқаш дерсің қолдарын – жоқ, одан да күштірек.
Бүріп алып иіскеді бір көденің түбін ол,
иіскегендей жарының қос бұрымын түбінен.
Алақандай жерді сол сүйді бір сәт пысынап,
кеберсіген еріні тас қиқымын қысып ап.
Көзін тас қып жұмды ол – дұрыс болса шамалау –
адам, сірә, ләззатты көзін жұмып табады-ау,
Екі бетін шаң басқан – екі тамшы жас тіліп,
екі бетті төрт бөліп ағып түсті жақсы үміт –
әлденені тапсырды;
жаны кетті.
сол жаңағы көдені маңдайымен бастырып...
Жатты енді
Дәл осы сәт қуғыншы...
төзе алмасаң – тілді кес,
әр екі қол – бір-бір ит, әр кеудеде бір крес.
Өліп кеткен ер жанды – өлтірмек боп тағы да,
өлікті емес, ол жатқан – жерді тепті жабыла –
жырынды ғой жау деген – сескенбес ед жау да аса,
жетіп өлер жігіттің топырағы болмаса...
1967