Тағдыр оған берді-дағы домбыра
қалды кенет өзі керең болды да.
Тағдыр оған жолын берді,
ерлеген
сол жолға өзі жатып алды көлденең.
Тағдыр оған намыс берді масқара,
масқара ғып билік берді басқаға,–
намысты ұлдың тауыссын деп зердесін,
қамыс құрлы жанышсын деп ерді есіл.

«Құдай» оған тұлпар берді, мақтаныш
арқан керді тұрған кезде шапқалы.
Дос та берді – көріссін деп ай аспай,
жау да берді – алыссын деп аяспай,
келіпті оның жүз досына мың жаудан,
бірақ бәрі бір бопты күй тыңдауда.
Пәнде ғұрлы көрмеген соң басқаны,
«Құдай» да ақыр ептеп күндей бастады.

Жаратушы жаңылып-ақ бітті ғой,
жасағанның қатесі де – мықты ғой:
жолына оның жатпаса ешкім көлденең,
болмас еді мұнша биікке өрлеген.
Домбырадан қорыққаннан бұраулы,
аяққа емес, қолға салды бұғауды.
Сол бұғауды күшті қолға салмаса,
тәңір күші көрінбес ед елге аса.
Құрекеңе бұғау «сиқыр жүзіктей»...
Ұлылардың бақыты да қызық қой.

1967