Қызығам:
тау үстінен алтын арай
Түскенде көлге сырғып қалтырады-ай.
Көтеріп көк етегін күн келеді,
Тау қары қалай жатсың жалтырамай!

Қызығам:
төзбесе тас балқымасқа,
Менімен жұрты бірге, салты басқа.
Алдынан ақыл-ойдың шыға келді.
Алатау ақ қасқа емес, алтын қасқа.

Не шара сұлулыққа талпынбасқа,
Кеудеде сұлулықсыз жан тұрмас та.
Қара көз дөңбекшиді малтып жасқа,
Көңілде – ой, алда – сурет, ән тұр баста.

Қиялды қызықтырып құлақтағы үн,
Өргіздім Алатаудың бұлақтарын.
Дүниеде қанша сурет болса дағы
Келеді дәл осыған тұрақтағым.

Қызығам:
табиғаттың көркеміне,
Осын-ау тірі тұрған ертегіге.
Төсіне бала таудың бұлттан сырып,
Өз қолым жапқандайын көрпені де.

Қызығам:
тұнық сурет бұзылар ма,
Әлемде суретшінің ізі барда.
...Әр затқа көңіл шіркін қызығарда
Көк бүршік – боп көрінер қызыл алма.

1961